Педофилдер картасынан көршісін таныды
Педофилдер картасынан көршісін таныды
346
оқылды
 

«Педофил түзелмейді түрмеден шыққан соң баяғы әдетіне басады...»

Бас прокуратура іске қосқан педофилдер базасын infopublic.pravstat.kz және qamqor.gov.kz сайтынан көре аласыздар. Еліміз бойынша кәмелет жасына тол­маған балаларға қарсы жыныстық қолсұғушылық қылмысы бойын­ша есепке алынған педофилдер саны – 2 800. Оның 1 600-і түрмеде жазасын өтеп жатыр. Педофилдер базасында небәрі 217 қылмыскердің суреті мен тұрғылықты жері көрсетілген. Сонда қалғаны қайда жүр? Педо­филдер картасында сот­талғандардың ең жасы – 18-20-да болса, ең кәрісі – 77 жастағы қария. Жапа шеккен балалардың ең кішкентайы – 2 жаста. Енді мына «қызыққа» қараңыз, базадағы ақпаратқа сенсек, осы күнге дейін сотталған педофилдің көбі Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 121-бабы, 122-124-баптары бойынша сотталған. Мысалы, 47 жастағы қылмыскер 8 жасар баланы зорлап, 4 жылға бас бостандығын шектеу үкіміне кесілген?! Ол – ол ма, тіпті 13 жастағы жасөспірімді зорлаған қылмыскер 1 жыл бас бостандығын шектеу үкіміне кесілген... Мұндай мысал жетіп артылады. Мәжбүрлі химиялық кастрация туралы заң 2018 жылы қаңтар айынан бастап күшіне енген еді. Бұл шараны базадағы біраз қылмыскерге қарсы қолданып үлгерген. Базаны шолып көрсеңіз, 10-15 жылға сотталғандардың саны кемде-кем. Есесіне, про­бациялық бақылауда болып, бас бостандығы шектелгендер көп. Яғни, «күні бүгінге дейін түрмеде отырмағандар елдегі осы қылмыс түрінің өршуіне әкеп соққан жоқ па?» деген заңды сауал туындайды. Жаңалықтарды шолып көрсеңіз, «Ақтөбеде педофил ұсталды, бұрын сотталған, Шымкентте педофил ұсталды, бұрын сотталған» дегендей ақпараттан көзіңіз сүрінеді. Яғни, егер педофилдер қатаң бақылауда болса, мектеп, балабақша, балалар алаңқайының маңында тұруға ғана емес, жүріп-тұруға қатаң тыйым салынса, тіпті өмірбақи бас бостандығынан айырылса, бұл қылмыстардың бәрінің алдын алуға болар ма еді... Қоғамдық бақылау да кемшін. Балалар алаңқайында жүрген ата-аналар да сырт көзге күдікті көрінген адамдарды байқаса, полицияға хабарласа бермейді. Бұл жағдай алаңдатады. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тиісті заң қатайтылды. Заң қатайды дейміз-ау, шынтуайтында әлі де әділетсіз үкімдер шығып жатқанға ұқсайды. Мәселен, infopublic.pravstat.kz сайтынан алынған дерекке қарағанда, 77 жастағы қария 5 жасар балаға қарсы қылмысы үшін 2019 жылы сотталған. Қылмыстық кодекстің 124-бабымен жазаға тартылған. Жазасы – 5 жыл бас бостандығын шектеу. Яғни, сырт көзге бейкүнә қариядай көрінетін педофил әлі ел ішінде жүр. Жақында танымал журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желіде базадағы педофилдердің суретін жариялаған еді. Таны­мал журналиске көптеген хат­тар келіп, оның ішінде педофилдердің түзелмейтінін айтып, тіпті көрші­лерін таныған азаматтар жанайқайын жеткізген. Гүлмира Әбіқайдың Facebook парақшасында жарияланған хатында Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Алға­бас ауылының тұрғыны былай деп шағымданады: «Ермек деген азғын ауылда қораның аяқ жағында тұрады. Қамалғанға дейін ауылдағы көп үйді тонап, ұрлық жасаған. Бірақ сол ауылда бір рудың адамдары болған соң, оны кешіре салған. Ең соңында менің сіңлімді зорлаған айуан... Қазір жазасын өтеп, ауылда жүр. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген,  9 жыл түрмеде отырса да, ешқандай түзеліп шыққан жоқ»  деп, ағасының кішкентай қыздарына алаңдайтынын білдірген. Хат иесінің жазуы бойынша, жазасын өтеп келген қылмыскер ауылдағы үйлерге әлі де ұрлыққа түсіп жүр екен. Бала зорлаған қауіпті қылмыскердің ішкі істер органдары бақылауынан тыс қалып тұрғаны тағы алаңдатады.  

Өлім жазасы керек пе, жоқ па?

Бүгін әлем елдері педофилдерге қарсы қатал шара қолданады. Қазақстанда енді енгізіліп жатқан ноу-хау – химиялық кастрация Батыс елдерінде бұрыннан бар. Тіпті, Германияда 1969 жылдан бастап ерікті түрде хирургиялық кастрацияға рұқсат етілген. Ал АҚШ-тың әр штатында әртүрлі жаза қолданылады. 1996 жылдан бері Калифорния штатында химиялық кастрацияны жүзеге асырады. Қылмыскерлер жазасын өтеп шыққаннан кейін шектеу шарасына тап болады. Американың көптеген штатында кәмелет жасына толмағандарға қарсы жасаған қылмысы үшін сотталған адамдар мектеп, бала­бақша маңында тұра алмайды. Балалар алаңқайы, мектеп автобустарының маңына да жо­лай алмайды. Олардың суреттері интернет желісінде ашық  жарияланады. Сондай-ақ АҚШ-та педофил түрмеден шығып, үйіне оралса, полиция маңайдағы барлық көршіге «жақында қылмыскер босап шықты, ол сіздің көршіңіз» деп ақпаратты жария етуге міндетті. Америкада «Ақпаратың бар ма, яғни қаруланғансың» деген ұстаным бар. 2016 жылдан бері Индонезияда полиция бақылауында болуы үшін педофилдерге микрочип енгізу бастамасы көтерілген. Бұл да тың жаңалық емес. Себебі АҚШ-та мұндай шара бұрыннан қолданылады екен. Егер педофил мектеп, балабақша алаңқайына кірсе, бұл туралы полицияға бірден мәлімет жетіп, қылмыскер дер кезінде тұтқындалады. Қыл­мыскерлерді қашықтан бақылау бастамасын посткеңестік елдердің криминологтері талқылап келеді. pedafil 1 Мұндай қатал шаралардың қолданылуын танымал заңгер-ғалым, профессор Есберген Алау­ханов та қолдайды: – Біріншіден, мұндай қыл­мыстың алдын алу үшін құқық қорғау органдары қылмыскер жазасын өтеп шыққан соң, оны ерекше бақылауға алуы керек. Екіншіден, олардан сақтану жолдарын әлемдік тәжірибеден алуымыз қажет. Қайта сотталған жағдайда заңда көрсетілген қатал жазаны неге қолданбасқа?! Сонымен қатар  заңда көрсетілген химиялық кастрацияны жүзеге асырып, бұл қылмыскерлерге аяушылық танытудың қажеті жоқ. Қатал заңды қолданғанда ғана бұлардан құтыламыз, –  дейді. Есберген Алауханов қоғам талқылап жатқан «педофилдерге өлім жазасы қажет пе, жоқ па?» деген сауалға былай жауап береді: – Әрине, кейде қоғамда «бір адамға бола өлім жазасын қолданамыз ба?» дегендей са­уал туындайды. Олай деуге бол­мас. Қажет болса, заңды қатайтып, өлім жазасына кесу жолдарын да қарастыру қажет. Бұларды ішкі істер саласының қызметкерлері ұдайы бақылауда ұстап отырмаса, жағдайдың бұдан да ушығып кетпесіне кім кепіл? Бұл – жаман ауру. Бұлар әбден моральдық тұрғыдан азғындап, адамгершілік шегінен шыққан адамдар. Өкінішке қарай, дәл осы қылмыс түріне өлім жазасы жоқ. Өлім жазасы енгізілсе, қылмыскер баланы өлтіріп қояды деп қорқудың қажеті жоқ. Бұл бап Қылмыстық кодексте арнайы көрсетілуі керек, – деп ойын түйін­дейді. Шетелдік БАҚ-тың мәліметіне сенсек, Қытай, Латын Америкасы, Африка, Таяу Шығыс елдерімен қатар, Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, Оңтүстік Кореяда педофилдерді өлім жазасына кеседі. Германияда өлімге әкеп соққан зорлау қылмысы үшін сотталушыны өмірбақи бас бостандығынан айырады. Қазақстанның педо­филияға қарсы заңдары Ресей заңдарымен ұқсас. Бұл тұрғыдан қос елде де қолданылатын хими­ялық кастрация шарасына сенім­сіздікпен қарайтындар көп. Біріншіден, Қазақстанда еркектің гормоны – тестостеронның бөлінуін бәсеңдететін пре­парат­тың тиімділігі әлі дәлел­денбеген. Екіншіден, жемқорлық дендеген заманда қылмыскердің медперсоналмен келісіп, арнайы екпені салдырмай қоймасына кім кепіл?! Пандемия кезінде ауруханаға түскен дәрілер сауда­ланып жатқан заманда кейбір арсыздардың педофилдермен де келісімге келмесіне сенім бар ма?! Жалпы, химиялық кастрацияның тиімсіз тұстары жоқ емес. Мәселен, Қазақстанда педофилдерге қарсы қолданылатын препараттың нұс­қаулығын қарап шыққан едік. Онда «Дәрінің күшін арақ-шарап бәсеңдетеді» делінген. Соған қарамастан, адам құқығын қорғаушылар бұл дәрі адамның бауырына, бүйрегіне кері әсер етеді деп дабыл қағып жүр. Ал бесіктен белі шықпай жатып, бақытты балалық шағы күйреп, психикасы бұзылған балалар құқын кім қорғайды екен?! Статистикаға сенсек, «толе­рантты қоғам, қылмыскер жағ­дайы» дегендей ұрандарды жиі айтатын елдерде педофилия қылмысы өршіп тұр. Есесіне, өлім жазасы қолданылатын мемле­кеттерде кәмелет жасына толмаған балаларға қарсы қылмыс еселеп азайған. Мамандар бұл тәжірибені зерттеп-зерделеу қажет деген ойда.  

KamshatКәмшат ТАСБОЛАТ