Төбелес тағы да әдеттегі дау-жанжалдан басталды. Осылайша, жыл басынан бері елімізде қатардағы тұрмыстық жанжалдың этносаралық сипат алған бірнеше оқиға тіркелді. Алайда ресми түрде тұрмыстық кикілжіңге балағанымызбен, мұндай оқиғалардың астары тереңге кетеді. Талай жыл бойы қойы қоралас, ауылы аралас отырған қауымдар неге ұлтқа бөлініп шыға келеді? Бұл өзі қоғамдағы наразылықтың бір формасы емес пе? «Арандатушылар бар» деп жиі айтамыз, олардың атын атап, түсін түстеп бере алатын кім бар? Айта берсе сауал көп. Ал біздің «неге тұрмыстық жанжал ұлтаралық сипат алады?», «арандатушылар бар деген рас па?» деген сауалымызға зерттеушілер жауап берді.Айгүл СӘДУАҚАСОВА,
әлеуметтану ғылымдарының докторы:
– Тұрмыстық жанжал деп адамдар арасындағы күнделікті өмірдегі шаруашылыққа, жеке өмірге байланысты түсініспеушілік жағдайды айтамыз. Ал егер неге этносаралық сипатқа ие болады дейтін болсақ, көбіне біз тұрмыстық жанжалды эмоциямен қабылдаймыз. Жанжалға қатысушылардың қандай этнос өкілі екені белгілі болған сәтте оқиғаны тіптен жанымызға жақын көреміз. Бұл жерде көптеген жағдайлар, қақтығыстар қоғамдағы әділетсіздіктен, түрлі игіліктер, атап айтқанда денсаулық сақтау, білім беру тәрізді саладағы мүмкіншіліктер халыққа қолжетімді болмаған кезде, экономикалық жағдай нашарлағанда пайда болады. Мұндайда этнопсихология бойынша адамдар өзінің этникалық сипатын алға тартады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мобилизация жасауға таптырмас ұран болады. Сондықтан көбінесе өзінің мұқтажын, қажетін өтемек болған тұлғалар этникалық болмысты алға тартып, соны жамылып өз мүддесіне қол жеткізуге тырысады. Мұны болдырмас үшін қоғамда әділ сот, заң үстемдігі орнап, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек салаларында адамның нәсіліне, діни сеніміне, ұлтына қарамай, тек азаматтық құқығына басымдық берілуі тиіс. Бұл біздің Конституцияда нақты жазылған. Сондықтан заң алдында барлық азаматтың тең екені алға шығуы керек. Заң үстемдігі орнамай, азаматтардың Конституция бойынша тең екенін қоғам толық түйсінбей тұрып, біз адамның эмоциясына негізделген әрекеттен құтыла алмаймыз. Ал эмоция бар жерде, саналы әрекет болмаған жағдайда дау-жанжал ешқашан тоқтамайды. Сондықтан заң үстемдігін қамтамасыз ететін құқықтық органды реформалау жүйелі жүргізілуі тиіс. Иә, оларда реформа басталғаны туралы айтылған, бірқатар шаралар да қабылданып жатыр. Бірақ реформалар қалай жүріп жатыр, қандай жеміс беруі мүмкін екені жайлы дерек жоқ. Мемлекеттік басқару жүйесіне де реформа керек дедік. Президент те нақты тапсырма берген. Алайда оның қалай жүргізіліп жатқаны белгісіз. Жалпы, заң үстемдігі мен әділет орнамай тұрып кез келген тұрмыстық кикілжіңді этносаралық сипатқа бұрып әкету жалғаса бермек.
Айдар ХАМИТ,әлеуметтанушы:
– Бұл жерде мәселені бірнеше салаға қатысты қарастыруға болады. Саяси, мәдени, әлеуметтік деп жан-жақты қарастыруға болады. Әлеуметтанушы ретінде қарастырар болсам, бұл жерде біз «тұрмыстық жанжал» деп ресми ғана беріп отырмыз. Іс жүзінде мұндай жағдайды бұқараның елдегі ұлттық, этносаралық саясатқа белгілі бір мөлшерде наразылығы деп бағалаған дұрыс деп есептеймін. Егемендік алғаннан бері Қазақстан моноұлтты қоғамға айналып келе жатқанын мойындауымыз керек. Қазақ қоғамы бірте-бірте бірегейленіп, тілімізге, дініміз бен мәдениетімізге қатысты көзқарасымыз өзгеріп, олар жаңғырып, бұқара оянып келеді. Яғни, біз БҰҰ классификациясы бойынша моноұлтты мемлекетке айналатын елдер қатарына қосылып кетуіміз мүмкін. Сондықтан тұрмыстық кикілжіңдерге ұлтаралық астар қосылып кетуі бұдан былай қалыпты дүниеге айналып кетуі ықтимал. Мұндайда мемлекет құраушы ұлт ретінде де еңсе тіктеуге деген ұмтылысқа эмоция араласады. Ал биліктің, масс-медианың қазақ ұлтының мүддесіне қатысты мәселелерде сылбыр қимылдауы азаматтардың этностық сипаттағы кикілжіңге баруына әсер етуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, полиэтносты қоғам құрамыз деген бағыттан бас тартатын кез келген тәрізді. Өйткені әлемде полиэтносты қоғам құру стратегиясының дәуірі өтіп барады. Одан бөлек, дағдарыс кезінде этностық белгілерді алға тартып, эмоциямен ұран салатындар кездесетінін де жоққа шығармауға тиіспіз. Ал арандатушылар мәселесіне келсек, олардың нақты әрекет жасап жүргеніне біздің көзіміз жеткен жоқ. Бәлкім, құқық қорғаушыларда тиісті дерек болуы мүмкін.
Бектай ОРМАН,
әлеуметтанушы:
– Біз біраз уақыттан бері бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында әлеуметтік зерттеу жүргізіп келеміз. Өзге өңірдегі зерттеулермен де біршама таныспыз. Сол зерттеулердің қорытындыларына қарасақ, еліміздегі этносаралық ахуалды тұрақты деуге болады. Қазақстанда бір этносты қолдап, басқаларының құқығын кемсіту көрінісі жоқ деуге толық негіз бар. Азаматтарды толғандыратын қоғамдық, әлеуметтік мәселелердің ішінде де ұлтаралық ахуал тұрғындардың өте аз бөлігін ғана алаңдататыны байқалады. Қалыпты жағдайда еліміздегі түрлі этностар бір шаңырақтың астында қиын жағдайда бір-біріне көмектесіп, қойы қоралас болып өмір сүруде. Дегенмен тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңнің этносаралық сипат алып кететін тұстары кездесетінін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, мұндай оқиғалар түстікте жиі байқалып қалады. Біздің пайымдауымызша, ұлтаралық қатынастардың нашарлауына азаматтардың тұрмысы тікелей әсер етеді. Азық-түліктің қымбаттауы мен кірістің төмен деңгейі, жұмыссыздық, жемқорлық және тағы басқа қосымша факторлар ұлтаралық қатынасқа кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі таңда технологияның дамуы, интернет арқылы ақпараттың тез тарауы кейбір мәселелерді ушықтырып, адамның сезіміне қатты әсер ететін деңгейге жетіп отыр. Кездесіп жататын тұрмыстық кикілжің түрлі этнос өкілдерінің арасында туындаған жағдайда ақпарат құралдары, кейбір азаматтар мәселені ушықтырып жібереді. Сол себепті тұрмыстық келіспеушіліктен туындаған кикілжің кей жағдайда ұлтаралық сипат алып жатады. Сондықтан болған оқиға жайлы тез арада мәлімет таратып, шынайы ақпараттың берілуі тұрмыстық кикілжіңнің этносаралық сипатқа ие болуына мүмкіндік бермес еді. Алайда дәл осы мәселеде көптеген қателіктерге ұрынып жатырмыз. Әлі күнге ақпаратты дер кезінде тарата алмай келеміз. Соның салдарынан бір ауылдағы екі этнос өкілі өзара сөзге келіп қалса да бірден ұлтаралық сипат берудеміз. Бұл жерде кикілжіңді этносаралық сипатта қабылдайтын бұқара екені ескерілуі керек. Билік оқиғаға өзгеше қырынан қарайды. Сонымен қатар кейбір жағдайда белгілі бір этнос өкілдерінің шоғырланып отыруы да тұрақсыздыққа әсер етіп отыр. Ол тарихи фактордың әсерінен туындап отырған жағдай, бұл өз кезегінде қарым-қатынастың өз дәрежесінде болмауына себеп болуда. Түрлі этнос өкілдерінің қарым-қатынасын әлі де арттыру бағытында жұмыс атқарылуы керек. Ал арандатушыларға келсек, арнайы мақсатпен арандататындар бар-жоғын құқық қорғау органдары анықтауы тиіс. Зерттеуші ретінде өз басым арандату сипатындағы ақпараттың таралуына азаматтардың эмоциясы әсер етуі мүмкін деп болжаймын. Қолымда арандатушыларға қатысты нақты дерек жоқ.