Адамнан айла артылған ба? Жамбыл облысы Қордай ауданында адам айтса сенгісіз барымташылар пайда болды. Жеке қожалықтың шопандары өздері бағып жүрген малдарды иесіне білдірмей біртіндеп ұрлаған.Қазір 28-30 жас аралығындағы Аңырақай ауылының үш тұрғыны құрықталып отыр. Олар ауылға жақын жерде орналасқан «Райсай» жайылымынан жергілікті «Қалижан» шаруа қожалығына тиесілі он сиырды қолды қылған. Ұсталғандардың барлығы осы шаруа қожалығының шопандары. Олар малдың жоқ екенін білдірмес үшін төрт түлікті біртіндеп ұрлаған. Алдымен төрт ірі қараны, бірнеше күннен кейін тағы алтауын айдап әкеткен. Ұсталғандардың барлығы өз кінәсін толық мойындап, малдар иелеріне қайтарылып отыр. Тергеу басқармасы қылмыстық істі сотқа ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 2,3-бөлігі (мал ұрлығы) бойынша жолдаған. Аталған қылмыс бойынша қылмыскерлердің мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.Қазір Жамбыл облыстық полиция департаменті қожалық иелерін қарамағындағы шопандарының өзіне сақ болуға шақыруда. «Жау алыстан келмейді деген» осы болса керек.