Расул Жұмалы саясатта бағын сынағысы келетін жастарға праймериз жақсы мүмкіндік екенін айтты
Расул Жұмалы саясатта бағын сынағысы келетін жастарға праймериз жақсы мүмкіндік екенін айтты
279
оқылды
Коронавирустың тәлкегіне қарамастан қоғамдық-саяси өмір тоқтап қалмайды. Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы осындай пікірде. 
"Соның бір көрінісі - Нұр Отан партиясы жариялаған Праймериз. Басқаша айтқанда, бұл партияның өз ішінде ашық пікір-талас пен дауыс беру арқылы ең лайықты деген мүшелерді іріктеп халыққа таныстыруды білдіреді. 2021 жылдың қаңтарына жоспарланған парламенттік сайлау қарсаңында билік партиясының осылай жариялылық пен демократия талаптарына басымдық беруі құптарлық", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Саясаттанушының айтуынша, аталған дода алдағы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтпек екен. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты праймериз көбіне онлайн режимде жүргізіледі.
"Айналып келгенде адам денсаулығы бірінші кезекте тұру керек. Жалпы, бұндай мәжбүрлі қадамға бүгінде көптеген елдер, оның ішінде АҚШ, Еуропа, ТМД кеңістігінде, барып отыр. Және онысы өзін негізінен ақтауда. Енді ең маңыздысы - онлайн формат тиісті үрдістің мейлінше әділ жүруіне кедергі болмау керек. Өз кезегінде қоғам да, әсіресе саясатта бағын сынап көрмек жастар аталған мүмкіндікті белсенді пайдаланып қалғаны абзал", - деп саясаттанушы жастарға бұл мүмкіндікті пайдалануға кеңес берді.