Денсаулық сақтау министрлігі ел тарихында бұрын болмаған жаңа құжат жариялады. Бұл – «Медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) жарнамасын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» деп аталатын, министр Алексей Цойдың бұйрығымен қолға алынған жаңа жоба. Құжат биылғы 7 шілдеде күшіне енген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сай әзірленді. Бұған дейін тек дәрі-дәрмек пен медбұйымдар жарнамасына қатысты ереже ғана болатын. Құжат медицина ұйымдарының насихатына жол ашады, олар жарнама орналастыра алатын жерлердің тізімін бекітеді. Атап айтқанда, енді медициналық қызметтерді не көмекті газет, телеарна және басқа бұқаралық ақпарат құралдарында, емхана-аурухана секілді денсаулық сақтау ұйымдарындағы электронды ақпараттық ресурстарда, мамандандырылған медициналық басылымдарда, тіпті анықтамалық-ақпараттық орталықтар арқылы насихаттауға рұқсат. Бұдан бөлек, ондай жарнаманы ғылыми конференцияларда, симпозиумдарда, медицина мамандарына арналған көрмелерде, акциялар кезінде, сондай-ақ сыртқы жарнамада орналастыруға жол беріледі. Мұндай бейнероликтер, хабарландырулар міндетті түрде мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болса өзге тілдерде беріледі. Бұл ретте жарнама мазмұнын бір тілден екінші тілге аударған кезде оның негізгі мағынасын бұрмалауға жол берілмейді.
Тыйымдар мен шектеулер
Дәрі-дәрмек секілді, медкөмек қызметінің жарнамасы бойынша да бірқатар шектеулер енгізіліп отыр. Біріншіден, денсаулық сақтау министрі не басқа биік лауазымды шенеунік қандай да бір клиниканы мақтаса, ол ұйым беделді цитатаны пайдалана алмайды. Себебі медұйым жарнамасында денсаулық сақтау қызметкерлерінің және өзге мемлекеттік қызметшілердің, ғалымдардың немесе басқа адамдардың ұсынымдарына сілтеме жасауға болмайды. Екіншіден, медициналық қызметтерін және емдеу әдістерін «ең тиімді және қауіпсіз» деп дәріптемеуі қажет. Үшіншіден, азаматтардың өз бетінше қате диагностика қоюына соқтырмау үшін жарнамада аурудың симптомдары сипатталмауы тиіс. Дәрігерге өз практикасында кездескен жағдайды әңгімелеуіне болмайды. Төртіншіден, жарнамаланатын медициналық қызмет немесе емдеу әдісі «келушілердің барлығы дерттерінен құлан-таза айығып шығатынын» кепілдендіретіндей, одан ешқандай жанама әсерлер болмайтындай ұғым тудырмауы керек. Бесіншіден, «егер дәл сол емдеу әдісін қолданбаса, науқастың жағдайы нашарлайтынын» айтып, қорқытуға болмайды. Алтыншыдан, бір клиниканы көкке көтеру үшін басқа бәсекелестерін төмендетуге, жамандауға, тіпті өзгесімен салыстыруға рұқсат жоқ. Жетіншіден, жарнама эффектін күшейту үшін жазылып шыққан адамдардың пікірлерін беруге, сонымен қатар қате немесе адамдарды жаңылыстыратын терминдерді қолдануға шектеу қойылады. Бұйрық жобасында нақты тыйымдар да бар. Біріншіден, тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ адамдардың медқызметтерді және емдеу әдістерін жарнамалауына тыйым салынады. Бұл коронавирус инфекциясын арақпен, спиртпен, зімбір тамырымен, сарымсақпен, қойдың құйрығымен емдеуді ұсынған емшісымақтарға денсаулық сақтау министрінің жауабы болса керек. Екіншіден, медициналық қызметпен айналысуға лицензиясы немесе клиникалық практикаға жіберілгені жөніндегі сертификаты жоқ адамдар, соның ішінде шетелдік мамандар көрсететін медқызметтердің жарнамасы заңмен қудаланады. Үшіншіден, халыққа арналған жарнамада келесідей ауруларды: жыныстық жолмен берілетін, онкологиялық, психикалық, қауіпті жұқпалы ауруларды (мысалы, COVID-19), АИТВ-инфекциясын, туберкулезді, қант диабетін емдеу тәсілдерін паш етуге тыйым салынады. Төртіншіден, жарнамаланатын қызметке тікелей қатысы жоқ ақпаратты келтіруге, бесіншіден, адамның ағза-органдарына және тіндеріне қатысты келісім жасасу туралы ұсыныстарды жарнамалауға тыйым салынады. Мысалы, адам бүйрегін сату туралы хабарландырулар ары қарай да заңсыз болып қала береді.Медициналық турист неден үркеді?
Қазақстанда медициналық қызметтер мен емдеу тәсілдерінің жарнамасы шамалы. Телеарналарда негізінен, дәрі-дәрмектер көрсетіледі. Клиникалардың жарнамасы газет-журналдардағы мақалалардан, көшедегі билбордтан, лифтілердегі жарқағаздан әрі аспайды. Ақпарат құралдарының жарнама бөлімі жеке медұйымдардың жарнаманы көп бермейтінін біліп, оларға хабарласуға уақыт жоғалтпайды. Ал мемлекеттік емханалар мен ауруханалар жарнамаға тіпті жоламайды. Инфекциялық ауруханалар тұрмақ, өзге емдеу мекемелері де жаппай коронавирус індетімен күреске жұмылдырылып жатқанда, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың бұл бұйрығының жобасы бір жағынан қажетсіз, өзекті емес көрінеді. Дегенмен, шетелдік мамандардың айтуынша, қазіргі жаһандық пандемия – медициналық туризмді дамыту үшін қолайлы кезең көрінеді. Мысалы, дүниежүзінде COVID-19 дертіне шалдығып, емделіп шыққан қалталы азаматтар ары қарай сауығудан өту үшін Швейцария, Корея, БАӘ секілді озық медицинасымен әйгілі елдерге бет қоюда. Куба мен Түркия да осы істен мол пайда табу жолдарын қарастыруда. Мәселен, Украина туризмнің осы түрін өрістетуге кейінгі жеті жылдан бері баса мән беріп келеді. Бұл мемлекеттің емдеу және сауықтыру мекемелері көрсететін қызметтерге әлемнің әр тарапында қызығушылық артуда. Бұған жарнаманың дұрыс жолға қойылуы зор серпін берді. Жыл сайын жүз мыңға жуық медициналық турист посткеңестік кеңістіктегі осы республикаға ағылады. Мамандар өзге саяхатшыларға қарағанда медтуристердің көбірек табыс түсіретінін еске салады. Украинаның Медициналық туризм қауымдастығының (УАМТ) президенті В.Янышевскаяның мәліметінше, әрбір медтурист елде орташа есеппен 2,5 мың доллар қалдырады. «Украина медицинасы Батыс Еуропа, АҚШ, Израиль, Ұлыбритания, Қытай, араб елдері және бірқатар Африка мемлекеттерінің тұрғындары арасында сұранысқа ие. Украинада шамамен 200-ден аса жеке және мемлекеттік медициналық мекеме шетелдік пациенттерді қабылдайды, соған маманданған. Тиісінше, олар ең үздік техникамен жарақталған, мамандары озық технологияларды меңгерген. Бұларда емдеудің инновациялық әдістері қолданылады», – дейді Виолетта Янышевская. Тіпті, АҚШ, Еуропа елдерінің ауруханалары мен клиникалары кейде жергілікті қымбат медициналық қызмет ақысын көтере алмайтын клиенттеріне украиналық медұйымдарға жүгінуге кеңес беретін көрінеді. Бұрынғы кеңестік республиканың бұған қалай қол жеткізгенін А.Цой командасы мұқият зерделесе артық болмас еді. Әйтпесе, Қазақстанда медициналық туризмнің дамытылатыны он жылдай бұрын сөз етілді. Осы мақсатта елордада қаптатып медициналық жаңа орталықтар салынды. Бүгінде оның бірқатарын Үкімет жекенің қолына тапсыру амалын қарастыруда. Нұр-Сұлтанда медтуризмге қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жауап береді екен. Бірақ ол КВИ таралуы кесірінен «байтал түгіл бас қайғы» күйде. Демек, Қазақстанға жеткен медтурист өз дертіне бөгде елде кездесер өзге проблемаларды жамап, қиналуы ғажап емес. Бізде әзірге шекаралар жабық, бірлі-жарымын айтпағанда, әлемнің көп еліне ұшақтар ұшпайды. Бұл кедергілер алда жойылар, алайда ауыр індеттен қатты зардап шеккен қазақстандықтар біразға дейін кез келген туристке үрке қарайтын түрі бар. Ал осы кезде басқа әбжіл мемлекеттер болашаққа бағдар алып, алға қарай ілгерілеп барады.