Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, депутаттар демалыста аймақтарда жұмыс істеп жатыр.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жыл сайын депутаттардың дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын аймақтарға сапары өзгеріп, Мәжіліс депутаттары өңірлерде қоғамдық бақылау аясында коронавируспен күресте еңбек етіп жатыр.
– Парламенттік демалыс – бұл қалыптасқан түсінік. Себебі, жұмыс жалғасуда. Тек жұмыс барысы Парламент қабырғасынан аймақтарға ауысты. Биыл біз мәжілісмендердің дәстүрлі кездесулерінің форматын өзгерттік. Басты мақсатымыз – еліміздің барлық шетіндегі және шалғай ауылдарына бару. Депутаттар Қоғамдық бақылау аясында дәріханалар желілеріне мониторинг жүргізіп, ауруханаларды аралады. Халықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді бақылауға алып, дәрігерлердің жұмыс жағдайларымен танысты. Мәжілісмендер гуманитарлық көмектің жеткізілуі мен таратылуын қадағалап, көмекке мұқтаж тұрғындардың өтініштерін қабылдады. Депутаттар волонтерлік орталықтардың жұмысына да белсенді қатысуда. Бүгінгі таңда мәжілісмендердің белсенді жұмысын әлеуметтік желілерден байқауға болады. Біздің көптеген әріптестеріміз Facebook-тегі парақшаларында аймақтардағы жұмыстары туралы үнемі жариялап отырады. Мысалы, депутаттар Нұртай Сабильянов, Снежанна Имашева, Азат Перуашев, Айгүл Нұркина, Гүлнар Бижанова, Ирина Смирнова, Зәуреш Аманжолова, Айқын Қоныров, Магеррам Магеррамов, Нұржан Әлтаев, Меруерт Қазбекова және тағы басқалар, – деді Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин әлеуметтік желілерде депутаттардың шетелде демалып жүргені туралы ақпаратқа қатысты нақты жауап берді.
– Қазір әлеуметтік желілерде кейбір әріптестеріміздің шетелде демалып жатқандығы туралы ақпарат қызу талқылануда. Чартерлік рейс ұйымдастырылған деген жалған ақпарат та тарады. Сондықтан, мен бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін анық және нақты айтқым келеді. Қазіргі кезеңде барлық депутаттар елде, халыққа осы қиын кезеңнен өтуге көмектесуде. Біздің көптеген әріптестеріміздің өздері ауырды. Кейбірі жақындарынан айрылды. Бірақ, осы қиындықтарға қарамастан, біздің аймақтардағы жұмысымыз жалғасуда. Бұл алдағы Парламент сессиясында қажетті заңнамаға өзгерістер енгізу керектігін талдауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде заңнамалық қоржында ондаған жаңа заң жобалары бар, – деді Мәжіліс төрағасы.