Карантин кезінде табысынан айрылған азаматтарға берілген 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем салық салынатын кіріс ретінде қарастырылмайды. Бұл жөнінде мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекеттің әлеуметтік төлемдері оңайлатылған декларация және патент құнын есептеу бойынша салықтық есепте көрсетілмейді. Бұндай төлемдер Салық кодексінің 681-бабының 2-тармағымен белгіленген кірістер тізбесінде кәсіпкерлік қызметін атқару нәтижесінде алынған кірістер ретінде қарастырылмайды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолдану кезінде де әлеуметтік төлем алынбайды. Осылайша, әлеуметтік төлем сомалары Салық кодексінің 341-бабының 26-тармағына сәйкес, жеке тұлғаның салық салуға жататын кірісі ретінде қаралмайды.Сәйкесінше, 42 500 теңге көлеміндегі төлемді салықтық есептілігінде көрсетудің қажеті жоқ», - делінген комитет хабарламасында.
Біржолғы әлеуметтік көмек Төтенше жағдай кезінде берілген әлеуметтік төлем сияқты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетінін ескеру қажет. Қордан жеке кәсіпкерге тағайындалған және төленген әлеуметтік төлем салықтық есептілікте кіріс ретінде көрсетілмейді, және жеке тұлғаның табысы ретінде салық салуға жатпайды.