Ата-ана да, балалар да дән риза
Ата-ана да,  балалар да дән риза
207
оқылды
Nur Otan партиясының бастамасымен аз қамтылған және көп­бала­лы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатында «Мектепке жол» акциясы белсенді түрде ұйымдастырылып келеді. Еліміздің әр аймағында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін республикалық қайырымдылық акциясына елорда кәсіпкерлері де атсалысып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында өткен «Мектепке жол» акциясы аясында Nur Otan партиясының Астана қалалық филиалы Есіл ауданындағы көмекке мұқ­таж отбасыларға материалдық кө­мек көрсетті. Айтулы шараны ұйым­дас­тырушылар және «Казспецэкспорт» РМК Корпоративтік департаментінің ди­ректоры – «Мәңгілік» бастауыш пар­тия ұйымының төрағасы Ерсін Оразаев, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы хол­дин­гі» АҚ басқарушы директоры Арман Шам­шин бастаған демеушілер мектеп жа­сындағы 70 шақты ұл мен қызға мек­теп құралдары салынған сөмкелерді сый­ға тартты.

Кездесу барысында Nur Otan пар­тия­сының «Есіл» аудандық филиалы­ның консультанты Әділет Сапкұлов ба­ла­ларға жаңа оқу жылында табыс ті­ле­ді.

– Алдымызда жаңа оқу жылы келе жа­тыр. Әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау оңай жұмыс емес. Бұл орайда «Мектепке жол» акциясына үміт артып отыр­ған көпбалалы отбасылар көп. Кө­мекке мұқтаж жандарды, оның ішін­де балаларды мейірім шуағына бөлейтін осындай қайырымдылық акциялары өңір­лерде көптеп ұйымдастырылса де­ген тілек бар. Балалардың қуанышы – біздің қуанышымыз. Сондықтан акцияға белсенді түрде атсалысып, бүлдіршін­дерді қуантуға асығайық, – дейді ол.

Акция кезінде аз қамтылған отбасы­лардан шыққан балалардың тізімі жа­салып, мектепке қамтылмай қалған ба­лаларды анықтау, мектепке бармауды болдырмау мақсатында рейд жүргізілген болатын.

Мектепке қажетті жабдықтар са­лынған сөмкелерді сыйлыққа алған балалар салтанатты шарадан соң Happylon орталығының ойын аттракцион­дары­на барды. Жаңа оқу жылының ал­дында балаларға жарқын көңіл күй сыйлаған қайырымдылық акциясынан оқушылар көңілді, ата-аналар да риза болып тарқасты.