Ауыл дәрігерлері көмектен қалыс қалмады
Ауыл дәрігерлері көмектен қалыс қалмады
338
оқылды
Медицина қызметкерлерін қолдау акциясын «Nur Otan» пар­тиясы жанындағы «Jas Otan» Жас­тар қанаты мен өңірдің ме­це­нат­тары, белсенді партиялықтар ұйым­дастырды. Коронавирус инфекциясымен күрес кезінде ауылдағы про­визор­лық орталықтардың жағдайы ауыр болды. Оларда білікті маман­дар­дың тапшылығы айқын байқалды. Де­генмен қиындыққа қарамастан, бар­лық медицина қызметкерлері тәу­лік бойы емге мұқтаж жан­дар­дың қасынан табылды, көмегін аямады. «Nur Otan» партиясының қо­ғамдық бақылауы аясында Пар­ламент Мәжілісі депутаттары Гүл­­нар Бижанова, Василий Олей­ник пен облыстық партия фи­лиа­лы төрағасының орынбасары Қа­ди­ша Оспанова Бұқар жырау ауда­нының бірнеше нысандарына арнайы барып, жағдаймен таны­сып қайт­ты. Депутаттар «Нұрлы жер», «Нұр­лы жол», «Жұмыспен қам­­­тудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» мем­лекеттік бағдарлама­ларын жү­зеге асыру барысымен танысты. Са­пар барысында аудан-қала­лар­дағы үкіметтік емес ұйым­дар, облыстық басқармалар мен де­партамент басшылары, әкім­дердің орынбасарлары, жергілікті жердегі ішкі саясат бөлімдерінің жетек­ші­лері мен бұқаралық ақ­парат құ­ралдары өкілдері қа­тысқан форум өтті. Қатысушы­лар­дың бар­лығы партияның «Дә­рігерлерге мың ал­ғыс!» акциясына қолдау білдірді. Форумнан кейін Бұқар жырау ауданының медицина қызметкер­леріне партия өкілдері алғысхат пен пакет табыс етті. Олардың әрқайсысына ылғалды сулықтар, қол кремі, бал, лимон, минералды су және тағы басқа салынды. Бүгінде дәрігерлердің жұмысы әлдеқайда жеңілдеді. COVID-19 індетінiң таралуы төмендеп ке­леді. Облыстық медицина мекеме­лері қажетті дәрі-дәрмек пен құ­рал-жабдықтарды алуды жалғас­тыруда, – деді партия филиалы төрағасының орынбасары Қади­ша Оспанова. Қарағандылық кәсіпкерлер осы қиын кезеңде денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетіп, жерлестерге қамқорлық жасауда. Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов Ботақара кентінің ауруханасына жақын арада жет­кізілетін ӨЖЖ аппаратына қаржы аударды. Ақтоғай ауданында да орталық аудандық аурухана мен ауылдық дәрігерлік амбулаториялар көмек алды. Мұнда да қайырымдылық акциясының бастамашысы – «Nur Otan» партиясының мүше­лері. Ақтоғайлықтар оттегі кон­цен­траторын, пульсоксиметр, Боб­ров аппаратын және басқа да жабдықтарды сатып алуға 2,5 млн теңгеге жуық қаражат жинады. Акцияны Шашубай кентінің мектеп және балабақша қызмет­керлері де қолдады. Олар медици­налық мекемелерге диагнос­ти­калық құралдарды сыйға тартты. «Nur Otan» партиясының Сәт­баев қалалық филиалы мен партия ардагері Қорғанбай Құлшариев «СПТВС» ЖШС бірлесіп, тубер­кулезге қарсы диспансерге, Орта­лық қалалық ауруханаға және Сәт­баевтың медициналық-сани­тарлық бөліміне 200 литр қымыз, 50 келі ет жеткізді. Партияның Нұра аудандық фи­лиалы «Жер» фермерлік қожа­лығымен бірге 100 литр қымыз жинап, Нұра ауданының орталық ауруханасын қамтамасыз етті. Ұлытау ауданының тұрғыны, шаруа қожалығының иесі Дәурен Байболов аудандық орталық ауру­ханаға 200 келіден астам ет, 30 литр қымыз, 100 келіден астам көкөніс және басқа да азық-түлік тапсырды. Қарқаралы ауданының тума­лары да өздерінің туған жерінде орналасқан ауруханаларға оттегі концентраторын тапсырды. Кә­сіпкерлер Нұрлан Мұсипов пен Ер­мұрат Зейнешев, Қараған­ды­дағы «Тазалық Эксперт» ЖШС басшылары өз қаржыларына 8 оттегі концентраторын сатып алып, Қарқаралы мен Егіндібұлақ ауылдарының ауруханасына жет­кізді. Бұдан бұрын «Темірзат» ЖШС басшысы Айдын Мезгіл­баев оттегі концентраторын Қар­қа­ралы ауданының орталық ауруханасына тапсырған болатын. Ал Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қарағанды, Теміртау, Абай, Жезқазған, Сәтбаев, Нұра және Жаңаарқа аудандарының ауруханаларына 5 тоннадан астам қымыз, бір тоннаға жуық құрт, ірімшік, саумал жинап, жеткізді. Шахтинск қаласындағы орта­лық аурухананың жансақтау бө­ліміне Мельниковтар отбасы авто­маттандырылған төсек сый­ла­ды. Арнайы жабдық Мәскеуден тапсырыс беру арқылы сатып алын­ды. Кереует пультпен басқа­ры­лады, әртүрлі жату режимін орнатуға болады. Терінің ойылып қалуына қарсы матрац бар, оның ауа қысымы компрессормен реттеледі. Облыс орталығында нұротан­дықтар ауруханалардағы медици­на қызметкерлеріне күн сайын «Алғыс пакеттерін» тасымалдауда. «Дәрігерлерге тағзым» акциясы аясында Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасы ба­за­сында жұқпалы аурулар госпита­лінің дәрігерлері азық-түлік жиын­тықтарын алды. Онда күн сайын екі ауысымда 120-дан астам медицина қызметкері еңбек етеді. «Алғыс пакеті» госпиталь қыз­меткерлерінің тілектерін ескере отырып жасалды. Аптап ыстық күн­дері олар арнайы костюм, бет­перде және қолғаппен жүруге мәж­бүр. Әрбір жиынтыққа ылғал­ды майлықтар, қол кремі, бал, лимон, минералды су, табиғи сусындар салынды. «Nur Otan» партиясының BizBirgemiz, «Дәрігерлерге мың ал­ғыс!» республикалық акциясы ай­мақта карантин толық аяқтал­ғанға дейін жалғасады. Күн сайын оған меценаттар, кәсіпкерлер мен белсенділер атсалысуда.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА Қарағанды облысы