Nur Otan партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева партияның бастамасымен, қадағалауымен проблемалар дер кезінде шешіліп жатқанын айтты.
– Партияның сайлауалды бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету, Үкіметпен бірлесе жүргізілді. Нәтижесінде, 263 заң қабылданып, оның 71-і тікелей партияның сайлауалды міндеттемелерін орындауға бағытталды.
Мысалы, экономиканы дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, салық, кедендік реттеу жөніндегі кодекстер қабылданып, бизнес – ортаны дамыту және сауда қызметін реттеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілді.
Атаулы әлеуметтік көмек көрсету заңнамалық деңгейде өзгертілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа үлгісін енгізетін, дәрілердің қолжетімді және бағасының тұрақты болуын қамтамасыз ететін, тағы да басқа құқықтық база жасалды.
Яғни, бүгінгі таңда сайлауалды бағдарламаны іске асыру заңнамалық тұрғыдан толық қамтамасыз етілді деп айта аламыз.
Бұған қоса, Жиналыстар мен кеңестердің
70 отырысында Фракция сайлау алдындағы уәделерге байланысты нақты ұсыныстар қабылдады.
Оның ішінде, жалпыға ортақ декларациялаудың мерзімін ауыстыру, төртінші деңгейдегі бюджетті енгізу, тұрғын үйдің қолжетімділігі, балалардың құқығы, білім беру және басқа да мәселелер бар.
Жан-жақты форматтағы терең талқылаулар нәтижесінде депутаттар заң жобаларына 6 мың түзету енгізіп, 400 депутаттық сауал жолдады.
Бюджет қаражатын, Ұлттық қордан «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларына бөлінген қаражатты тиімді жұмсауға бақылау күшейтілді.
Бір ғана мысал, депутаттар «Астана-Қарағанды» автожолындағы кейбір кемшіліктерді анықтады. Бұл жобаның құны 7 млрд теңге еді. Оның сапалы орындалмау қаупі болды. Комиссия қарағаннан кейін, мердігерлер бұл кемшіліктерді өз есебінен жойып, жолды мерзімінде бітірді.
Партияның XVIII съезінде берілген тапсырмаларды, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету – Фракцияның ерекше бақылауында.
Табысы төмен азаматтарды қолдау, жұмыспен қамту, өңірлерді дамыту, «Әлеуметтік қамқорлық», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа да шараларға Республикалық бюджет заңында тиісті қаржы қарастырылды.
Көпбалалы отбасылар мен жұмыс істеп жүрген жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін құқықтық нормалар нақтыланды.
Елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.