Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілері табиғаттың тазалығы мен сұлулығын сақтауды мақсат еткен Álemdі saqtaıyq экологиялық акциясын ұйымдастырды. Облыстық Достық үйінің баспасөз хатшысы Айзада Бибулованың хабарлауынша, жастардың «еңбек майданы» Өскемендегі Үлбі өзенінің жағасында өткен.
Экологиялық мәселе еріктілерді ғана алаңдатпайды екен. Сол маңаймен өтіп бара жатқан тұрғындар да жұмысқа атсалысып, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға көмектесіпті.
– Бала кезімнен ата-анам табиғатты сүюге үйретіп, қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың маңызын көп айтатын. Ерікті атанғаным соң өзімді үлгі ретінде көрсету мүмкіндігіне ие болып отырмын. Аздап дене күшін жұмсап-ақ табиғатқа өз әдемілігін қайтаруға болады. Бұл акция көптеген жастардан, әсіресе жастардың қалалық ресурстық орталығы еріктілерінен қолдау табуда. Біріксек қана Жер-ананы ұрпақтар үшін сақтай аламыз, – дейді ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы еріктілер қозғалысының мүшесі Александр Гришенков.
Еріктілердің жұмысы нәтиже беріп, өзен жағалауы таза қалыпқа енді, тұрғындарға жағымды эмоциялар сыйлады. Жастар бұл экологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған соңғы шара емес деп отыр. Олардың ұраны – «Табиғатқа қамқорлық жаса!».