Жеке тұлғаларға былтырғыдай салықтық рақымшылық жасалады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов хабарлады.
«Өткен жылы елімізде салықтық рақымшылық жасалғанын баршаңыз білесіздер. Жеке тұлғаларға негізгі қарыз өтелген жағдайда өсімпұлдары кешірілді. Бұл шара рақымшылық салықтың барлық түрін қамтыды. Соның нәтижесінде 750 мың қазақстандықтың жалпы сомасы 3 млрд теңгелік өсімпұлы кешірілді. Биыл 2 шілдеде тиісті заң қабылдануына байланысты жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық ұзартылды. Ол салықтың үш түрін, атап айтқанда мүлікке салынған салық, жер салығы және көлік құралдары бойынша салықты қамтиды», - деді Руслан Дәленов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, салық төлеуші жеке тұлғаның 1 сәуірдегі жағдай бойынша өсімпұлы кешіріледі.
«Негізгі қарыз өтелген жағдайда өсімпұл кешіріледі. Сонымен қатар өсімпұлы кешірілуі үшін азаматтарға өтініш жазудың керегі жоқ. Өсімпұл салық органдарының есептік жүйесінен автоматты түрде өшіріледі», - деді ол.