Қызыл кітап итбалықты құтқара ма?
Қызыл кітап итбалықты құтқара ма?
409
оқылды
Иә, өңірлердегі итті қинап өлтіру, Каспий маңында ит­балыққа тас лақтыру фактісі кім-кімді болсын бейжай қалдырмады. Осыдан кейін экобелсенділер билікке петиция жолдау үшін қол жинауды бастады. Inucobo республикалық жануарларды қорғау қауым­дастығындағы бастамаға 67 мыңнан астам адам дауыс берген. Елордадағы «Спарта» экоқозғалысы жетекшісі Әсел Құспанова да петиция нәтиже беретінінен үмітті.  

Итбалықтар азайып бара жатыр

Ал жағалауда адамдардың итбалыққа тас лақтырған сәтін қала тұрғыны смартфонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген-ді. Білсеңіз, итбалықтардың түйсік қабілеті жоғары дамыған. Олар денесіне ауыр соққы тисе жылап, жақсы әуен естісе ұйып тыңдайды. Әуесқой түсірілім Ақтау не Форт-Шевченко жағажайында түсірілген деген болжам бар. Аталған видеоға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі бірден жауап берді. Комитеттің баспасөз өкілі Сәкен Ділдахмет шетелде дельфин, итбалық, тіпті акула­ның өзі адамның жанында еркін жүзіп жүретінін жазған. Ел тұрғындарын жануарларды, табиғатты сақтауға шақырған-ды. Көп өтпей, 24 шілдеде Эко­логия, геология және та­би­ғи ресурстар министрлігі видеоконференция ұйым­дастырды. Оған Гидробиология және экология  институты мен Орталық Азиялық экологиялық зерттеулер институты ЖШС өкілдері қатысты. Балық шаруа­шылығы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық зоологиялық комиссия Каспий итбалығын Қызыл кітапқа енгізу мәселесін қарады. Айта кетерлігі, Каспий ит­ балығы Каспий маңы мемле­кеттерінің Қызыл кітабына енген-ді. Ал комиссия отырысында каспий итбалығын өсімдіктер мен жануарлардың сирек кез­десетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесіне енгізу ұсынысы қолдау тапты.  Алдағы уақытта итбалықтарды ерекше қорғайтын табиғи аумақ құрылады. Дерекке сәйкес, Каспий итбалықтарының саны жыл сайын азайып жатыр. Олар – Каспий теңізі фаунасында тірші­лік ететін жалғыз сүтқоректі. Бұрындары Каспийде шамамен 1 миллионнан астам итбалық өмір сүрген. Әртүрлі мәлімет бойынша,  ондағы итбалық саны 30%-ға кеміген. Мұны 2015-2018 жылдары Каспий теңізінің қазақстандық бөлі­гінде гидробиология және экология институты мен ба­лық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген зертеулер растайды. Мұның бәрі антропогендік және табиғи фактор әсерінен болуы мүмкін. Егер осылай жалғаса берсе, теңіздегі итбалық атаулы мүлде жойылып кетеді.  

Сақтап қалу үшін не істеу ке­рек?

Әрине, комитет мәселе көтергендей  Қызыл кітапқа енгізу жайына басымдық берген жөн. Сонымен қатар Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мақсатында өткен жыл­дың тамыз айында Ақтауда меценаттар есебімен Қазақстанда алғашқы зерттеу және қалпына келтіру орталығы ашылған-ды. Орталық ауру және жараланған итбалықтарды емдеуге, сауық­тыруға күш салады. Ал сау жануар­ларды тіршілік ету орта­сына  жіберуді, бейімдеуді қолға алады. Жоғарыда айтқандай, эко­белсенділер елімізде жануар­ларды қорғау туралы заң шық­қанын қалайды.  «Спарта» эко­қозғалысы жетекшісі Әсел Құспанова Каспий итбалығын Қызыл кітапқа енгізу мәселесін қолдап отыр. Ол қоғамдағы жағдайға қарап тек Каспий итбалығын емес, бар жануарды  Қызыл кітапқа енгізу керек деп есептейді.
«Жануарларға шабуыл жасап, азаптайтын адамдарға қатаң жаза қолдану керек. Жалпы, қай жануар болсын, Қызыл кітапқа енгізу керек деп ойлаймын. Меніңше, адамдардың мұндай әрекетіне тәрбие, мәдениет пен басқа да фактор әсер етеді. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Арамызда жануарларды үркітіп, азаптап өлтіретін тұрғындарға үлкен көлемде айыппұл салып, 15 тәулікке қамауға алу қажет. Сонда ғана қалғандары мұндай әрекетке бармайды», – дейді экобелсенді Әсел Құспанова.
«Спарта» экоқозғалысының жетекшісі де Каспий итбалығына тас лақтырып, итті аяусыз өлтірген жайт елді дүрліктіргенін айтады. Бұған Көбейтұздағы жайтты қосуға болатынын, бәрі экотәлімге келіп тірелетінін  алға тартты. Алда Президент  бастамасына сай экотәрбие пәні мектеп бағдарламасына енсе, өскелең ұрпақ табиғат ана мен жануарларға құрметпен қарауды үйренетініне сенімді.  

Қызыл кітапқа қалай енгіземіз?

Статистика комитетінің дерегі бойынша, сүтқоректілердің 8%-ына жоғалып кету қаупі төнген. Жалпы, әлемде итбалықтың 22 түрі бар. Олардың 4 түрі  Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына кіреді. Қызыл кітапқа жануарлар мен өсімдіктерді 5 категория бойынша кіргізеді. 1 категория бойынша жойылып бара жатқаны, 2 категорияда саны жылдан- жылға күрт азайып бара жатқан өсімдік пен жануар енеді. 3 категорияға сирек кездесетін, төртіншісіне ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген түрі мен 5 категорияға қалпына келтірілген түрлер сұрыпталады. Әр кате­гория бойынша статистика комитетінен дерек іздей қалса­ңыз, жануарлар дүниесінің жылдан-жылға азайып бара жатқанын байқайсыз. Мәселен, 2014 жылы елімізде 736 Түркістан сілеусіні болса, 2018 жылы 175-і ғана қалған. Жоғарыдағы категорияға зер салып қарасаңыз, каспий итбалығының 2-категорияға жататынын байқайсыз. Егер коми­тет нақты шешім қабылдап, жауапты орган Қызыл кітапқа енгізу мәселесін тездетіп шеш­песе, Каспий итбалығы саны жыл сайын азайып барады. Бұған бірнеше фактор әсер етіп жатыр. Мысалы, мұзжарғыш кемелердің де кесірі тиеді. Өйткені ит­балық мұз үстінде күшіктейді. Ал су көлігі мұзды жарғанда күшіктерге қиын болады. Әрі итбалықтар жиі қоныс аударатын сүтқоректіге жатады. Суы таяз жерде тіршілік етеді. Осыған орай, теңіздегі өнеркәсіптік және ауылшаруашылық қалдықтары итбалықтың ағзасына түседі. Мұның әсерінен олардың ара­сында жұқпалы ауру тарайды екен. Сондықтан экобелсенділер мен мамандардың пікірінше, құзыретті орган кешенді жоспар құрып, итбалықты сақтап қалу­дың қамына кірісуі қажет. Айналып келгенде, бәрі білім мен тәрбиеге тіреледі. Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы Президент сөзі осыған саяды. Сол үшін алда мектеп бағдарламасына экологиялық тәрбие пәні енеді. Мұны Білім және ғылым министрі Аймағамбетов те мақұлдады. Келешекте министрлік арна­йы оқулық шығарып, пән мұғалімдерін бекіту мен оқытуды қолға алатын болар. Сонда жан-жануарды азаптайтындар азайып, өз еркімен тұрмыс қалдықтарын қоқыс жәшігіне сұрыптап сала­тын ұрпақ өседі.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ