Суға секірген әкім
Суға секірген әкім
367
оқылды
Бүгінде кекіруден бұрын, се­кіру сәнге айналып кетті. Қыз бен жігіт ренжісіп қалса, бойжеткен өзен жағасындағы көпірге келеді. – Секірейін бе? – деп сұрайды бойжеткен жылап. – Жоқ, секірмеші, – дейді жі­гіті уайымдап. – Сен мені «лақтырып» кеттің. Басқа қызбен жүреді екенсің. – Ол менің қарындасым ғой. – Ия саған, онымен құшақ­тасып тұрдың. – Туыс оттан ыстық. – Иығынан сипаладың. – Иығына шыбын қонған еді... – Ерніңді созып... – Арғы жағын айтпайы-ақ қой­шы, әшейін айтамын, алғашқы махаббатым еді. Бойжеткен көпірден секіріп кет­ті... Ал, көп қабатты үйлердің жо­ғарғы қабаттағы балкон­дары­нан, терезелерінен секіретіндер әңгімесі мынадай: – Өмір сүргім келмейді, бекер­ден-бекер ыржалақтап, күлгім кел­мейді! – дейді әйелі төмен қарап. – Секірме, үстің шаң бола­ды! – дейді төменде дүкеннен келе жатқан күйеуі абдырып. – Сенде жұмыс жоқ, қалай күн көреміз? – Менде жұмыс жоқ болса, секіріп өле қаласың ба? – Алқашсың! – Ол да жұмыс қой? – Итсің! – Ит те жеті қазынаның бірі. – Шошқасың! – Кешір, қатын, мен халалмын! – Секірем, үйге келіп, итеріп жібересің бе? – Е? – Бір түрлі қорқып тұрғаным... – Жаным, секірмеші. Құдай үшін! Бәрі жақсы болады! Осындай секіргіштер көбейген заманда, жемқорлар да терезеден өзенге секіріп кетеді екен! Алматы облысы, Текелі ауданы әкімі аппа­рат басшысы пара алып жатқан кез­де, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы агенттік қызметкерлері сау етіп кіріп келіп еді, парақор сас­қанынан: – Сәлеметсіздер ме? – деді. – Сәлеметпіз, сәлеметпіз! – Кешіріңіздер, ақша санаған жақсы екен... – Жақсы екен, жақсы екен, жақсы екен... – Неғып жүрсіздер? – Сізбен танысуға келдік. – Ме-енің у-уақытым ж-жоқ еді... – Біз уақытқа қарамаймыз. – Сіздер солай қақиып тұра тұрыңыздаршы? – Неге олай дедіңіз? – Мен қазір... – Қайда барасыз, қайдааа? – Хош болыңыздар! Жемқор терезені ашты да, се­кіріп кетті. Жерге домалап түсіп, жүгіре жөнелді. Ол бер жағы ғой, ағыны қатты өзенге секіріп кет­кені... Сәл су жұтқаны болмаса, ке­ремет жүзе білетін жемқор «Мү­ге­дектер қоғамы қоғамдық бірлес­тігінің директорымен пы­шы-пы­шы келісіп жатқан еді. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мем­лекеттік бағ­дарламасы» бо­йынша Текелі қа­ласының аумағын абаттандыруға бөлінген қаржы қытығын кел­тірсе керек. Ол келі­сім­шарт бо­йын­ша қоғамның қыз­метіне жал­пы қамқорлық көрстеу үшін 1,5 миллион теңге пара алуда күдікке ілінді. Сосын ғой, өзенге секіріп кеткені. Әйтпесе, галстуг­пен өзенге секіріп кететіндей, жынды жемқор дейсіз бе?  

Мұхтар ШЕРІМ