Жамбылға Татарстан дәрігерлері көмекке келді
Жамбылға Татарстан дәрігерлері көмекке келді
185
оқылды
Жалпы, Жамбылда аурулар­ға арналған төсек-орын 715-тен 1 780-ге дейін артты. Уақытша стационардағы төсек жүктемесі 33 пайызға, ал реанимация бө­лімшелерінде 13 пайызға азайды. Қазіргі таңда COVID-19 және пневмониямен ауыратын нау­қастарды емдеу үшін стацио­­нарлық төсек-орын жеткілікті. Аурухана қызметкерлеріне ар­налған жеке қорғаныс құралда­рының резерві де қалыптасып отыр. Төсек қорын қажетті құрал-жабдықпен жабдықтау жұмысы жүйелі жүргізіліп, қолданыстағы 146 ӨЖЖ аппаратынан бөлек, қосымша 250 оттегі концен­тра­торы, 62 ӨЖЖ аппараты (олар­дың 19-ы жеткізілген), 270 оттегі концентраторы (200-і жеткізіл­ген) сатып алынбақ. Жедел жәрдем бригада­лары­ның саны 68-ден 92-ге жетті де­сек, шілде айында жедел жәр­дем­ді шақыртулар саны 10 па­йызға төмендеген. Өңірде науқастарды дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз ету мәсе­лесі де кезең-кезеңімен шеші­лу­де. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы «СҚ-Фармация» ЖШС-нің өңірдегі өкілдерімен тұрақты келіссөз жүргізіп, жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек сатып алуға қо­сымша өтінім жасаған. Бүгінде 471 миллион теңгеге препараттар жеткізілген. Медициналық меке­мелерге 56,7 мың таблетка және 75,3 мың құтыдағы антибио­тик­тер, 13,1 мың антикоагулянттар, шприцтер, 16,5 мың вирусқа қар­сы препараттар және 2,5 мың дене қызуын түсіретін дәрілер келіп түсті. Сондай-ақ Өзбекстаннан дәрі-дәрмек сатып алуға жергі­лікті бюджеттен ақша бөлінуде. Бүгінгі таңға 10,2 миллион тең­геге дәрі-дәрмектің кезекті пар­тия­сы келді. Бұған дейін 24 мил­лион теңгенің дәрі-дәрмегі көрші мемлекеттен жеткізілген болатын. Бизнес өкілдері де мұқтаж жан­­дарға коронавируспен кү­ре­суге көмектесуде. Кәсіпкерлер дә­рі-дәрмек пен медициналық мақ­саттағы бұйымдарды сатып алуға ақша жинап, демеушілер есебінен 3 ӨЖЖ аппараты және 82 оттегі концентраторын сатып алды. Одан бөлек, гуманитарлық көмек аясында Катар, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірлігінен жеке қорғаныс құралдары, экспресс-тесттер, антисептикалық және дәрі-дәрмек жеткізілді. Облыста ПТР зерттеуге ар­налған 6 зертхана бар десек, симп­томсыз емделушілер мен коронавирус инфекциясының жеңіл белгілері бар науқастарды толық есепке алу, үйде медици­налық көмек көрсету үшін 214 мобильді топ құрылған. Олардың құрамына дәрігерлер, медби­ке­лер және әлеуметтік қызмет­кер­лер енген. Мемлекеттік орган­дар­дың 78 қызметтік көлігі уа­қытша мобильді бригадаларға беріліп отыр. Қазіргі таңда облыстың 116 мектебінде алғашқы медици­на­лық көмек пункті ашылған. Тағы бір жағымды жаңалық – Жамбыл облысына Татарстан елінен бір топ дәрігер келді. Шетелдік ма­мандар медициналық көмек көр­сету, коронавирус инфек­ция­сы мен пневмонияны емдеу бо­йын­ша тәжірибе алмасу мақса­тында аймаққа атбасын бұрып отыр. Келген дәрігерлердің қата­рында дәрігер-инфекционист, анестезиолог-реаниматолог, эпи­демиолог және амбулатория­лық-емханалық қызметтің ма­мандары бар. Бүгінгі күні өңірде корона­ви­рус инфекциясымен және пнев­мониямен сырқаттану­шы­лық жағдайының тұрақтану үр­дісі бай­қалғанына қарамастан, шет­ел­дік әріптестердің тәжіри­бесі өз нә­тижесін береді деп күтілуде. Облыс әкімдігі Денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуын­ша, Татарстаннан келген ма­мандар коронавирус пен пнев­мония аймағындағы емдеу хат­тама­ла­рымен танысып, жергі­лікті дә­рі­герлерге консуль­та­ция­лық және әдістемелік көмек көрсетеді. – Келгендердің барлығы жо­ғары санаттағы білікті мамандар. Олар облыстық денсаулық сақ­тау жүйесінің, коронавирус және пневмониямен ауыратын нау­қастарды емдеумен айналысатын ұйымдардың жұмысымен таны­сатын болады. Бұл аурухана­лар­дан бөлек емханалық нысандарға, орталық аудандық ауруханаларға жоспарланған. Ресейде корона­вирусты емдеудің жақсы тәжіри­бесі қалыптасты. Менің ойымша, ресейлік мамандардың келуі бізге кейбір мәселелерді қайта қарап, осы бағыттағы жұмыс­тарды жақсарта түсуге мүмкіндік береді, – дейді М.Жұманқұлов. – Бұл екіжақты сапар. Біз ко­ронавирус инфекциясын ем­деудегі тәжірибелерімізді салыс­тыру, ауыр науқастарды күту мо­делі, медициналық көмек көр­сету құрылымының қалай ұйым­дастырылғанын көру, өз тә­жірибеміздің тиімді тұстары­мен бөлісу мақсатында келдік, – дейді өз кезегінде Татарстан Ден­саулық сақтау министрлігінің республикалық клиникалық он­кологиялық диспансерінің анес­тезиолог-реаниматологі Алек­сандр Ванюшин. Айта кету керек, бұл шара об­лыс әкімі Бердібек Сапар­баев­тың Татарстан президенті Рустам Миннихановпен келісімі бойын­ша Ресейдегі Қазақстан елшілі­гінің және мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетовтің қол­дауымен ұйымдастырылып отыр. Мұндай келісім көкжие­гі­нің ко­ронавируспен күресте тең­дессіз көмегі болады деп сенеміз.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы