Құдай сақтасын, айдалада ашқарақтап, нан жеп отырсыз. Бір кезде аттылы біреу құйындатып шауып келді де:
– Не жеп отырсыз? – деп сұрады.
– Нан...
– Нан?
– Ия, нан.
– «Сенікі емес, менікі!» деген аттылы еңкейіп, аузындағы нанды тартып алды да, аузына бұралақтата тығып, келген бағытына құйындата жөнелді. Сіз қалай ойлайсыз? Аштан өлейін деп жатқанда, «Рахмет, рахмет!» деп қол бұлғап қала бермейтін шығарсыз? Немесе, сәнді киініп, көшеде келе жатыр едіңіз. Қараңғы бұрыштан еңгезердей жігіт шыға келді де:
– Үстіңдегі киімдеріңіз өзіңіздікі ме? – деп сұрады.
– Ия, өзімдікі.
– Тошына?
– Тошына.
– Әдемі көйлек, әдемі шалбар...
– Өй, не істейін деп жатырсыз?
– Кешіріңіз, «сенікі емес, менікі!» – деген бұзақы оның киімдерін шешіп алып, қаша жөнелді. Мұндайда сіз не істер едіңіңіз? «Рахмет, көсегең көгерсін!» деп қолыңызды бұлғап қала бермейсіз ғой? Немесе, қызметке қолыңыз енді жетіп, креслоңызда шалқаңыздан түсе отырсыз дейікші. Телефондарды сипалап, ыңыранып отырғаныңызда, ілмиген біреу келді де:
– Сәлеметсіз бе? – деді.
– Сәлеметсіз.
– Бастықсыз ба?
– Ия.
– Қашаннан?
– Бүгіннен.
– Тошына?
– Тошына.
– Былай тұрыңыз.
– Ойбай, сіз не істегелді жатырсыз?
– Кешіріңіз, «сенікі емес, менікі!» Жаңа ғана маған бастық боласың деген бұйрық шыққан! – деп жағаңыздан алып, есікке дейін сүйреп, құйрығыңыздан бір теуіп жіберсе: «Қандай жақсы болды тепкеніңіз!» деп рахметіңізді айтып, қуаныштан көздеріңіз бал-бұл жайнап, кабинеттен шыға жөнелмейсіз ғой? Жә, жарайды, мұндай мысалдарды мыңдап келістіріп жаза беруге болады. Бірақ, мынадай сұмдықты өз басым бірінші рет естіп отырмын. Сұмдық болғанда, сұмдықтың сұмдығы! Дәрігерлердің бәрі осындай қатігез, мейірімсіз деп айта алмаймыз, алайда, араларында бір қарын майды шірітетін құмалақтары да бар екенін несіне жасырамыз? Шымкент қаласының тұрғыны Айжан Ергешованың анасы індет жұқтырып, пневманиямен ауырып, ауруханаға түседі. Жағдайы ауырлап бара жатқан соң, қызы індет кезінде тапшы бола бастаған оттегімен демалдыратын аппаратты сатып алып, ауруханаға апарды. Анасының жағдайы бері қарағандай болып, сол аппаратпен өмір мен өлім арасында күресіп жатқан. Келесі күні анасының қайтыс болғаны туралы хабарды естіп, есінен танып қала жаздаған қызы ауруханаға барса, дәрігерлердің бірі анасының аузынан жасанды оттегі беретін аппаратты алып, өзге таныс ауруға пайдаланыпты! Тура жоғарыда айтылғандай: «Сенікі емес, менікі!». Аппаратты алған соң анасы минуттарға жетпей қайтыс болған. Не деген қаныпезерлік еді! Анасынан айырылған қыз қала әкіміне арызданып баруға мәжбүр болды. Нәтижесінде қалалық денсаулық басқармасының, аурухананың басшылары орындарынан алынды. Ал, анасы о дүниеге аттанды... Адамдар не болып барады өзі?