Елдің жартысы ерікті болуға дайын
2016 жылғы 30 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды. Оны қабылдау осы қоғамдық құбылысқа қатысты бірыңғай түсінікті айналымға енгізуге, саладағы қоғамдық қатынастарды анықтауға, қоғамдық күш-жігерді жандандыру үшін заңды алғышарттар жасауға мүмкіндік берді. Бірақ осы істе кемшін тұстардың барын және оны жаңа заң аясында реттеу қажетін өмір көрсетіп отыр. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, Қазақстан «азаматтық белсенділік және волонтерлік қызмет деңгейі төмен елдер» тобына жатады. Мұны отандық әлеуметтік зерттеулер де растайды. Бүгінде қазақстандықтардың бар-жоғы 6%-ы ғана белсенді волонтер екен («Азаматтық қоғамдағы жағдайды зерттеу» әлеуметтік зерттеуі). Сұрау салуға қатысқан ел тұрғындарының 63%-ының ешқандай волонтерлік қызмет тәжірибесі жоқ («Қазақстан жағдайында қайырымдылық пен донорлық жүйесі» зерттеуі). Дегенмен бұл қозғалыстың әлеуеті зор: халқымыздың 48,7%-ы еріктілер ісіне араласуға ынта-ықылас білдірген. Ниет еткендер көп, онда неге нақты атсалысушылар аз? Сарапшылардың байламынша, бірнеше негізгі түйткіл бөгесін болып отыр және ол заң жүзінде кешенді шешуді талап етеді. Мысалы, волонтерлік қызметке қатысуды ынталандыру, көтермелеу жеткіліксіз. Еріктілерді есепке алу жүйесі дамымаған. Осындай азаматтарды өзгелерге үлгі етіп, жоғары қызметтерге ілгерілету деген жоқ. Енді қолданыстағы заңның олқылықтарына тоқтала кетсек. Ол заң волонтер мен волонтерлік ұйым арасындағы қарым-қатынастың сипатын айқындамайтын болып шықты. Егер бір топ ешбір құжат-құқықсыз әлдебір адамдардың еңбегін пайдаланып, ақша төлемесе, ол – құлдық болар еді. Еріктілер жұмысы басқаша жолға қойылуы тиіс. Әйтсе де, қолданыстағы Азаматтық кодексте жұмыстарды өтеусіз орындау үшін келісімшарт жасасу деген ұғым жоқ. Тек ақылы қызмет көрсетсе ғана тараптар шартқа қол қояды. Еріктінің құқығын қорғау үшін жазбаша нысанда азаматтық-құқықтық шарт қажет. Осыған байланысты жаңа заңда қоғамдық пайдалы мақсатта ерікті жұмысты ақысыз орындау үшін шарт жасасуға міндеттейтін норма енгізу ұсынылады. Сонымен қатар уәкілетті органға (Ақпарат және қоғамдық даму министріне) волонтер мен волонтерлік ұйым арасында жасалатын сондай шарттың үлгісін бекіту жүктелмек.Волонтер кітапшасы пайда болады
«Волонтерлік қызмет туралы» қазіргі заңда еріктінің мәртебесін растайтын және оның қоғамдық пайдалы жұмысының өтілін (стаж) есепке алатын ешқандай сәйкестендіру құжаты қарастырылмаған болып шықты. «Осы мақсатта еңбек кітапшасы үлгісінде жеке «волонтер кітапшасы» және еріктінің электронды куәлігі енгізілетін болады. Волонтерлерді тіркеудің оңайлатылған тәртібі іске қосылады. Сонымен бірге волонтер кітапшасы мен еріктінің е-куәлігін рәсімдеу және беру тәртібі айқындалады. Дәл осы екі құжат – еріктінің жеке басын және оның мәртебесін растайтын дербес құжаты болады» делінген заң жобасының тұжырымдамасында. Әрине, мұндай құжат алу және ұстап жүру оқушылар мен студенттер үшін ғана мақтаныш болуы мүмкін. Ересектер ынталандырудың басқа тәсілдерін қажетсінеді. Елімізде жүйелі волонтерлік қозғалысты дамыту үшін ел Үкіметі азаматтарды ынталандыру жүйесін енгізуді жоспарлауда. Мысалы, волонтерлік қызмет азаматтың еңбек өтіліне қосылмақ. Сондай-ақ ол еңбегі университет не колледжге түсу кезінде ескерілуі керек. Қауіпті жұмыстарға тартылатын волонтерлердің өмірін мемлекет сақтандыруы шарт. Чернобыльдағы атом стансасы жарылысының салдарын жоюға ерікті түрде барып, кейін ауру-сырқау күйде елеусіз, көмексіз қалдырылған комсомолдардың қайғылы тағдыры қайталанбауы тиіс. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің байламынша, Қазақстанда волонтерлер қызметін еңбек өтілі деп тану тәртібі жоқ. Бұл олқылықты жаңа заң түзеуі қажет.Еріктілерге – табысты лауазым
Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу арқылы тағы бір жаңалық өмірге жолдама алмақ: еріктілер қызметіне тартылған тұлғаларға жұмыс берушісі жұмыс орнын сақтай отырып, ақысы төленбейтін әлеуметтік демалыс беруге міндетті болады. Әйтпесе, өңірлерді тасқын су басқанда, халыққа әлеуметтік көмекті тарату керек болғанда, кейбір адамдар ізгі іске қатысқысы келеді, алайда бастығы жібермейді. Қолданыстағы заңнама бойынша волонтерлер қауіпті, зиянды және қолайсыз өндірістік фактормен байланысты жұмыстарға да жұмылдырылады. Мысалы, қыста түтеген боранмен, көктемде күркіреп аққан қызыл сумен, жазда сарт-сұрт жанған орман өртімен күреседі. «Волонтерлік қызмет туралы» заңның 6-бабына сәйкес, волонтерлік қызметтің негізгі түрінің бірі – «орталық және жергілікті атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жоюда көмек көрсету» болып саналады. Бетін аулақ қылсын, бірақ сонда ерікті жазым болса, артында шулап қалған отбасына ешбір меморган көмек көрсетпеуі мүмкін. Себебі Еңбек кодексіне сай, жұмыс беруші тек өз жұмыскері алдында материалдық жауапкершілік арқалайды: әкімдік – өз қызметкерлеріне, ТЖ құрылымдары және Ұлттық ұлан – өз жауынгерлеріне жауап береді. Волонтерлік ұйым болса, еріктінің өміріне жауапты емес. Сондықтан жаңа заң жобасында волонтерлердің өмірін сақтандыру, оның қызметі кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген шығынды өтеу бойынша әлеуметтік кепілдіктер енгізу жоспарланып отыр. «Халықтың волонтерлік қызметке қатысу ынтасын арттыру үшін жоғары оқу орындарына түскенде, мемлекеттік қызметке тұрғанда, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдарға жұмысқа орналасу кезінде еріктілерге артықшылықтар беруді заңнамалық түрде бекіту ұсынылады» делінген құжат тұжырымдамасында. Бүгінде елімізде ерікті болу үшін азамат кәмелетке толып, 18 жастан асуы тиіс. Жаңа заң жобасында ол межені 16 жасқа дейін төмендету ұсынылады. Өйткені «Еңбек кодексінде» қазақстандықтарға 16 жастан бастап еңбек шартын жасасуға рұқсат етіледі.Әлемнен – үздік үлгі
Дамыған елдерге еріктілерге қуатты қолдау көрсетілетіні мәлім. Мысалы, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Ирландия және басқа елдерде волонтерлер тегіс пәрменді медициналық көмекпен қамтылады. Америкада оларға медициналық сақтандырудың 5 түрі ұсынылады. «Бейбітшілік корпусы», «Америкорп» (AmeriCorps), «Еріктілердің лютеран корпусы», еріктілердің католиктік желісіне кіретін ұйымдар секілді ірі және ауқатты волонтерлік ұйымдар өз мүшелерін толығымен қамқорлыққа алады. Еріктілікке дейін АҚШ-тың Medicare ұлттық сақтандыру жүйесіне (бізше – МӘМС) кірген азаматтар осындай ұйымға мүше болысымен, сақтандыру жарнасын төлеуден босатылады. Себебі волонтерге «Америка корпусы» аталатын тегін сақтандыру полисі көзделген. Америкалықтар волонтер жеңілдіктерін мектептен бастап зейнетке шыққанша өмірінің барлық кезеңінде пайдаланады. АҚШ-та Отанға өтеусіз қызмет ететін ерікті ЖОО-ға, колледжге түсуде басымдыққа ие. Францияда волонтерлерге зейнеткерлікке ерте шығуға құқық берілген (préretraite). Бұл азаматтарға егде жаста ерікті қызметін өрістетіп, өзін Отанға, қоғамға керек сезінуіне ықпал етеді. КСРО-ның 15 республикасының бірі болған Молдова еуропалық бағдары аясында волонтерлік қозғалысты серпінді дамытуда. Оларда заң бойынша айына 20 сағаттан артық тегін қызмет істейтін адамдар міндетті түрде ерікті деп танылады және есепке алынады. Ерікті қызметі «жұмыс тәжірибесі» ретінде ескеріледі. Волонтерлерге медициналық қызметтер қолжетімді. Жазатайым оқиғаға ұшыраса, өтемақы ұсынылады. Оның сапары және тәулік бойғы тамақ және тұрғын шығындары бюджеттен өтеледі. Сырқатқа шалдықса, күтімі бойынша жәрдемақы алады. Қарап тұрсақ, әлемде ынталандыру тәсілдері сан алуан. Қазақстанға тек соның өзіне қажеттісін таңдау және осы ізгі қозғалыстың өркендеуіне серпін беру ғана қалады.Айхан ШӘРІП