Қазір Ақтөбе дәріханаларында бұрынғыдай кезек жоқ. Бір дәріханадан іздегенін таппағандар екіншісінен кезіктіреді. Өйткені өңірдегі дәріханалар қоймасы апта сайын толықтырылып, қажетті дәрілер дәріханаларға күн сайын жеткізіліп отыр.
Бүгін Ақтөбе қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері дәріханадағы медициналық препараттардың қоры мен сатылу көлемін бақылап, құнын білді.
Комиссиясы мүшелері қазіргі сұранысқа ие парацетамол препаратын "Айболит", "Europharma", «Желдорфармация» дәріханаларының барлығынан кезіктірді. Өткен аптада бұл дәрі көптеген дәріханаларда бітіп қалғандықтан оның баламасы сатылған болатын. Қазір тұрғындар дәріні мөлшермен алуға үйрене бастапты. Бұрынғыдай 10 қорабын бірден сұрамайды.
– Дәріханаға парацетамол іздеп келдім. Екеуден беріп жатыр екен, бағасы қолжетімді. Көптеген адамдар дер кезінде таба алмай қалған соң алдын ала алып қойып жатырмын. Әзірге отбасымнан ешкім ауырған жоқ, - деп қала тұрғыны Батима Даулетиярова ағынан жарылды.
«Europharma» дәріханасының меңгерушісі Гүлнар Юсупованың айтуынша, дәріханаға вирусқа қарсы, қызу түсіретін препараттар мен антибиотиктер уақытында жеткізіліп отыр. Тұрғындар жиі сұрайтын дәрі-дәрмектердің барлығы табылады.
– Тек қазір цефтазидим бітіп қалды. Ал левофлоксациннің таблетка түрі ғана бар. Біз әр дүйсенбі, сәрсенбі, жұма сайын дәрілерге тапсырыс береміз. Жалпы медициналық препараттың қай түрі де қолжетімді. Шетелден әкелінетін дәріге тек 10 пайыз үстемақы қосылады, – деді ол.
«Желдорфармация» дәріханасынан да қажетті дәрілердің барлығы табылды. Дәріхана меңгерушісі Гүлсина Анарбекова кезек сейілгенімен, тұрғындар парацетамол, мукалтин және вирусқа қарсы препараттарды көбірек сұрайтынын айтты.
Комиссиясы мүшелері бағасы жоғары кейбір дәрілерді жазып алды. Сондай-ақ барлық дәріханаларда қызу өлшегіш құралдың жоқтығын байқады. Дәріхана меңгерушілеріне аса қажетті антибиотик, вирусқа қарсы препараттардың тізімі мен бағасын іліп қоюды ұсынды.
Айта кету керек, өткен аптада өңірімізге 1 млн 600 мың дана ең қажетті дәрі-дәрмектің екінші легі жеткізілген болатын. Дәріханалар қоймасы Ақтөбе облысының әкімдігі мен Орынбор қаласындағы облыстық дәріхана қоймасы арасындағы келісім аясында толықтырылды. Сондай-ақ «ТК-Фарм Ақтөбе» ЖШС фармацевтикалық зауытынан «Грипповир» вирусқа қарсы препаратын өндіріле бастаған. Оның бағасы нарықтағы ұсынылған аналогтардан 42 пайыз арзан тұрады.