ІІМ – пара алудан 1-орында
Жылдың басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз орталығында Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова сыбайлас жемқорлыққа бейім салаларды анықтау бойынша жүргізілген 2019 жылғы мониторинг қорытындылары туралы баяндады. Көш басында – Ішкі істер министрлігі. Былтыр аталған министрліктегі жемқорлық фактілері бойынша 297 іс жүргізілген. Қылмыстық жауапқа тартылудан қашқандар – тергеушілерге, бұрын сотталғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылмай, пробациялық бақылаудан «жеңіл» өтуі үшін учаскелік инспекторларға, жол ережесін бұзғандар сол жерде «келісу» үшін жол-патрульдік қызмет инспекторларына пара береді екен. Одан қалса, телефон не тыйым салынған заттарды өзімен алып кіруге рұқсат бергені үшін, облыс аумағынан тыс жерге шығу үшін пробациялық бақылауда тұрған адамдарға құжаттарды жедел ресімдегені үшін «рақметті» ақшалай алады. Бұл мысалдарды Анар Жарова келтірді. Жемқорлық деректері бүкіл аймақта бар. Бірақ өткен жылдың қорытындысы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында – 42, Алматы қаласында – 26, Шымкентте – 23, Жамбыл облысында 19 қызметкер жемқорлық қылмысына жол берген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері ішкі істер органдарын модернизациялау жол картасына енгізген. Сол шаралардың нәтижесінде жемқорлық 34 пайызға қысқарған. Соның өзінде жемқорлық жайлаған – №1 сала.Не үшін жауапқа тартылады?
Қол астындағы қызметкер үшін басшылық жауапты. ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшысы Арман Садановтың келтірген дерегіне сәйкес, былтыр бағынышты қызметкерлеріне қатысты төтенше оқиғалар үшін 1 283 басшыға тәртіптік жаза берілген. Осылайша, 2019 жылы 95 полиция басшысы қызметтен кетіп, 242-сі атқарған лауазымынан босатылған. Жылдың басында, алғашқы 2 айдың өзінде 16 полиция қызметкері пара алғаны үшін ұсталған. Департамент басшысының айтуынша, қазақстандық полицияның жеке құрамы ішіндегі қылмыс деңгейі 29 пайызға азайған. Сонымен қатар қылмыстық жауапқа тартылған қызметкерлер саны да салыстырмалы түрде 26 пайызға төмендеген. Жалпы алғанда, соңғы 3 жылда Ішкі істер органдары қызметкерлері жасаған қылмыс саны – 1 846. Оның ішінде 1 051 –жемқорлық сипатта. Қылмыс үшін жауапқа тартылған 1 066 қызметкердің 963-і пара алған. Сондай-ақ 526 қызметкер әкімшілік жауапқа тартылыпты. Алматы облысына қарасты ауданның бірінде былтыр заңсыз есірткі саудасымен айналысқан полиция қызметкерлері анықталған. Шымкенте биыл 50 келі ақбөкен мүйізін тасымалдап, контрабандамен айналысқандарға ішкі істер қызметкерлері көмектескен.«Сен осыны мойныңа ала сал, ештеңе болмайды»
Ел арасында есеп үшін көзбояушылықпен айналысатын қызметкерлер туралы сөз жиі айтылады. Жоққа шығарып, «бізде бәрі шынайы» дейін десе, бұлтартпас фактілер кесе-көлденең шығады. Мұғалім мәртебесін көтеруге атсалысқандай, полиция қызметкерлерінің де абыройын арттыратын әдіс керек-ақ. Десек те, соған лайық кадр болса, кәнеки. Мысалы, Павлодар облысында 2000 жылдары болған статистикалық парадокс жайлы естігенсіз бе? Учаскелік полицейлер, жол полициясы, жедел іздестіру қызметкерлері бетін ашқан қылмыс саны сол кездегі жасалған қылмыстан «байқаусызда» көп болып кетіпті. Аталған феномен сол кезден әлі сақтаулы. Яғни, орган қызметкерлерінің жиі жасайтын тағы бір қылмысы – фальсификация. 2018-2019 жылдағы сотта қаралған істерге көз салсақ, заңдағы кей олқылықтар қаралған істерге қатысты оң шешім шығарылғандай есеп беруге қолайлы болып келген. Айталық, 2016 жылы автокөлік айнасы ұрланғанда қаралған істе жедел қызметкерлер танысына жасамаған қылмысты мойнына алуға ұсыныс айтады. Сөйтіп, екеуара келіседі. Артынша жәбірленуші шағымын қайтарып алып, қылмыстық іс ымырамен аяқталады. Осындай қитұрқы әрекетпен 5 ұрлықты «жаба салған». Бірақ 2018 жылы полиция қызметкері де, кінәні мойнына алған адам да бірнеше жылға бас бостандығынан айырылады. Дәл сол кезде тәуелсіздіктің 25 жылдығына тап келіп, оларға амнистия жасалыпты. Заңдағы олқылық дегеніміз, 2019 жылдың 2 ақпанынан бастап бірнеше мәрте ұрлық жасау, алаяқтықпен айналысу істері ауыр қылмыс санатына қосылып, ымыраға келу алып тасталды. Осыған ұқсас жайт 2018 жылы болған. Теміртаудағы полиция қызметкері бір іске байланысты Астанадағы жәбірленушіге тергеу жүргізу керек болады. Жолға уақыт шығындауға ерінген жедел қызметкер «шағымым жоқ» деп жәбірленушінің атынан хаттама толтырған. Нәтижесінде, жалпы саны бес қылмыстық іс бойынша қолдан құжат жасағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Сотта ол істің саны көп болғанын және дереу бітіруге тапсырма берілгенін айтқан. Яғни, фальсификацияның жиі болатынына бір себеп – жүктеменің көп болуы мен уақыттың тығыздығы. Бұл – таяқтың екінші ұшы. Қызметкер саны көп саланың өзінде осындай мәселе бар деседі. 2017 жылы есірткі қылмысына байланысты Ғалым Мырзалиевті ұстайды. Бұл іс те қоғамда резонанс тудырған. Бас қаланың полицейлері алдымен күдіктіні ұстап, артынша сөмкесіне жарты келі анаша салып жібереді. Абырой болғанда сол сәт даладағы камера бақылауына түсіп қалыпты. ІІМ деректеріне сүйенсек, 2019 жылдың бірінші тоқсанында ішкі істер органдарында фальсификация фактілері бойынша жүздеген іс қарауда жатқан. Бірақ сотқа баратыны – он шақты.Ұсталғанның көбі қалай экс-қызметкер болып шыға келеді?
Биыл мамырда блок-бекетте болған көлік апаты көпшіліктің есінде болар. Екі полицей қаза тапты, ал оған кінәлі – экс-әріптесі болып шықты. Бір байқағанымыз, орган қызметкерлері қандай да бір қылмыс жасаса, көп жағдайда жұмыстан күні кеше не бір аптадай бұрын шығып кеткен болады. Жылдың басында Теміртау тасжолындағы апатта көлікте болған қыз тіл тартпастан кетті. Машина тізгінінде – экс-полиция қызметкері. Бір апта бұрын жұмыстан кеткен оның неліктен қызметтен босатылғаны белгісіз күйде қала берді. Мұндай істің саны көп. Ауыр қылмыс жасаған фактілерге келсек. 2009 жылы Қарағанды облысы Саран қаласында полиция сержанты әйелімен жанжалдасып, табельдік қаруымен алдымен әйелін, кейін өзін атып өлтіреді. 2011 жылы БҚО-да әріптесімен сөзге келген органы қызметкері де осылай істейді. 2018 жылы Теміртау тұрғыны хабарландыру арқылы көлік алатын болып, кездесуге келіседі. Кездесуге келгенде көлік иесін атып тастайды. Кейін мәйітті су қоймасына ағызып, қан іздерін сүртіп, марқұмның көлігімен үйіне қайтқан. Анықтай келе, оның жол-патруль полициясы батальонының бұрынғы сержанты екені белгілі болады. Ең қызығы, жұмыстан шыққан күні адам өліміне байланысты күдікке алынған күнмен сәйкес келе қалыпты. Былтыр бас қалада әйелін атып, балаларын жаралаған полицей туралы да көпшілік біледі.Суицид жасаушылар неге көп?
Тәртіп сақшылары арасында суицид те көп таралған. Оған басты екі себеп бар: отбасындағы мәселелер мен жұмыстағы кикілжің. Әсіресе, үстінен әлдебір шағым түссе не жаза басса өмірімен қош айтысатындар аз емес. Мысалы, 2014 жылы Парламент Мәжілісінің ғимаратында 24 жастағы тәртіп сақшысы суицид жасады. 2009 жылы кабинетінде Қостанай қаласы Ішкі істер басқармасының қызметкері асылып қалған. Не түрткі болғаны сол күйі айтылмады. Жұмыстан шығуға арыз жазғаннан кейін асылып өлген қарағандылық аға сержанттың оқиғасы да осыған ұқсас. 2012 жылы Атбасарда 41 жастағы полиция капитанын қорада асылған күйінде тапқан. Суицидке итермелеген себеп – отбасындағы жанжал болуы мүмкін деген нұсқа айтылды. 2012 жылы Алматыда 23 жастағы сержант өзін атып тастап, өлерінде жақындарынан кешірім сұраған хат қалдырған. 2013 жылы Алматыда 28 жастағы полиция лейтенанты 17-қабаттан секіріп, қайтыс болды. Жолда бір қызды қағып кеткен 24 жастағы полицей үйіне барып, асылып өлген. Әйел зорлады деген күдікке ілінген сержант өзін-өзі атып өлтірген. 2014 жылы Атырау облысына қарасты ауданның полиция бөлімшесінің басшысы 250 мың теңге пара мен 3 келі қара уылдырық алған сәтте қаржы полициясына ұсталып, тұтқындалған. Жағдайы нашарлаған оны ауруханаға апарады. Ол жерден қашып шығып, артынша суицид жасайды. Тере берсеңіз, мұндай факті өте көп. Алаңдауға тұрарлық себеп. Түйін:ІІМ реформалаудың жол картасы 2018 жылдың соңында қабылданған. 2019-2021 жылдарға арналған жобаның нәтижесінде жалақы көтеріліп, әлеуметтік пакет жақсартылады деп көзделіп отыр. Сонымен бірге қызметке іріктеу тәсілі өзгеріп, оқу орындарында кадр дайындауда тың әдістер қолданылады. Ең бастысы, жұмыстағы талап-шарттар өзгертілмек. Былтырдан басталған реформаның жемісін келер жылы көреміз. Егер аталған қылмыс түрлері полиция қызметкерлері арасында азаймаса, жол картасы «жолына» жасалған болып шықпай ма?
Жадыра АҚҚАЙЫР