Шығыста коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтайтын ПТР-зерттеулердің нәтижесі кешігіп жатыр. Бұл онсыз да алаң көңіл ағайынның мазасын май ішкендей етті. Мәселенің маңызын түсінген аймақ басшысы Даниал Ахметов дәрігерлерге қауіпті індеттің белгісі бар науқастар келетін болса, уақыт созбай бірден рентгентге немесе компьютерлік томографияға түсіруді тапсырып отыр.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бұл жерде «алтын сағат» ережесі жұмыс істейді. Бүгінде Көкпекті мен Тарбағатай аудандарында эпидемиологиялық жағдай аса күрделі. Сондықтан Татарстаннан облысқа көмекке келген дәрігерлер семейлік әріптестерімен бірге алдымен осы аудандарға аттанды. Білікті мамандар ол жақта үш күн бойы халыққа қызмет көрсетіп, ауыл дәрігерлеріне кеңес береді. Тәжірибелерін үйретеді. Бір қуантарлығы, екі ауданның да ауруханалары уақыт талабына сай құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Дегенмен, қазіргідей қиын шақта кейбір адамдардың тарапынан жағдайды дұрыс түсінбей, жұртты бос дүрліктіруге тырысқан келеңсіз жәйттердің де болып жатқаны жасырын емес.
– Әлеуметтік желілерде пайда болған оттегі аппараттарының жетіспей жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондықтан жөнсіз дүрлігуге себеп жоқ. Ал дәрігерлер өздерін қорғай білуі керек. Дәрігерге ренжіп, бүкіл жүйеге кір келтіруге болмайды. Бұған жол бермеу керек, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі медицина қызметкерлеріне берілетін үстемақы жөнінде де айтып өтті. Айта кетейік, Шығыста әлі күнге дейін коронавируспен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге тиісті үстемеақы әлі аударылмаған болатын.
– Үстемеақыға келетін болсақ, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жүрген шығысқазақстандық дәрігерлердің төлемдері таяу арада жүзеге асырылады. Қордың ақшасы медициналық мекемелер мен стационарлардың шоттарына аударылды. Маусым айында болған провизорлық, жұқпалы және карантиндік стационарлардың көбеюіне байланысты біраз кідіріп қалды. МӘМС қоры бюджетке қосымша түзетулер енгізді, – деп нақтылаған аймақ басшысы Даниал Ахметов облыстағы медицина мекемелерінің бас дәрігерлеріне үй жағдайында коронавирусты қалай емдеу керектігі туралы ақпаратты қамтитын қарапайым әрі түсінікті жазылған жадынамалар әзірлеуді тапсырды.
Бұған қоса, аймақтағы күрделі ахуалға байланысты жақында тағы үш ПТР-зертхана сатып алуға шешім қабылданды.