Дәрі-дәрмек жасырын цехта өндірілгеннен кейін көпшіліктен: «Оның сапасы қандай екен? Талапқа сай ма?» деген сұрақ туары анық. Қазіргі таңда дәрілер тәркіленіп, сараптама жасалып жатыр. Сараптамадан соң жасырын өндірілген дәрілердің сапасы анықталады.
«Жасырын цехта негізінен ротоцеф, солкасерил, регидрон оптим, кальций Д3 никомед, цефамед, цераксон, цефтазидин және басқа да дәрі-дәрмек өндірілген. Жалпы, 30-40 дәрі-дәрмектің түрі анықталды. Кейбір дәрі-дәрмектің пайдалану мерзімі өткен. Яғни, олар жапсырмасын ауыстыру арқылы үй жағдайында астыртын цехта жасаған», – деді қалалық Экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.
Осылайша, құқық қорғау органдары күмәнді дәрі-дәрмекті еліміздегі көтерме және бөлшек сауда желісі арқылы заңсыз сату әрекетінің жолын кесті. Бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар үш азамат ұсталып, оларға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда Алматыда дәрі-дәрмектің бағасы және оның қандай жағдайда сатылып жатқанына бақылау жасау үшін арнайы мониторингтік топ құрылған. Мобильді топ құрамында заңсыз дәрі саудасының жолын кесу үшін полиция, Экономикалық тергеу департаменті, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің мамандары тартылған. Бұл топтар әр ауданда тұрақты рейд жүргізіп отыр. Мониторингтік топтың берген мәліметіне қарағанда, қазіргі таңда өте қажет тауарға айналып тұрған дәрі-дәрмекке қатысты заңсыз әрекетке барған дерек тек бұл емес. Ондай оқиғалардың орын алып жатқанын қала басшысы да жоққа шығармайды. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте қала әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Қалада медициналық заттар мен дәрі-дәрмек бағасын шарықтатқан алыпсатарлар ұсталды. Олар ең қажет бұйымдарды көтерме бағамен көп мөлшерде сатып алған. Сосын интернет арқылы хабарландыру берген. Қалалық полициямен бірлесе отырып, клиент ретінде хабарласып, кездесуден соң оларды әшкерелеумен айналыстық. Осылайша, 8,5 млн теңгенің дәрі-дәрмегі тәркіленді» деген болатын.
Сондай-ақ әр ауданға жасалған рейд барысын бақылап көргенімізде дәрі-дәрмекті заңсыз сату әрекеттері жиі әшкере болып жатқанының куәсі болып отырмыз.
«Қалалық прокуратураның үйлестіруімен мобильді топтар қаладағы дәріханалар арқылы белгіленген бағадан асыра сату фактісі бойынша 109 құқықбұзушылықты анықтады, 109 адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 25 факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жүргізілген рейд аясында 1 000 пакет көлеміндегі дәрі-дәрмек алынды және 8,5 миллион дана медициналық бетперде тәркіленді. Олар қаланың денсаулық сақтау мекемелеріне тапсырылды», – деді ведомстводағылар.
Өкінішке қарай, дәрі-дәрмекті жоғары бағамен сату әрекеттері тек Алматы қаласында емес, еліміздің бүкіл өңірінде болып жатыр. Полиция қызметкерлері ел аумағында өткен 21 күн ішінде осындай 604 фактіні анықтаған. Ішкі істер органдарына 487 адам жеткізілсе, оның 284-і медицина саласының қызметкерлері. Криминалдық полицияның хабарлауына қарағанда, сын сағатта бас пайдасын ойлаған пысықайлардың жартысына жуығы фармакология саласының қызметкерлері екен. Сатушылар Instagram, Telegram және басқа да әлеуметтік желілерде, WhatsApp чаттар бойынша, жеке сайттарда хабарландыру береді. Лицензиясыз жасырын дәріханалар ашады, сондай-ақ қолданыстағы дәріхана пункттерінде бағаны заңсыз көтереді. Ел басына күн туған қиын шақта пайда тауып қалуды ойлаған пысықайлар заңды жазасын алуы тиіс.