Гонконгтағы шеру: Үкімет диалогқа бейім
Гонконгтағы шеру: Үкімет диалогқа бейім
142
оқылды

Адам құқықтары бойынша Азаматтық майдан 18 тамызда өткен Гонконгтағы жексенбілік қарсылық шеруіне 1,7 миллион адам қатысқанын хабарлады.

South China Morning Post газетінің ақпарына сәйкес, қарсылық акциясын ұйымдастырушыларға Виктория саябағында бейбіт шеруге шығуға рұқсат етілген. Алайда шеруге шыққан адамның көп болғаны соншалық, олар 100 мың жанға лайықталған саябаққа сыймаған. Сол себепті, шерушілер Үкімет кварталына дейін көше бойлап жаяу жеткен. Жергілікті полиция шерушілердің ғимаратқа тас атып, ал полицейлерге қарсы лазерьлер қолданғанын хабарлады. Полиция шеруге шыққандарды райынан қайтарып, тарауға шақырған.

Үкіметтің ресми өкілі шерудің бейбіт түрде өтіп жатқанын, алайда шерушілер Гонконгтағы жолдың бәрін жауып, көлік қызметіне кедергі келтіргенін алға тартады. Сондай-ақ ол қазіргі таңдағы басты мәселе қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіру екенін, шеру басылғаннан кейін үкімет қоғаммен бейбіт диалог жүргізетінін хабарлады.

Гонконгтағы бейберекеттік қатарынан үшінші ай жалғасып келеді. Қарсылық акциясы күдіктілерді Қытайға экстрадициялау туралы заң жобасына өзгеріс енгізу салдарынан басталды.

БҰҰ Гонконг билігін байсалды әрекет етуге шақырып, бейбіт пікір білдірушілердің құқығын сақтау қажетін алға тартты. Өз кезегінде ресми Қытай билігі БҰҰ-ның зорлық-зомбылық пен қылмыстық әрекеттердің болатынын біле тұрып Гонконгтағы жағдайға деген ұстанымдары жаңылыс екенін атап, мемлекеттің ішкі ісіне араласпауға шақырды.

Deutsche Welle агенттігінің ақпарына сәйкес, Ақ үй басшысы Дональд Трамп Гонконгтағы қарсылық акциясына қатысушыларға қытай билігі тарапынан қысым жасамауға шақырды. Қысым арқылы бейберекеттікті тоқтатуға деген ұмтылыс осыдан 30 жыл бұрын Тяньаньмэнь алаңында болған еді. Трамп осы оқиғаны алға тартып, бұл жағдай шиеленісе берсе АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда байланыстарына теріс ықпал ететінін ескерте кетті.


Сафина АҚТАЙ