Таяуда Сәтбаев қаласында 5 жасар қыз жоғалып, кейіннен бала басқа біреудің пәтерінен табылды. Жергілікті тұрғындар ұсталған күдіктіні беруді талап етіп, өздері жазалайтындарын айтты.Қылмыскерді халықтың жазалауы жайында не білеміз?
Белгілі тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаевтың «Жеті жарғы» кітабында қазақ тарихында ауыр қылмыс жасағандарға қандай жазалар қолданылғаны, дала заңдылығы жайында кеңінен жазылған.
– Қазақ тарихында кез-келген мәселе билердің кеңесі мен жүгінісінде шешім тапқан. Айыптыны халық өз бетімен жазаламайды. Өз бетімен қолданылатын жаза кектің өзін билер сотының шешімі арқылы анықтайтын. Билер айыптыны жазалау туралы шешімді халықтың алдында жариялайды. Даулы істің ауыр-жеңіліне қарай билік айту бірнеше жағдайда іске асады, − дейді тарихшы.
Оның айтуынша, егер іс өлімге, ел тонау, зорлық тағы басқа ру аралық ауыр қылмысқа байланысты болса, оны Кеңес шешеді. Оған 8-ден 24-ке дейін би қатысады. Егер іс үлкен ұрлық, тонау, жесір дауы, денеге зақым келтіру сияқты ру ішіндегі немесе көрші рулармен арадағы қылмыспен байланысты болса, оны Жүгініс шешеді. Оған 6-8 би, ақсақал қатысады.
– Көптеген жабайы халықтардың тарихында тобыр болып жиналып, өз бетінше жазалау үрдісі бар. Бұл жаза сол халықтың даму деңгейіне байланысты. Қазақ тарихында билерге дейін де дала заңы қалыптасқан. Көшпелі өмір салты қалай пайда болды сол кезден бастап, ғұн, түрік, сақ замандарында пайда болған заңдар қолданылып келді. «Жеті жарғы», «жеті ата», «құн төлеу», «кек қайтару» заңдары ықылым заманнан бері келе жатқан бірнеше мың жылдық тарихы бар заңдар, − дейді этнограф Жамбыл Артықбаев.
«Жеті жарғы» заңдар жинағы бойынша ауыр қылмысқа кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатады. Кінәлілер жасаған қылмыс-деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас атып өлтіру. Десе де өлім жазасы сирек қолданылған.
Қазақтарда жазаның түрлері ретінде жер аудару, айып салу, құн төлету, дүре соғу қолданылған. Түрме және еркінен айыру орындары мүлде болған емес.
Жер аудару жазасын қолданған кезде қылмыскерден туған-туыстары мен руластары безініп, араласпай қойған. Әдетте жер аударылғандар кең-байтақ даланың бір қиыр шетінде, елден жырақ тұратын.
Адам өлтірген қылмыскерді жасырған және оның қашып кетуіне көмектескені үшін күнәлі болған адам өлген адамның құнын өзі төлейтін. Барымта кезінде кісі өлтірген қылмыскер де құн төлеуі тиіс. Кімде-кім ұрыны, қарақшыны немесе кісі өлтірген қылмыскерді өлтірсе, оған ешқандай жаза қолданылмайтын.
Дүре қандай жағдайда соғылады? Жағымсыз қылық көрсетіп, бұзақылық жасаған адамға қамшымен немесе солқылдақ көк шыбықпен дүре соғу жазасын қолданатын. Күнәлі адамға оның жасаған қылмысының қаншалықты ауыр не жеңіл екендігіне қарай 25, 50, 100 дүре соғу жазасы белгіленетін. Өтірік әңгіме таратқан адамға да қамшымен дүре соғу жазасы қолданылатын. Дүрелеп жазалау барша жұрттың көзінше орындалғандықтан, ол ең масқара әрі ел бетіне қарай алмайтын ұятты ауыр жаза болып есептелетін. Дүре соғу қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.
Тарихта қандай би, төре болмасын халықпен санасып үкім шығарған. Мысалы, Төле бидің: «Күш атасы – халықта, қарсы келген хан да, би де оңалмас» деген өсиеті, Майқы бидің:
«Хан – халықтың қазығы,
Қараша – ханның азығы.
Хан өздігінен өлім жазасын қолданбасын,
Өлім жазасын халық өзі шешетін болсын», – деген өсиеті «халық сотының» үстемдік құрғанын дәлелдейді.
Қазіргі кезде барлық жазаға үкім заң аясында шығады десек те, ара тұра ауылды жерлерде халық айыптыны өздері жазалайды екен. Мысал: 2018 жылы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров елімізде мал ұрлығы азаймай тұрғанын айтып мәселе көтерген еді. Оның айтуынша, тұрғындар Жамбыл облысы, Шу ауданында бір топ ұрыны ұстап, жертөлеге қамап, ұрып-соғып жазалаған.
Линч соты − тергеусіз өлтіру
Линч соты − қылмыс жасаған немесе қоғамдық әдет-ғұрыптарды бұзған адамды сотсыз және тергеусіз, дарға асу арқылы халықтың үкімі. Әсіресе бұл тәсіл азаматтық соғыстан кейін АҚШ-та қара нәсілділерге қолданылған.
Линч атауының берілудегі екі себебі бар. Бірінші нұсқа бойынша Америкадағы 1775-1783 жылдарындағы тәуелсіздік соғысы кезінде үкім кескен судья Чарльз Линчтің құрметіне аталды десе, екіншісінде, 1780 жылы Пенсильванияда «Линч Заңын» енгізген капитан Уильям Линчтің тегімен байланысты.
АҚШ-тың оңтүстік штаттарында XIX ғасырда және ХХ ғасырдың бірінші жартысында жазалаудың 85% -ы линч соты арқылы жүргізілген екен.
Линч сотымен үкім шыққандардың қатарында қара нәсілділермен қатар ақ нәсілді американдықтар мен мафиямен байланысы бар итальяндықтар және еврейлер мен ағылшын тілді католиктер бар.
Америка Құрама Штаттарында 1882-1920 жылдар аралығында шамамен 3500 африкалық американдық және 1300 ақ нәсілді американдық линч соты арқылы жазаланған.
Отқа жағу тәсілін қолданған
Линч соты бойынша әдетте айыптыны іліп қою арқылы жазалаған. Сонымен қатар, азаптау немесе отқа жағу тәсілдерін де қолданған. Айыпталушыны масқара ету жеңіл жаза түріне жатқызылыпты. Денесіне смала жағып, қауырсынға лақтырып, бөрене үстіне қойып, бүкіл қала арқылы алып өткен. Осы жағдайдан кейін сотталған адам бостандыққа ие болады. Бірақ оқшауланып өмір сүреді.
Ең қызығы линч соты заңсыз, тергеусіз, тобырдың жазалауы болғанымен бұл шараға заңды судьялар, шағын қалалардың мэрлері, шерифтер қатысқан. Линч сотының орны мен уақыты туралы алдын-ала хабарланады, заңды өлім жазасына дейін фотографтар суретке түсіреді, кейде тіпті, цирктегідей шоу ұйымдастырылатын болған.
Линч сотын орындаушылар зорлық-зомбылық жасап, азғындық жасағандарына қарамастан өздерін ресми сот өкілдері ретінде танытқан.
Атақты ағылшын жазушысы, Томас Майн Рид линч соты жайында былай депті:
– Сот бітті, енді үкім шығару қалды. Тіпті, линч сотының өз рәсімі бар. Үкім шыққан кезде құл саудасымен айналысқан айыпты: «Мен екі ауыр қылмыс жасау арқылы заңды бұздым: екі құлды ұрлап, жақынымның өміріне қастандық жасадым. Он екі адамнан тұратын қазылар алқасы мені кінәлі деп танып, асылып өлуге үкім шығарды».
100 жылдан астам уақыт бойы мақұлданбаған заң
2018 жылдың соңында АҚШ Сенаты «Линч сотының құрбандары үшін әділеттілік» деп аталатын заң жобасын мақұлдады. Бұған дейін АҚШ Конгресі 100 жылдан астам уақыт бойы линч сотын федералды деңгейдегі қылмыс деп танитын заңды қабылдауға тырысты. Осы уақыт ішінде оған 200-ге жуық заң жобасы келіп түсті, бірақ олардың ешқайсысы мақұлданбаған.
Линч сотының соңғы құрбаны кім?
Майкл Энтони Дональд 1981 жылы 21 наурызда Алабама штатының Мобил қаласында Ку Клук кланының екі мүшесі аяусыз өлтірген. 20 наурызда үйінен дүкенге шыққан Майкл хабар-ошарсыз кеткен. Оның жарақаттанған өлі денесі ертеңгі күні United Klans of America Inc. ұйымының аймақтық жетекшісі Бенни Джек Хейз үйіне қарама-қарсы ағашта ілініп тұрған. Жас жігітке клан өкілдері линч жасағаны белгілі болса да, кісі өлімі туралы тергеу болмаған. Қамауға алынған күдіктілер де көп ұзамай босаған. Полиция Дональдтың есірткі саудасына қатысы бар деп айыптағанымен, оның туыстары бұл мәліметті жоққа шығарып отыр.