«Кредитің болса, кері кет» дегені ме?
«Кредитің болса, кері кет» дегені ме?
626
оқылды
«Дипломмен – ауылға» аясын­да денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, ауыл шаруашылығы кешені салалары бойынша білім алған жас мамандар ауылға барып жұ­мысқа орналаса алады. 11 жыл­дан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаның жағымды тұсы – жұмысқа орналас­тырып, оған қоса қаржылай қолдау білдіретіні. Дипломмен ауылға аттанған маманның бәріне көтер­ме жәрдемақы беріледі. Келісімшарт бойынша үш жыл сол жерде жұмыс істеуі тиіс. Мерзімі аяқталмай тұрып жұмыс ауыстырса, жәрдемақыны қайта­рады. Бұл – бәріне бірдей берілетін көмек. Биыл көтерме жәрдемақы көлемі ұлғайып, 100 АЕК немесе 277 мың теңге болып­ты. Сонымен бірге сол ауылда қалып, үйлі болуды мақсат еткендерге берілетін мүмкіндік – бюджеттік кредит арқылы баспана алу. Мұны енді таңдауы мен қалауына қарай алуға болады. Бұрын 1,7 млн теңгеге дейінгі сома қарызға берілсе, қазір 4,1 млн теңгеге дейін. Кредит мөлшерлемесі – 0,01%, мерзімі – 15 жылға дейін. Былай қара­саңыз, өте қолайлы. Бірақ екінің бірі ала алмайды. Баспана алудың шарттары бар. Туған-туыстың үйін не сол уақытта тұрып жатқан баспананы алуға болмайды. Ұлттық экономика министрлігіне жіберген сұранысымызға келген жауапта «кредит болмауы тиіс» деген талаптың мамандардың кейін жүктемесі көбеймес үшін қойылғаны айтылып отыр. «Әлеу­меттік қолдау шараларын ұсыну Ережесіне (Ұлттық эко­номика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығы) сәйкес, егер құжаттарды тап­сыр­ған кезде маманның қолда­ныстағы кредиттер бойын­ша берешегі болмаса, маман бюджеттік кредит түрінде әлеу­меттік қолдау шараларын ұсынуға үміткер бола алады. Бұл норма биылғы мамыр айында енгізілді. Осы норма бұрын берілген кре­диттер бойынша берешегі бар мамандарға қаржылық жүктемені болдырмау үшін енгізілгенін айту керек. Басқа кредиттердің болуы мамандардың төлем қабіл­етіне әсер етеді» делінген ресми жауапта. Сала министрлігі жаңа енгізілген норма кадр тап­шылығын тудыр­майды деген пікірде.  

68 мың маман ғана ауылға барды

 Бағдарламаға қатысты сан дерек­тер келтірсек. Ұлттық экономика минис­трлігі берген деректерге сүйенсек, «Дип­ломмен ауылға» жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан бастап 2019 жылға дейін) 68 мыңнан астам маман 9,1 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алған. 31 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 85,5 млрд теңге сомасында бюджеттік несие берілген. 2020 жылға 4,8 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге – 20 млрд теңге, сондай-ақ 8,2 мың маманға көтерме жәрдемақы беруге 2,2 млрд теңге көзделген. Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, 2,5 мың маман бюджеттік несие алып, 4,7 мың маманға көтерме жәрдемақы беріл­ген. Ауылға мұғалім болуға аттанған Ай­нұр Ақылбекқызы бағдарламаға дән риза. «Дипломмен – ауылға» арқылы жұмысқа кіріп, үй алдым. 15 жылға бөлгенде қазір айына 11 111 теңге төлеп отырмын. Былай қарасаңыз, бір отырыста жұмсалып кететіндей-ақ ақша. Есесіне, үйлі болуға болады. Баспананы 2 млн теңгеге алдым, қайтаратын сома­сында да пайызы тіпті жоқ десе болады. Көпшілігі құжат тапсырып, әрлі-берлі жүрісі көп болғаннан қашады. Өйткені шынымен жұмысы көп. Бірақ құжатқа тиянақты болса, қиындық тудыр­майды деп ойлаймын. Меніңше, мамандарға өте жақсы мүмкіндік», – дейді жас ма­ман.  Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бағдарламадағы соңғы өз­герістерді қолдамайтынын білдірді. «Қазір басында кредиті жоқ адам кемде-кем. Сондықтан банкке қарыз екен деп бюджеттік несие бермей қойған дұрыс емес. Бұл қолдағы дипломымен ауылға қызмет етуге ниет­тенген маманның бетін қаққандай әсер етеді. Азын-аулақ несиесі бол­са, жалақысын есептеп, төлемге қаншалықты қабілетті екенін тексеру керек. Егер төлеп тұра алатын болса, неге бермеске? », – деп есептейді Сенат депутаты. Алматы қаласындағы №47 мектептің мұғалімі Сұлтан Сүлеев бұл шартты аяқтан шалатын ереже деп санайды. «Осы ережені енгізгендердің не ойла­ғанын білмеймін. Бірақ мемлекеттік  мүд­дені қысқа уақыттық қаржы­лай мүддеге ауыстырғаны қынжыл­­тады. «Ауылды көтереміз, ауыл – алтын  бесік, туған жерге туыңды тік, болашақ – ауылда» деген сән­ді ұрандар үшін қаншама заң қабылданып жатыр. Сөйте тұра,  осындай аяқтан шалатын ережелер қосып қояды. Бір қол­мен беріп, екіншісімен алып қояды. Қазір елдің көбінде – кредит. Жастар да ол науқаннан шет қалмады. Ақша төлеп оқуын аяқтаған болар, не болмаса диплом аларда несие алған шы­ғар? Енді соны қайтарайын десе, «Дипломмен – ауылға»  бағдар­ламасы бойынша жұмысқа кіре алмайсың дейді. Талапкер ауылға барып,  қызметке тұ­рып, қарызын қайтаруды ойлаған  шығар? Осы ережені не себепті енгізгені түсі­ніксіз. Алыс тастау қажет» деп ойын білдірді ұстаз.  

Ұсыныстарды ескерілмей жатыр

Осыған дейін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енгізу керек өзгерістер аз айтылған жоқ. Биыл ескерілмей қал­ған, бірақ қолға алынғаны құба-құп болатын ұсынысты осы тұста айта кетейік. Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысын­да «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Теміржанов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қатысты депутаттық сауал жолдаған. Мәні сол, қандай өзге­ріс енгізсе, жақсы әсері молаятыны хақында. Мәжілісмен бағдарлама аясын кеңейтіп, ауылға ғана емес, аудандарға да жіберуді ұсынды. «Жоба 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 54 мың маман 12,5 млрд теңгеге әлеуметтік қолдау төлемін, 23,5 мың маман жалпы сомасы 57 млрд теңгеге үй алуға не салуға бюджеттік кредит алған. Бағдарламаға қатысу шарттары жас мамандардың сұрауына қарай өзгер­тіліп, төлем көлемі ұлғайтылып, қатыс­ушылар ауқы­мы да кеңейтілді. Аудан­дар­дағы қалаларда туындап отыр­ған мәсе­леге мән беру керек.   Diplommen aylga1    

Аудандар есепке алынбайды

Білуімізше, ауылда денсаулық сақ­тау саласында 5 мың маман тапшы екен. Білім беру саласында да сұра­ныс осындай. Айталық, Ақмола облысындағы Есіл қаласында тұрғын саны – 11 мың ғана. Бүгінде ол жерде білім беру, мәдениет және спорт, денсаулық саласы мамандары жетіспей жатыр деседі. Сонымен бірге облыс орталығынан шал­ғай орналасқан қалалар бар. Мысалы, 6 мың тұрғыны ғана бар Державинск қаласы облыс орталығынан 500 шақырым жерде орналасқан. Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка қала­сында – 7 мың, Ақтөбе облысындағы Жемде 1,7 мың адам тұрады. Солтүстік пен Шығыс Қазақстан бойынша да ахуал осыған ұқсас. Ал енді салыстырып көрсек, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауы­лында – 39 мың, Қазығұрт ауданына қарасты Қазығұрт ауылында – 106 мың, Түлкібас ауданының Тұрар ауылында 111 мың тұрғын бар екен. Оқу орнын тәмамдаған түлек ауыл­ға ғана барғысы келеді. Себебі аудандық қалаға жұмысқа орналасқанда әлеу­меттік қолдау төлемі де, үй алуға бюджет­тік кредит те берілмейді. Сондай-ақ сол қаланың қасындағы ауылдың мектебімен салыстырғанда жала­қысы 25 пайызға төмен. Жобаның шарты сол – нақ ауылға жұмысқа баруы тиіс. Жобаны іске асыру кезінде дисбаланс орын алып отыр. Яғни, әлеуметтік әділетсіздік бар. Аты қала болға­нымен, заты қала емес, тұрғын саны ауылдан да аз жерге барған маман неге әлеуметтік қолдау шараларынан қағылады? Ауылға маман тарту мәселесін шешемін деп аудандағы қалалар шетте қалып жатыр. Сондықтан жоба­ның шарттарын қайта қарау керек деп есептейміз», – дейді Мәжіліс депутаты. Әдетте ипотекаға үй аларда да тө­лем қабілетін растау үшін кредиттің болмауын талап етеді. Мұндағы жүйе де соған ұқсап тұр. Бірақ енгізілген ереже кредиті болса да, төлей алатын болса үй бере ме, жоқ әлде базада шыққан бір дерекке бола есептеместен құжатты кері қайтара ма? Мәселе – осында. Жаңа енгізілген норма «Ауылға кел, қалқатай» деп алып, енді «кредитің болса, кері кет» дегеннің кебі болмас па екен?  

Жадыра АҚҚАЙЫР