11 шілде күні белгісіз адам Түрксіб ауданындағы тұрғын үйді тонап, үй иесінің 17 мың доллар ақшасын тонағанымен қоймай, үйде болған 4 жасар бала мен 15 жасар қыз баланы қорқытып-үркітіп, қызға зорлық жасаған. Полиция қызметкерлері аталған қылмысқа байланысты арнайы жоспар құрып, оның қайда жасырынғанын анықтады. Күдіктіні ұстау барысында онымен бірге 13-қабаттан секіріп, 11-қабаттың алаңқайына құлаған Бақытжан Әнуарұлы жараланғанына қарамастан, оның қолын бұрап, өзге әріптестері келгенше ұстап тұрған. Біз Мемлекет басшысының Жарлығымен марапатқа лайық деп танылған Бақытжан батырды арнайы құттықтап, хабарласқан едік.– Күдіктіні ұстау үшін алдын ала жоспар құрылды. Кімдер бұл іске жауапты екені бекітілді. Бірінші оның кім екені, қайда жүргені анықталды. Төрт күн бойы күдіктінің ізін кесіп, қайда екенін бақылауға алдық. Төртінші күні оның қай жерде жасырынғанын анықтап, полиция бөліміне хабар бердік. Күдікті уақытша пәтер жалдап тұрған. Оның қай үйде, нешінші пәтерде жасырынып жатқаны белгілі болғаннан кейін пәтер иесін тауып, сөйлестік. Ол күдіктінің суретін көріп, сол екенін растады. Бізге үй қожайыны көмектесті. Ол өзіндегі артық кілтпен есікті ашып, күдіктіге құбырдан су ағып жатқанын, сол үшін сантехник келгенін айтты. Әріптесім, полиция аға лейтенанты Мейір Несіпбай екеуміз күдікті жасырынған пәтерге ПИК жұмысшыларының киімін киіп, сантехник ретінде бардық. Қылмыскер біздің іс-әрекетімізден секем алды ма, қашуға әрекет жасады. Бар ойым кішкентай қызға айуандық әрекет жасаған оны ұстау болды. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Мұндай жағдайда тез шешім қабылдауға тура келеді. Ол терезеге қарай жүгіргенде оны ұстаймын деп әрекет жасадым. Сол қарқынмен екі қабат төмен пәтердің террасасына екеуміз қабаттаса құладық. Ол келесі террасаға секірмек болғанда аяғынан тартып, ұрып құлаттым. Сосын мойнын қылқындыру әдісін жасап ұстап тұрдым. Мен тек қана қашқынды жіберіп алмау керегін ойладым. Сол кезде көмекке әріптестерім де келді, – дейді Бақытжан Әнуарұлы.
Бақытжанның сөзінен оның салмақты жігіт екені аңғарылып тұрды. Сыр суыртпақтап біраз әңгімеге тарттық. Кейіпкеріміз Түркістан облысының Жетісай ауданында туған екен. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің заң факультетін тәмамдаған. Жас маман бірден өзі қалаған жұмысқа орналаса қойған жоқ. Қолынан келген кәсіппен айналысып, еңбектенді. Құрылыста да жұмыс істеді. Дегенмен түпкі ойы өзі қалаған, білім алған саласында еңбек ету болды. 2006 жылы Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі қызметіне ішкі істер органдарына қабылдау тәртібінің барлық талабын орындап, конкурстан өтіп орналасады. Содан бері осы қызметте.
Бақытжан Бәкіров әкесі Әнуардың мақта зауытында еңбек еткенін, бала тәрбиесімен анасы айналысқанын, өздеріне тәлім-тәрбие берген ата-анасына ризашылығы шексіз екенін айтады. Ол үйдің тұңғышы, өзінен кейін іні-қарындастары бар. Кішкентайынан еңбекке араласады. Бау-бақша күтімімен айналысып, мақта теріп өскен. Еңбекке ысылған ол есейгеннен кейін де қиын шаруадан қашқан емес. Мектепте оқып жүргенде самбо, еркін күреспен айналысты. Қазір спортпен тұрақты айналысуға онша уақыты бола бермейді, дегенмен үнемі бабында болу үшін жаттығу жасап тұру дағдыға айналған.
Бақытжан алты баланың әкесі. Үлкені 10-да болса, кішкентай егіздері төрт айлық.
– Қылмыскердің ізіне түскенде, онымен бетпе-бет келгенде бар ойым оны ұстау ғана болды. Қашқынды қолға түсіріп, ұстап отырғанда көз алдыма әлі буындары қатпаған кішкентай балаларым елестеді. Расында да, Құдай сақтап қалды. Егер мерт болсам, олардың тағдыры, болашағы не болар еді? Балаларым кішкентай болғандықтан, болашақта кім болатынын әлі шешкен жоқ. Оларға «Сабақтарыңды жақсы оқыңдар» деп ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Ең бастысы, балаларыма жақсы тәрбие беріп, олар өмірде өз орындарын тапса екен деймін. Өзім осы жолды таңдадым. Қызмет барысында небір күрделі операцияларды орындауға тура келеді. Қылмыскерді ұстау – менің міндетім. Осы жолғы әрекетімді ерлік деп бағаламаймын. Себебі кез келген полиция қызметкері қылмыскерді қолға түсіру үшін осындай қадам жасар еді, – дейді ол.
Бақытжан Бәкіровті осы әрекеті үшін бұған дейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттаған болатын.
Полиция майоры қылмыскермен бірге төменге секіріп кеткенде өкше сүйектері сынған. Оның аяғына үш рет операция жасалды. Дәрігерлер оның көп ұзамай жұмысқа оралатынын айтып отыр.