Minber.kz-тің жазуынша, Қазақстанның медициналық мекемелері мен Денсаулық сақтау басқармалары коронавирус пандемиясы кезінде 6,2 млрд теңгеге 356 өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттарын (ИВЛ) сатып алған. Бірақ бұл аппараттардың бағасы сипаттамасы мен өндірушілеріне қарай әртүрлі.
26 миллионға бағаланған Savina-300
Сатып алғандардың ішіндегі ең қымбаты – қытайлық «Mindray» компаниясының өнімі SV300 аппараты. Әр данасы –31 млн теңге. Бұл аппараттарды «Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ сатып алған. 2020 жылғы 29 мамырдағы келісімшарт бойынша «Медлайн» ЖШС 4 данасын (124 млн теңгеге), ал маусымның 8-індегі келісімшарт бойынша «ЛПУ «Авиценна» ЖШС 3 данасын (93 млн теңгеге) алған. Бірақ дәл осы компанияның осы өнімінің 36 данасын Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық клиникалық ауруханасы» 2 сәуірде «Қасиет-Фарм» ЖШС-дан 11,1 млн теңгеге алған (барлығы 399,7 млн теңгеге). Демек, Қарағанды облысы мен Ақмола облысы бір аппаратты екі түрлі бағада сатып алған: арадағы айырма 20 млн теңге, яғни үш есеге жуық.
Ал ең арзан аппаратты Қарағанды облысының медмекемелері сатып алған. 2020 жылдың 14-15 шілдесіндегі «Қасиет-Фарм» ЖШС-мен жасалған келісімшарт бойынша 10 аппарат алынған. Аппараттың бір данасы 9,4 млн теңгеден. «ТС prisma VENT50-C» ӨАЖ аппараттары германиялық «Löwenstein Medical — Weinmann»компаниясының өнімі. Назар аударарлық жайт, кейбір өндірушінің бірдей өнімін әр аймақ әр түрлі бағаға сатып алған. Мысалы, ресейлік «Авента-М» ӨАЖ аппаратын Қарағанды Облыстық клиникалық ауруханасы КМК «ОрдаМед Караганда» ЖШС-дан 13,6 млн теңгеге алса, «Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы” ММ дәл осы аппараттарды «LabTest Diagnostics» ЖШС-дан 21,4 млн теңгеге сатып алған. Ал қытайлық өндірушінің VG70 аппаратын Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы ММ 12,5 млн теңгеге алса, осы аппаратты «Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы» мен «Жамбыл облыстық көп бейінді ауруханасы» – 18,1 млн теңгеге алған. Швейцариялық HAMILTON-C1 аппаратының да бағасы екі өңірде екі түрлі. Ақтөбелік медмекемелер бұл аппараттың бір данасын 17 млн теңгеге, ал Шығыс Қазақстан облысының мекемелері 14,7 млн теңгеге сатып алған. Тағы бір ӨАЖ аппаратының сатып алу бағасы төрт түрлі. Германиялық Savina 300 аппаратын павлодарлық мекемелер 17,5 млн, «Семей медицина университеті» КЕАҚ – 24 млн, «Павлодар қаласы әкімінің аппараты» ММ – 25,9, ал «№ 1 Павлодар қалалық ауруханасы» КМК – 26 млн теңгеге алған.
Ал жалпы аппараттарды өндірушілер, маркасы мен өндірушілер ұсынған баға туралы толығырақ:
Аппарат бағасы, әр өңірдің жасаған келісімшарты бойынша
Бұл аппараттардың нарықтағы бағасы мен МС порталында сатып алған аппараттардың бағасында айырма бар. Ең қымбаты – «Mindray» компаниясының өнімі SV300 аппаратының бағасы ресейлік www.medpribor.proсайтында 5,7 млн теңгеден басталады (1003030 рубль, 28.07.2020 ж. курспен). Ал ең арзан «ТС prisma VENT50-C» аппаратының осы сайттағы бағасы 2,9 млн теңге. (509 180 рубль). Бұл қазіргі бағасы. Сайттағы мәліметке сүйенсек, бұл аппарат бұрын 4,8 млн теңгеге сатылған (847 660 рубль).
Аймақтардың ішінде ӨАЖ аппараттарын сатып алу бюджеті бойынша Шығыс Қазақстан облысы бірінші орында тұр. Бұл аймақ коронавирус пандемиясы кезінде барлығы 57 аппарат сатып алуға 1 млрдтан астам теңге жұмсаған. Барлығы 5 өнім берушімен келісім-шарт жасалған. Олардың ішіндегі ең қымбат аппарат жеткізуші – «Диагаль» ЖШС наурыз айының басында «Семей медицина университеті» КЕАҚ (Коммерциялық емес акционерлік қоғамымен) келісім-шарт жасасып, 96 млн теңгеге 4 аппарат жеткізген. Бір данасы 24 млн теңге.
Ал жалпы аймақтар бойынша жұмсалған қаржы көлемі келесідей:
Қай өңірдің қанша аппарат сатып алғаны туралы ақпарат:
Сатып алынған аппарат саны. Аймақтар бойынша
Cатып алған аппараттар бағасы өндіруші мен өнімнің сипатына байланысты. Бізде сатып алынған ӨАЖ аппараттарын өндіруші елдер – АҚШ, ҚХР, Швейцария, Германия, Оңтүстік Корея, РФ.
Өнім берушілер ішінде ең үлкен сомаға келісімшарт жасаған «QazMed Leasing» ЖШС. СҚО мен Қостанай облысының медмекемелеріне өнім беруші бұл компания келісімшарттарының жалпы сомасы – 984,9 млн теңге. Барлығы 52 ӨАЖ аппаратын жеткізуі тиіс. Екінші орында ШҚО медициналық мекемелеріне 47 ӨАЖ аппаратын жеткізу туралы келісімшарт жасаған «Медико-Инновационные Технологии» ЖШС тұр. Жалпы сомасы – 807,4 млн теңге.
Барлық өнім берушілер мен келісімшарт сомасы туралы мәлімет мынадай:
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтер бойынша барлық аймақтың медмекемелері мен Денсаулық сақтау басқармаларының 2020 жылдың наурыз-шілде айлары арасындағы ӨАЖ аппараттарын сатып алу келісімдері туралы ақпарат осындай.
Ғалымжан ОРАЗЫМБЕТ. Қуаныш Оңалбаев (визуализация), Zertteu-Research.