Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/9 (ерлер түзеу мекемесі) және УГ-157/11 (әйелдер түзеу мекемесі) мекемелерінде «Шапағат» қоғамдық қорымен бірлесіп Абайдың 175 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Абайдың қара сөздері – асыл қазына» атты сайыс өтті.
Сайыста жазасын өтеушілер алдымен Абай өлеңдерінің жалғасын тапса, екінші кезеңде қара сөздерін жазып, мағынасын түсіндірді. Ақтық мәреде Абайдың «Китабун Тасдық» еңбегінен үзінді қойылып, мағынасын түсіндіру үшін ислам ғұламаларының еңбектерінен мысал келтірілді.
– Шараның басты мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ақпараттық имиджін қолдау және Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын насихаттау. Жазасын өтеушілердің оқу мәдениетін, әдеби талғамын қалыптастыра отырып, біз олардың жақсы жағынан өзгеруіне жәрдемдесеміз, – деп хабарлайды Атырау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз-қызметі.
Қатысушылардың өнерін бағалау кезінде көркем мәтінді нақышына келтіріп, шығарманың мазмұнын толық аша алатындай оқу шеберлігіне, қара сөздерін нақты тез арада ойлап табуына, ақынның көркемдігі жоғары, гуманистік мазмұндағы шығармаларын таңдау ерекшелігіне баса назар аударылды. Сайыс нәтижесінде жеңімпаздарға тоңазытқыш, микротолқынды пеш және ақшалай сыйлықтар, сонымен қатар, қатысушылар мен жеңімпаздарға «Шапағат» қоғамдық қорынан грамоталар мен алғысхаттар табыс етілді.