Атыраудың бас санитары қызметінен кетті
Атыраудың бас санитары қызметінен кетті
© Facebook
340
оқылды
Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов қызметінен кетті. Енді ол елордадағы жұмысына қайта оралады. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Атырау облысына келген кәсіби вирусологтар мен эпидемиологтардың миссиясы (Нұр-Сұлтан мен Алматыдан) орындалды. Өңірде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақтандырылды. Аймақтағы карантиндік шектеулер бойынша үгіт-насихат жұмыстарын және профилактикалық шараларды жалғастыру маңызды. Біз Нұр-Сұлтанға қайта ораламыз. Мен бұрынғы жұмысым - Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қызметімді жалғастырамын", - деп жазды ол.
13 шілдеде ол Атырауға коронавирустық инфекция бойынша санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында жіберілген. Өзінің айтуынша, екі аптаның ішінде аймақтағы COVID-19 жағдайын түзетуге барынша тырысқан. Айта кетейік, Байғабылов 2020 жылдың 31 наурызынан бастап Көліктегі бас санитар дәрігер болып жұмыс істейді. Бұған дейін Павлодар облысының бас санитарлық дәрігері қызметін атқарды. 2018-2019 жылдары Нұр-Сұлтанда Тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментін (Астананың бас санитарлық дәрігері) басқарды.