Қой бағасы қымбат па?
Қой бағасы қымбат па?
1,026
оқылды
 

 Мал бағасын көтермеуге шақырады

Биыл құрбандық малын ба­рып таңдау және оның басы-қа­сында болуға шектеу қойылып, қашықтықтан құрбан шалу жо­басы қолға алынды. Осыған орай, 24 шілдеде Qurban2020.kz сайты іске қосылған болатын. Ниет­тенген кез келген адам сайт ар­қылы құрбандық шалуға тап­сырыс беруіне болады. Ал онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабыл­данбақ. Ел тұрғындары құрбандық малын таңдап, төлем жасап, кейін қаласа фото және бейне есе­­бін сұрата алады. «Онлайн тап­­сырыс арқылы құрбандық шалу ке­зінде үйреншікті болған малды өзі­міз таңдау, қасапшының жа­нына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай, осы кезге дейін құр­бан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші-қолаңға ар­нап айт­тық дастарқанын жая­тын. Пандемия жағдайына бай­ла­нысты сойылған ет биыл түгел­дей әлеуметтік аз қамтылған жан­дарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Онлайн режимде тапсырыс қабыл­дап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі өзге елдерде де бар. Мәселен, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірлігі сынды бірқатар мұ­сылман мемлекетінде бұрыннан қалып­тасқан. Бұл жүйенің басты ерек­шелігі – құрбандық етін түгел­дей мұқтаж азаматтарға тарату. Қазірдің өзінде сайт арқылы тұр­мысы төмен 2,5 мың отбасы көмек сұраған, құрбан шалуға 200-ге жуық азамат онлайн тапсырыс берген. Тұңғыш рет қолға алын­ған жобаның мақсаты – діни жоралғы­ларды ұйымдастырып, азамат­тардың денсаулығын қорғау. Бұл жерде ескеретін жайт, онлайн құрбандық шалу барысында имам­дардың жұмысы делдалдық емес, тек рәсімді ұйымдастырып, құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіріп беру. Қазір табысынан айырылып, азық-түлікке мұқтаж болып отыр­ған отбасылар жетерлік. Осы реттен алғанда көптеген отбасыларға кө­мек болмақ. Дін қызметкерлері де азаматтарды пендешілікке салынбай, мал бағасын көтермеуге шақырды, пайда табудан сауапты іске атсалысуға шақырып отыр.  

Елордада бір қойдың орташа бағасы – 50 мың теңге

Биыл мал бағасы өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Былтыр елордада тоқтылар 35-45 мың теңге болса, одан ірілері 65 мың теңгеге дейін барған еді. Мәселен, бір қойды 45 мың теңгеге алсаңыз, 500 теңгеге арба жалдап, қасапшының қызметіне 2 мың теңге, бас үйітуге 1,5-2 мың теңге, ішек-қарнын жуып бергені үшін 1,5 мың теңге, жалпы қосымша қызметке 5 мың теңге шамасында төлейтін едіңіз. Ал биыл жағдай мүлде басқаша. Елордадағы мал базарының бағасын жіті зерттей отырып, қабылданған орташа баға – 50 мың теңге. Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіповтің сөзінше, малдың алдымен жасына мән берген абзал. Талап бойынша құрбандыққа бір жасқа толған қой мен ешкі, екі жасар сиыр және бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, шұнақ болмауы тиіс. Өйткені арзан бағаға сатып алынған, жасы толмаған қой құрбандық орнына жүрмей қалуы мүмкін. «Мал бағасына қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Жалпы, құрбандық малына қойылатын талап бар. Қазіргі таңда елордада қойдың бағасы – 50 мың теңге, ал ірі қараның бағасы 350 мың теңге деп бағаланды. Мәселен, «35-40 мың теңгеге бір қой алып құрбандықты неге шала алмаймын?» деген уәж айтуы мүмкін. Біз мұнда қойдың жасына назар аударуымыз керек. Алты айға жетпеген тоқтыларды 35-40 мың теңгеге алуыңыз мүмкін, алайда олар шариғат талабына сәйкес келмеуі мүмкін», – дейді Ерболат Жүсіпов. Бір ірі қараны жеті адам құрбандыққа шалуына болады. Ірі қара бағасы биыл – 350 мың теңге, сонда әрбір адам 50 мың теңгеден тапсыруы керек. Яғни, бір азаматтың қойға шығатын шығыны да осы шамадан аспауы тиіс секілді. Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұхановқа бағаны бақылауда ұстау мақ­са­тында жасалып жатқан шара­лар жөнінде сұраған едік, тұшым­ды жауап болмады. Тек қана «әкім­дік тарапынан тиісті шаралар қа­былданған» деп қысқа қайырды. Құрбан шалу карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, тиіс орын­дарда жүзеге аспақ. Онда серти­фикаты бар 40 қасапшы жұмыс істемек.   infagramma  

Баға неге қымбат?

Алматы қаласында қой бағасы тіптен шарықтап кеткен. Тоқтылар 40 мың теңгеден басталса, қойдың бағасы – 65-70 мың теңге. Малды сатып алған жерінде сойғызып, мүшеге бөліп алсаңыз, қосымша 3-3,5 мың теңге төлеуіңіз қажет. Қаланың Айнабұлақ ауданында орналасқан мал базарында істейтін Жасұлан Еркінұлынан қой бағасын сұрағанымызда, шекті баға 90 мың теңгеге дейін барғанын айтып қалды. Алайда ондай қойлар сирек әрі тез өтіп кететін көрінеді. Қой бағасының қымбаттауына елдегі ет бағасы өсуінің де әсері бар. Мысалы, Алматыда ет сата­тын базарда сиыр еті арзан­дап, керісінше қойдың еті қымбат­таған. Сиыр етінің келісін 1 850 теңгеден, қойдың етін 2 200-2 400 теңге аралығында саудалайды. Жалпы, қой еті соңғы бір жылда 16-17 пайызға қымбаттаған. Был­тыр елден 264 мыңға жуық қой экс­портталыпты, олардың жарты­сынан көбісі асылтұқымды мал. Ұсақ малдың негізгі сатып алушысы Өзбекстан барлығы 200 мыңнан аса қой алған. Ресейге – 21,5 мың, Әзірбайжанға – 18 мың, Иранға 12 мың бас қой жеткізілген. Мейрам қарсаңында өңірлер­дегі қой бағаларын білуге ты­рыстық. Бағалар малдың жасына, дене бітіміне байланысты әртүрлі. Кестеден байқап отырға­ны­мыздай, ең қымбат қойдың бағасы Алматы мен Шымкент қаласында тіркеліп отыр. Ал құрбандық шалу үшін қойдың ең арзанын Павлодар, Петропавл, Көкшетау қалаларынан сатып алуға болады. Сонымен қатар maltabu.kz сайтын да шолып шықтық. Онда бағалар шамамен 35-70 мың теңге аралығында сатылуда. Осы хабарландырулар негізінде бірнеше азаматқа хабарласып, қой бағасын көрсетілген бағадан түсіруін сұрап едік, келіспейтінін айтты. Қазір той-томалақ тоқтаған, соғым уақыты келе қойған жоқ. Дегенмен малға деген сұраныс жоғары. Біріншіден, мейрам қар­саңындағы діни рәсім болса, екін­шіден, коронавирус инфекция­сымен байланысты өлім-жітімнің көбеюі екенін де ескерген жөн болар. Азаматтар құрбан шалуға онлайн тапсырыс бергеннен көрі, малды өзі таңдап алғанды жөн көреді. Карантин талаптарын сақтау қажеті қанша ескертілсе де тұрғындар жергілікті мал базарына барып, құрбандық үшін, ас беру мақсатында малды өздері сатып алуда.  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=