Ипотека нарығындағы рекорд жаңара ма?
Ипотека нарығындағы рекорд жаңара ма?
204
оқылды
 

Жиналып қалған өтініштердің үлесі бар

Иә, біз жоғарыдағы сұрақты неге қойдық, себебі екінші дең­гейлі банктер  былтыр сәуір айында айдың-күннің ама­нында, пандемия туралы әң­гіме айтылмай тұрғанда 4 ай­дың ішінде 200 млрд теңге ипо­текалық несие беріп, рекорд жа­садық деп жар салған. 200 млрд деңгені төрт айға бөлгенде әр айға 50 млрд теңгеден түседі. Бұл үлкен жетістік саналды. Ал биыл ше? Қазақстан риэлторлары бі­ріккен қауымдастығының же­тек­шісі Лариса Степаненконың дерегінше, коронадағдарыс баспана сату мен сатып алу на­ры­ғына кері ықпал етіп отыр. Мысалы, төтенше жағдай ен­гізілген соң, сәуір айында бас­пана сатып алу мен сатуға қа­тысты 5 211 шарт қана жа­сал­ған. «Бұл – өте төмен көрсеткіш. Төтенше жағдай алынып, ка­рантин жеңілдетілген мамыр айында жасалған 17 210 мәміле де аз саналады. Себебі бір жыл бұрын бұл кезеңде бұдан бірнеше есе көп шарт жасалатын. Мысалы, маусым айындағы баспана са­тып алу көрсеткіші мамырмен салыс­тырғанда 2 есе ұлғайды. Ал 2019 жыл­мен салыстырғанда 15-16 па­йызға аз», – дейді ол. Біздің пайым маусым айындағы рекорд көктемде сатып алынуы тиіс баспананы рәсімдеу есебінен жасалған жоқ па дейді. Себебі одан бергі уақытта баспана сатып алуға жұмысы тұрақтылар ғана үміттене алады. Оның үстіне, ипотекамен баспана алу үшін құжаттарды рә­сімдеуге кем дегенде 1 ай уақыт кетеді. Ал баспана мәселесі бойынша сарапшы Дәулет Төлеутайұлының пікірінше, маусымда ипотекалық несие рәсімдеудің көбеюі халық­тың психологиясымен бай­ла­нысты. «Халықтың көбі жалдамалы пәтерде тұрады, олар жұмыссыз қалса да, пәтер иесіне пәтер ақысын төлеуге міндетті. Сондықтан бұл жерде таза психологиялық қа­тынас бар сияқты. Қашанға дейін біреудің үйіне төлей беремін, қашанға дейін біреуді байыта берем деген оймен адамдар жи­наған ақшасының үстіне малы мен алтынын сатып қосып, жетпегенін туысқандарынан сұрап, үй алуға кірісті. Мысалы, менің әлеуметтік желідегі оқырмандарымның ара­сында солай істегендер баршылық. Себебі олар алдағы уақытта жұ­мыссыз қалса, зейнетақы шо­тына тиісті төлем түспейтінін біледі. Ондайда ешбір банк ипотека рәсімдеуге келісім бермейтіні белгілі. Бір айта кетерлігі, банктер бұл мәселеге түсіністік танытты. Жұмыссыз қалғаны үшін алған 42 500 теңге көмек қаржының зейнетақы шотына түскен 4250 теңгесін банк табысы ретінде есепке алды», – дейді ол. Бұл – сарапшы айтқан бір себеп, екінші себебі – пандемия кезінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрмысы төмен отбасыларға арналған, пайыздық мөлшерлемесі 2 пайызды ғана құрайтын «Бақытты отбасы» бағдарламасы, сонымен қатар әс­кери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік органдар қызмет­керлеріне арналған «Әскери өнім» бағдарламасы жұмысын тоқтатқан жоқ. Ұлттық банктің 7-20-25 және «Баспана хит» бағдарламасы да жұмыс істеді. «Тиімді ұсыныс сұранысты арттырды. Сөйтіп, маусымда 85 млрд теңгеге ипотекалық несие берілді. Пайыздық мөлшерлеменің 7,6 пайыз болуы да аталған бағ­дар­ламалардың пайыздық мөл­шерлемесінің төмендігінен», – дейді Дәулет Төлеутайұлы. Оның айтуынша, бұл үдеріс көп адамның баспаналы болуына ықпал еткенімен, баспана баға­сының қымбаттауына да әсе­рін тигізіпті. Астананың сол жаға­лауындағы құны 13-14 млн теңге тұратын 1 бөлмелі пәтер бағасы 15 млн теңгеге өсіп кеткен. Ал жаңа­дан салынатын үйдегі 1 бөлмелі пәтер құны 6-7 млн теңгеден 10 млн теңгеге бір-ақ секірген. Себебі ипотекамен пәтер алған қарапайым халықтың бастапқы жарнасына жиған ақшасы 1 бөлмелі пәтердің бастапқы сомасына ғана жетеді. Баспана бағасының өсіп бара жатқанын риэлторлар қауым­дастығы да мойындап отыр. Се­бебі мемлекеттік бағдарламалар арасында қолданыстағы пәтерге де ипотека рәсімдеуге болады. Бұл екінші нарықтағы пәтердің бағасын үй иесінің белгілеуіне мүмкіндік береді дейді сарапшы.   bank  

Пайыздық мөлшерлеме төмендей бастады

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің дере­гінше, биыл алғашқы 6 айда елі­мізде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 47 мың баспана пайда­лануға беріліпті. Оның 3 700-і мем­лекеттік инвестиция есебінен салынған. Жыл соңына дейін тағы 100 мыңнан астам қазақстандыққа пәтер кілтін тапсыру жоспарланып отыр. Осынша баспанаға ипотека ресімдеу де рекордқа үлес қосса керек. Бір қызығы, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі соңғы алты айда 2019 жылмен салыстырғанда аз несие берген болып шықты. Банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова ҚазТАГ агенттігіне берген сұх­батын­да биылғы маусым айында банк 5 000 несие ғана бергенін, ал өткен жылы дәл осы айда 5 765 несие бергенін айтқан. Мамыр айында 2 мың, ал сәуірде 800-ден астам ғана несие бере алған. Себебі наурыз айының соңынан бастап банктің 14 филиалы карантинге жабылып, 45 күнге жуық онлайн режимде жұмыс істеген. Пандемия ипотекалық рәсім­деуді айтарлықтай баяулатқанын «7-20-25» және «Баспана Хит» бағ­дарламаларынан да бай­қауға болады. Қазақстанның орнық­тылық қоры операторы санала­тын бұл бағдарламалар бойынша ипотекалық несие беру қарқыны мамыр айының соңында ғана қал­­пына келген. Бүгіндері ка­ран­тин басталмай тұрғандағы дең­гейіне жетіп үлгеріпті. Яғни, апт­а­сына орта есеппен 600 несие немесе 4-4,5 млрд теңге беріп отыр. Қор жұмыстың қайта жан­дануы халыққа қыз­мет көр­сету орта­лықтары, нота­риустар, сату­шылар мен құрылыс ком­па­ниялары, банктер жұмысындағы шек­теу­лердің алынуымен байла­ныс­тырады. Себебі наурыз айы­ның ортасы мен сәуір айлары аралығында «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары бойынша берілген несие көлемі 2 есеге азайып кеткен еді. Енді банктер ипотекалық несие алушыларды тарту үшін түрлі жеңілдіктерді қарастыруы мүмкін. Өйткені пандемия сал­дарынан халықтың бір бөлігі жұмыссыз қалды. Олар екінші деңгейлі банктер үшін салмақты клиент бола алмайды. Сондықтан клиент тартудағы алғашқы амал – пайыздық мөлшерлемені түсіруге тәуекел етуге тура келеді. Бұл ба­ғыт­та алғашқы қадам жасалып кет­ті. Мысалы, BI Group клиент­тері үшін Сбербанктен арнайы ипотека ұсынылып жатыр. Онда пайыздық мөлшерлеме 0,1% және бастапқы төлемнің 10%-ы бар тұрғын үйді сатып алуға болады, 25 млн теңгеге дейін ипотекалық несие алуға мүмкіндік бар. Ол үшін үлестік қатысу туралы келісім­шартты банкке кепілге қоюыңыз керек. Қазақстанның орнықтылық қоры да қарап отырған жоқ, «Баспана Хит» ипотекалық бағ­дарламасы бойынша пайыздық мөлшерлемені 11,25%-дан 10,75%-ға дейін төмендетті. Бұл өзгеріс Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені 9,5%-дан 9%-ға дейін төмендетуімен байланысты екені даусыз. «Баспана Хит» бо­йын­ша жылдық сыйақы мөл­шер­­лемесінің мөлшері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты болмақ (ҚРҰБ базалық мөлшерлемесі +1,75%). Бұл бағ­дарлама бойынша мөлшерлеме ипотекалық қарыз шартын жасау сәтінде тіркеледі және клиент үшін өзгеріссіз қалады. Ал Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 1 шілдеден бастап отбасын жаңадан құрған жастарға тиімді шарттармен пәтер алуға мүмкіндік беретін «Жас от­басы» бағдарламасын іске қосты. Жаңа бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі жылдық 6% тең, яғни, «Нұрлы жер» бағдар­ламасы ұсынатын мөлшерлемеден 1% ғана жоғары. Бұл тек алғашқы екі жылдағы мөлшерлеме көлемі, ал одан кейін ол 5% дейін төмен­дейді. Жас отбасылар пәтерді жаңа және қолданыстағы үйлерден ала алады. Жер телімін сатып алып, үй салуына да мүмкіндік бар. Оларға қарыз 6 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Иә, бұл бағдарламалармен баспаналы болу үшін тұрақты жұмыс істеу қажет. Одан да маңыз­дысы – пандемияның басылуы. Себебі әлемде де, Қазақстанда да пандемия күшейсе жағдайды бақылау мүмкін болмай кететінен куә болып үлгердік. Сол себепті де баспана жөніндегі сарапшылар алдағы уақытқа болжам жасауға асықпай отыр. Лариса Степаненко ғана егер жағдай осы қалыпта сақталса еліміздегі жылжымалы мүлік нарығында үй сату-сатып алу шарты жыл соңына дейін 2-3 пайызға өсетінін айтады. Ал жағдай жақсарып, пандемияның үшінші толқыны айналып өтсе, онда баспана сату-сатып алу шартын жасау крсеткіші 5 пайыздан асуы мүмкін. Себебі дәл қазіргі уақытта жылжымалы мүлік иелері үйін көрсетуден бас тартып жатыр. Әліптің артын бағып, сауданы кейінге қалдырып жатқандары да бар екен. Сондықтан ипотекалық несие нарығындағы рекорды жаңара ма, жоқ па, белгісіз.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ