Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық құраманың қоржынында бір алтын, екі күміс және бір қола медаль бар. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің қатарында алтын медаль алған Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған «Білім инновация» лицейінің оқушысы Расул Мағауин, күміс медальға ие болған Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған
№8 мектеп-лицейінің оқушысы Антон Драганчук, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Рауан Қалдыбаев, қола медаль алған Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оуқшысы Мирас Қоблан бар. Олардан бөлек Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Алексей Янченко грамотамен марапатталды.
Айта кетерлігі, Еуропалық физикалық олимпиада (IPhO - International Physics Olympiad) – физика пәні бойынша дарынды оқушыларға арналған халықаралық аймақтық олимпиада. Жарыс екі турда өтеді: теориялық тур үш тапсырмадан (жеңіл, орташа және жоғары деңгейдегі) тұрады, эксперименталдық бір немесе екі тапсырмадан тұрады.
Құрама команданың жаттықтырушылары – Сүлейман Демирел университеті профессорының ассистенті С.Мақсұтов пен Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің физика пәнінің мұғалімі А.Сидоренконың жұмысының арқасында қазақстандық оқушылар физика пәні бойынша Еуропалық олимпиадада елімізді лайықты деңгейде көрсете білді.