Биыл солтүстікте сояның алғашқы өнімі алынбақ
Биыл солтүстікте сояның алғашқы өнімі алынбақ
189
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары биыл сояның алғашқы өнімін алмақшы. Бұл туралы СҚО-ның Аққайың ауданына қарасты Шағалалы ауылында өткені Дала күнінде айтылды.

«Cолтүстік Қазақстанда дәл егіншілік технологиясының элементтерін қолдану» тақырыбында өткен іс-шараны С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұйымдастырды. Жиынға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.І.Ақсақалов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры А.Қ.Күрішбаев, «Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибелік стансасының» ЖШС директоры Б.К.Канафин, сондай-ақ, аудан әкімдері, ғалымдар, бизнес құрылымдардың басшылары мен өкілдері, ауылшаруашылық тауар өндірушілері қатысты.


2018 жылдан бастап ҚазАТУ Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысымен заманауи сандық технологияларды енгізу бойынша егіншіліктің тиімділігін арттыру мақсатында «Солтүстік Қазақстан облысындағы «демонстрационды шаруашылық (полигондар)» принципі бойынша өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісі жанындағы дәл егіншілік технологияларын енгізу және трансферттеу» ғылыми-техникалық бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Дала күні осы бағдарлама аясында ұйымдастырылды.

Ең алдымен Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибелік стансасы базасында негізгі және перспективалы ауыл шаруашылығы дақылдарын (жаздық бидай, жаздық арпа, жаздық тритикале, соя және жүгері) өсіру кезінде қолданылған дәл егіншілік технологиясының нәтижелері таныстырылды. Соя тұқымы осы жылы барлығы 20 мың гектар егіс алқабына себілген. Биыл Солтүстік Қазақстандық шаруалар сояның алғашқы өнімін алмақшы.

Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Ерболат Бекшеновтың айтуынша, биыл жақсы өнім күтіліп отыр. Ал келесі жылы соя алқабын 150 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Аймақта астық жинау науқанын қыркүйек айының соңында аяқтау көзделіп отыр.

Дала күні кезінде Шағалалы ауылының Мәдениет үйінде сарапшылар ауыл шаруашылығында ГАЖ технологияларын қолдану және қашықтан жерді зондтау мәселелеріне теориялық түрде тоқталып, топырақтың құнарын мақсатты түрде басқару тәсілдері мен дәл егіншілік жүйесіне қатысты дақылдардың өнімділігі туралы айтылды.