Қылмыс туралы хикая
Қылмыс туралы хикая
546
оқылды
 

1. БАҒАНҒА БАЙЛАП ҚОЙСА

Бразилияның соты шектен шыққан шенеунік жемқорды бағанға байлап қойып, халық алдында қарабеттің кім екенін көрсін дегендей тосын шешім шығарыпты. Апырай, осы бір оқыс заң біздің елімізге енетін болса ше? Оһо-о-о! Онда байлық қуып батпаққа басын тыққан жайын ауыз жал­мауыздарды байлап қоятын бағана жетпей қалатын шығар, сірә?  

2. ҮЙ ІШІНДЕ ҮЙІЛГЕН ТЕЗЕК

Іргелес Ресей еліндегі кеден басқармасы бастығының орын­басары Пәленше Төленшеевичтің күнделікті тірлігі күдікке ілініп, Құдай тас төбесінен бір-ақ ұрды. Қалай дейсіз бе? Үйі үй емес, үйіп-төгіп «тезек» жинаған үңгір екен. Үңгірінде не бар? Былай қарағанда бықпырт дүние жоқ, үйінің іші жылан жалағандай. Бос. Көзге түсе қоятындай нәрсе көрінбейді. Ал босағадан төрге дейінгі елеусіз қағылған едендерін қақыратып ашып тексергенде... Мас­қара-а-а! Астынан не шыққанын білесіз бе? Белінен бекем буыл­ған бума-бума көп қағаз. Көп қағаз дегенің көк қағаз. Яғни 100 миллион доллар! Бұл да ештеңе емес-ау. Кірпіштей қалап қатар-қатар текшелеген 18 тонна алтынды тапқанда тексерушілер есінен тана жаздаған. Байлықты басып жатқан бастықсымақтың дүние­қоңыздығын естіген ел-жұрт жағасын ұстады. Несіне таң қаласыз? Алда-жалда біздің елде бұғып жатқан байшыкештердің үйін тінтіп, қойқабын қозғаса үйілген «тезектің» үстінен түсе ме? Таппайды-ау. Неге? Олардың жинаған «тезектері» теңіздің арғы жағында.  

3. СЕГІЗ ТҮЛКІ

Ертеде бір су жұқпас суайт қоңсысына қолқа салыпты. – Сиқымбайдың бүркіті сегіз түлкіге түсті. Жүр, қолын қы­сып қайтайық. Екеумізге ең құрымаса бір-бір түлкіден бере­тін шығар, – депті. Екі кештің арасында ентіге басып жетіп бар­са, мәссаған безгелдек! Сиқымбайдың бүркіті бір-ақ түлкі іліпті. – Ей, сен неге өтірік айтасың? Сегіз түлкі қайда? – демей ме баяғы. Сөйтсе суайт бейбақ жұмыр басын бұлғаңдатып, өзінше ақталса керек. – Қайдан білейін, – депті, – таңертең құсының шүйілісіне қарағанда ең кемі сегіз түлкі алатын сияқты еді... Бұл мысалды астарлап, алыстан орағытып, неге тұспалдап тұр дейсіз бе? Білім және ғылым министрінің орынбасары 5 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Рас па, өтірік пе?» Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейді былыйғы жұрт. Әлде Сиқымбайдың құсының шүйілісіне қарағандай «Пысық жігіт қой!» деп сырттай айта салған қаңқу ма? Кім біледі, сегіз түлкі болмай-ақ бір түлкіні ілсе де түбі жақсылыққа апара қоймас.   kojanasir  

4. ӨЗІҢ ДИУАНАСЫҢ...

Баяғыда Ақсақ Темір жауынгерлер жаттығатын алаңұайға Қожанасырды шақырып алып: – Қожа, – депті, – сен өміріңде садақ атып көрдің бе? О заманда бұ заман садақ ұстап көрмегенін айтуға ұялған жарықтық Қожекең былай депті: – Жас кезімде құралайды көзден атқан мерген болғанмын. Қазір қартайдым, о пәлені қолыма ұстамағалы көп болды. Тексергісі келді ме, кім білсін, атағынан ат үркетін Ақсақ Темір "Мына Қожаға садақ әкеп беріңдер!" деп бұйырды. Әрі-бері бұлғақтап, қай-қайдағыны сылтауратып қашқақтап еді, тыпырлағанынан түк те шықпады. Амал жоқ, айдалада талтайып тұрып нысананы көздеді. Алғашқы атқан жебесі жеріне жетпей бержағынан құлады. Қожекең оған қылп етпей: – Сіздің сарбаз­да­рыңыз өсті атады! – деді. Екінші жебесі де нысанаға тимей мүлт кетіп еді: – Сіздің уәзірле­рі­ңіз де өстіп атады! – деді. Қанша атса да қаңғып кеткен жебе­сі­не қарап Ақсақ Те­мірдің құзырындағы қолбасшылардың аты-жөнін атап тұр­ды. Соңғы жебесі ныса­на­ға кездей­соқ­дік етіп қадала қалып еді: – Міне, Қожа­на­сыр өстіп атады! – деді. Күннен күнге күшіктеп көбейе түскен ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресіп, жемсауы кең жебір­лерге жебе ататындар кімдер? Әрине, әу бастан мемлекет қызме­тіндегі мен мұндалаған шенеуніктер екені әмбеге аян. Әсіресе әкімшілік саласындағылар атқа мініп атой салатыны анық. Ақсақ Темір секілді әкімдердің қолына садақ беріп " Ал, атыңдар!" десе, нысанаға тигізе ала ма? Әй, қайдам? Ара-тұра мергендері де бар шығар, әйтсе де некен-саяқ-ау. Жалма­уыз­дардың сорын қайнатып сойқан салады деген әкімқаралардың өзі тұзаққа түсіп жатса нешара?" Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады" деген осы.Айталық, Шығыс Қазақстан облысының құзырындағы 23 әкімшілік қызметкері ала жіпті ат­тап, заң алдында зар илесе не дейсіз? Араларында пара ал­ғандарын былай қойғанда, сыбай­лас­тармен сыбырласып сөй­лесіп, ауыз жаласып кеткендері қаншама. Одан кейінгі орын­дарда Жамбыл облысы – 17, Қызылорда – 14, Түркістан – 13, Қостанай мен Павлодар облысының 10 шенунігі опырып жеуге ұмтылам деп опынып қалды."Өзің диуанасың, кімге пір бо­ласың?" деп атам қазақ атамзаманда ескертіп-ақ еді, қу дүниеге қызығып құлақ аспаса қайтесіз.  

Көпен ӘМІРБЕК