Оқу ақысын қалай төлейміз?
Оқу ақысын қалай төлейміз?
1,812
оқылды
 

Министрлік ықпал ете алмайды

Білім және ғылым министр­лігі оқу орындарына оқу бағасын өсірмеу және төлемақыны ке­йінге қалдыру туралы ұсыныс жасап, оларға мәселені құқықтық шеңберде шешуге кеңес берген. Бұл білім алушы мен оқу орны арасындағы құқықтық қатынас, сол себепті Білім министрлігі оқу ақысының қымбаттап кетпеуіне ықпал ете алмайтыны анық. Министрдің өзі «оларды үгіттей алмаймыз, мәж­бүрлей алмай­мыз, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Лауазымды тұл­ға немесе мемлекеттік орган­ның өкілеті қай жерден бас­талып, қай жерде аяқталатынын түсінуіміз қажет. Біз өкілетімізді асырмауымыз керек» деген бо­латын. Министрдің сөзіне қа­рағанда, былтыр төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік берген оқу орындары студент-түлектердің қа­рызын өтемегенін айтып ша­ғымданған. Ал ол оқу орында­ры­ның жеңілдік жасауы екіталай. Білім ту­ралы заң бойынша ақы­лы негізде қызмет көрсететін білім беру ұйымдарының және білім алушының, оның ата-ана­сының немесе өзге де заңды өкіл­дердің өзара қатынасы шарт­пен реттеледі. Білім алушы шарт жасасу кезінде бүкіл оқу кезеңіне шығыстарды бір мез­гілде төлеген жағдайда төлем сомасы оқу мерзімі аяқталғанға дейін өзгермеуі тиіс. Ал егер оқуға төлемді кезең-кезеңмен төлеген жағдайда жылына бір реттен артық емес өзгертілуі мүмкін. Ал қазіргі жағдай мүлде басқа. Пандемияға байланысты қосымша шешім қабылдауды қажет етеді.  

Жығылғанға жұдырық

Төтенше жағдай жариялан­ғанға дейін студенттер оқу ақы­сын тұрақты түрде төлеп тұрған. Сәуір айы­нан бастап төлеушілер саны азая бастаған. Білім және ғылым министрлігінің ақпара­тынша, елдегі 131 жоғары оқу орнында 600 мыңнан аса студент білім алады. Оның жартысына жуығы ақылы бөлімде оқиды. Яғни осынша отбасы баласының оқу ақысын төлеуде қиындыққа кездесті деген сөз. Оқу ақысы­ның қымбаттауы табысынан айырыл­ған ата-ана­ларға ауыр тиіп отыр. «Жұмысымыз тоқтап тұр. Дәл қазіргі сәтте күнделікті азық-тү­лігіміз бен дәрі-дәр­мегімізге зор­ға жеткізіп отырмыз. Одан басқа ком­муналдық төлемдердің бағасы өсіп барады. Осы­лардың бәрін ескере отырып, оқу ақы­сын қайтадан есептеу керек. Ауыл­дық жерде тұрамыз, ин­тер­нет желісі жоқ, ақылы бөлімде оқитын екі студент балам бар. Оқу ақысына жеңілдік жасаса деймін», – дейді елордалық тұр­ғын Айсәуле Саттықова. Дегенмен көптеген оқу орын­дары оқу бағасын төлеуді ке­йінге шегеру мәселесін қарас­тырып жатыр. Алайда студент­тер­ге жеңілдік жасаймын деп оқу орындары да қиындыққа тап бо­луы мүмкін. Мем­лекеттік грант­тың басым бөлігін алатын оқу орын­дарында қазір бюджет жеткілікті. Ал облыстағы универ­ситеттер оқу ақысына мұқтаж. Себебі олар­дағы қаржы қорының 70-80 пайызы мұғалімдердің жалақысына жұмсалады. «Бізде мемлекеттік грантпен оқитындар аз. Негізінен ақылы бөлімде бі­лім алушылар. Егер студенттердің оқу ақысына жеңілдік жасасақ, қызметкерлердің еңбекақысын да кейінге шегеру қажет болады. Оған, әрине мамандар келіспей­тіні анық. Қазір жұмыс орында­рын сақтап қалу маңызды, көп­теген азамат жұмыссыз отыр», – деді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Академиялық мәселелер бойынша проректордың мінде­тін атқарушы Жанар Таласпаева.   keste1 keste2  

Оқу ақысы өсті

Жаңа оқу жылында еліміздегі таңдаулы жоғары оқу орында­рында оқу ақысы қанша екенін сұрап білген едік, дегенмен бұл бағалар әлі де өзгеруі мүмкін. Соның ішінде ең қымбат он оқу орнын атасақ, көш басында На­зарбаев университеті тұр. Ондағы оқу ақысы 3 млн 733 мыңнан 4 млн 519 мың теңгеге дейін жете­ді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқу ақысы – 980 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін. Нархоз универси­тетіндегі оқу ақысы 750 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін, Сүлеймен Демирел атындағы универси­тетте 780 мың – 1 млн 240 мың тең­ге аралығында, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде 1 млн 50 мыңнан 1 млн 150 мың теңгеге дейін, М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінде 970 мыңнан 1 млн теңгеге дейін, С.Ас­фен­дияров атындағы ҚазҰМУ-де 1 млн 205 мың теңге, Астана медициналық университетінде 700-930 мың теңге аралығы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде 635-750 мың теңге, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде 650-700 мың теңге аралығында. Ең арзан мем­лекеттік оқу орны ретінде Қор­қыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін айту­ға болады. Онда жылдық оқу ба­ғасы 270-443 мың теңге аралы­ғында, ал Атырау мемлекеттік университетінде бір жылға 343-636 мың теңге аралығында төлеп білім ала аласыз. Оқу ақысы жоғары мамандықтар қатарына құқықтану, кеден ісі, қаржы, есеп және аудит, экономика, ха­лықаралық қатынастар, халық­ара­лық құқық, әлемдік экономи­ка, ақпараттық жүйелер және есептеу техникасы мен бағдар­ламалық қам­тамасыз ету, стома­тология кіріп отыр. Елдегі көшбасшы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеттері Quacquarelli Symonds рейтингіне енген. Мәсе­лен, Қазақ ұлттық университеті АҚШ-тың Dartmouth College және Австралияның Newcastle International College оқу орын­дарымен 207-орынды бөлісіп тұр. Салыс­тырсақ, АҚШ-тың Dartmouth College жылдық оқу ақысы орта есеппен 22 млн 80 мың теңге (53 мың 496 АҚШ дол­лары), ал Австралияның Newcastle International College-інде оқу үшін 9 млн 493 мың теңге (23 мың АҚШ доллар) тө­леу қажет. Еуразия уни­верситеті­мен деңгейлес Лондондағы Сити универси­тетінде оқу құны 2020-2021 оқу жылдарына 7 млн 28 мың теңге (14 мың 680 еуро), ал Ұлыбританияның Брунеля уни­верситетінде 8 млн 962 мың теңге (18 мың 720 еуро) болып белгі­ленген. Енді оқу ақы­сындағы айырмашылықты есептей бері­ңіз. Біздегі ЖОО ақысы біршама арзан болғанымен, аталған ел­дердің өмір сүру деңгейі мен экономикалық қуатын ескерген жөн. Дағдарыс студенттердің білім алу мүмкіндігіне үлкен әсерін тигізуде. Оның үстіне, білім алу­шыларды қашықтықтан оқыту да арзанға түспейді. Біздің елде университетте оқуды өмірдегі ең маңыз­ды мәселе санайды. Сон­дықтан ата-аналар тірнектеп жиған қаржысын баласының оқуына салып келген. Енді не болмақ? Амалы таусылған ата-ана тағы да несиеге қол созбақ па? Бұл мәселеде мемлекет та­рапынан нақты қадамдар жаса­луы тиіс секілді.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=