Теріс ағымдардың пандемияны түсіндіруі еш қисынға келмейді
– Салафизм ағымындағы кей топтардың белсенділігі пандемия тұсында артты деуге келмес, себебі олар бұрыннан белсенді. Қоғамдық мәселелерде әрқайсысы өз жамағатымен жұмыс істейді ғой. Олар адамзатқа келген пандемияны «Құдайдың ескертуі, шариғаттан бездіңдер» дегендей ойлармен түсіндіріп жүр. Қазақстанда тыйым салынған 20-дан астам экстремистік ұйым бар ғой. Мәселен, басқа теріс ағымдардың ішінде «біздің пірімізді, тақсырымызды жете бағаламадыңыздар, қазіргі дерт Құдайдың беріп жатқан жазасы» дегендей әңгімелерді әлеуметтік желілерде кеңінен таратуда. Олардың қай-қайсысы да «біздің идеологиямызды қолдамадыңыздар, бұл Құдайдың жазасы» дегендей ойларын алға тартады. Теріс ағымдардың кейбір шейхтарға, тақсырларға, пірлерге бағынбағандықтан, пандемия шығып кетті деуі еш қисынға келмейді. Бұл күлкілі. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан жағдай. Бұған жеке бір адамдардың құрметтеліп-құрметтелмеуінің қатысы жоқ. Оның үстіне, жақсылық та, жамандық та Құдайдан екеніне шәк келтірмейміз. Бірақ Құдайдың атынан бұлай сөйлеу мүлдем дұрыс емес. Кезінде Президент Жолдауында киберқалқан енгізу мәселесі көтерілген еді. Содан бері елімізде ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан көп жұмыстар атқарылып жатыр. Теріс ағымдардың уағызы дер кезінде бұғатталып отырады. Серік БЕЙСЕНБАЕВ, әлеуметтанушы:Экстремистік идеологияның негізгі тұтынушылары – жастар
– Радикалды идеология сөзінің ауқымы кең. Егер халықаралық тәжірибеге қарасақ, бұны экстремистік идеология және зорлық-зомбылыққа шақыратын идеология деп бөліп айтар едім. Себебі өзінің өмір салтын түбегейлі өзгерткен адам қоғам үшін радикалды болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл оның басқаларға қауіпті екенін білдірмейді. Сол сияқты салафизмді радикалды идеологияға теңестіріп жатады, бірақ бұл даулы мәселе. Себебі салафизмнің ішінде түрлі бағыттар мен идеялар бар. Барлығы да зорлық-зомбылыққа шақырады деп айтуға болмас. Мәселен, таза экстремистік идеология ретінде ДАИШ ұйымын жатқызуға болады. Олар Сирия мен Иракта белсенді, идеологиясы экстремистік. Шынын айтсақ, пандемияға дейін де әлеуметтік желілер теріс идеологияны таратудың бірден-бір көзі болатын. Мысалы, Сирияға кеткен қазақстандықтар сырттағы уағызшылармен әлеуметтік желі арқылы байланысқа түсіп отырған. Пандемия кезінде бұл үдеріс күшейген шығар. Себебі тікелей қарым-қатынасқа жол жабық. Қазақстанды алсақ, әлеуметтік желіні қаншалықты жиі қолданатынына баға беру өте қиын. Себебі Ақпарат министрлігі тарапынан үнемі арнайы мониторинг жүреді. Барлық қауіпті арналар, пабликтер бірден анықталып бұғатталғандықтан, олардың ықпалын бағамдау, сараптау қиын. Мысалы, Өзбекстанмен салыстырсақ, олардың Youtube арнасында экстремистік идеологияны тарататын бірнеше уағызшы бар. Ал Қазақстандағы уағызшылардың экстремистік үгіт-насихаты интернеттен түгелдей жойылған. Бұл Қазақстанның ақпараттық-технологиялар тұрғысынан үлкен мүмкіндіктері барын көрсетеді. Түптеп келсек, экстремистік идеологияның негізгі тұтынушылары – жастар. Бұл жастардың әлеуметтенуіне байланысты. Жастар 18-19 жасында өзін-өзі іздеп, алдына үлкен мақсаттар қоя бастайды, егер мақсаты болмаса, өмірден басқа мән-мағына іздейді. Сондай қиын-қыстау кезеңде өзіне қолдау таппай, керісінше, психологиялық алалаушылыққа тап болса, экстремистік идеологияға тартылады. Жастардың барлығы емес, белгілі бір категориясы ғана теріс жолға түседі. Мысал үшін, жас кезінде зорлық-зомбылықты көріп өскен, заң бұзуға, қылмысқа баруға бойын үйреткен, отбасында дұрыс тәрбие алмаған адамдар экстремистік жолға тезірек түсіп кетеді. Бұл мәселемен күресудің жолы көп. Оның бірі – интернеттегі уағызды бұғаттап тастау. Бұл бір ғана жолы және оның тиімділігі де күмәнді. Шартты түрде мұны мемлекет жүз пайыз өз бақылауына алып отыра алмайды. Қанша каналдары бұғатталса да, телеграмдағы жабық каналдар арқылы мұндай уағызды таратуға мүмкіндіктері бар. Әсіресе, қазіргідей технология дамыған кезеңде барлығын бірдей ұстау мүмкін емес. Сол себепті бірден-бір жолы азаматтарды өзара толеранттылыққа шақыру. Қандай да бір дін, ұлт өкілі болсын, оған ең алдымен адам, азамат ретінде қарауды үйрету қажет. Жастардың бойында сыни ойлауды дамыту өте маңызды. Ақпаратты тұтыну мәдениетін де қалыптастыру керек. Жұлдыз ТӨЛЕУ, Қазақстан психоаналитиктер қауымдастығының мүшесі:Террористердің балалық шағына үңілу керек
– Еуропада қазір терроризммен күресте психоаналитиктерді көптеп тартып жатыр. Мәселен, 2018 жылы Халықаралық психоанализ қауымдастығы «Зорлық-зомбылықпен күрес» комитетін құрып, терроризммен сотталған адамдардың жанына үңіліп, оларды емдеуге көмектесіп жатыр. Осыған байланысты таяуда еуропалық психоаналитиктердің вебинарына қатысқан едім. Сонда бір профессор «адамдарды аяусыз қырып-жоятын қанышерлерге адам ретінде қарауға болмайды, олар қатаң жазаға лайықты деп қарсылық білдіретіндер көп. Бірақ қатыгездік тек қатыгездік туғызады. Қылмыскерлер де сәби болған, бала болған. Олардың жан жарасына үңіліп, адамгершілік танытпасақ, қатыгездік көбейе түседі» деп айтқан еді. Сол секілді террористік ұйымдардың, радикалды топтардың қатарына кіріп жатқан қазақстандық азаматтардың балалық шағына үңілетін болсақ, олардың көбі 80-жылдардың аяғы, 90-жылдардың басындағы тоқырау кезеңінде туған. Ата-ана сол жылдары бала тәрбиесінен қол үзіп, тамақ табу үшін дорба арқалап кеткенін жақсы білеміз. Әсіресе, бұл қиындыққа ер адамдар шыдамады. Көбі жұмыссыз қалғандықтан, ішкілікке салынып кетті. Отбасында әке тәрбиесінің рөлі шатқалақтап қалды. Бізде әдетте баланың есінде ешнәрсе қалмайды деп жатады. Шын мәнінде адам жатырда пайда болғаннан ешнәрсе ұмытылмайды. Бәрі адам бейсанасында жатады. Сол балалар өсе келе іштей идеал әке іздей бастайды. Бірақ бейсанасында ата-анаға деген өкпе-реніш қалып қойған. Психоанализ негізін қалаушы Зигмунд Фрейд суреттегендей, діни топтың басшылары өздерін бәріне бірдей Құдай ретінде, мейірімді, шапағат тілеуші әке, ақиқаттың өзі ретінде көрсетеді. Бұл жөнінде француз психоаналитигі Жан-Пьер Винтер де айтқан. Ол жан жарасы бар бала идеал әкені іздеймін деп, көбіне байырғы әкеге (бағзы замандағы тек күш қолданатын қаһарлы әке) ұрынып жатады дейді. Қазіргі кезде байырғы әке дегеніміз – қылмыс әлемінің басшысы, диктатор, террористік ұйымдардың жетекшілері, есірткі тасымалдаушылар т.б. болуы мүмкін. Себебі адам бейсанасында адамзат дамуындағы барлық эволюциялық кезеңнің жадылары сақталған. Адам регрессияға, агрессияға бой алғанда, міндетті түрде бағзы кезеңдегі қатыгездік көріністер орын алады.К.АЙТБАЙҚЫЗЫ