– Жыртылып кетті!
– Жыртық, жыртық!
– Жыртылайын деп жатыр!
– Жыртыла...
Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылындағы аурухананың хирургі Қайрат Сейдуәлиев медициналық резеңке қолғаптарды кие бергені сол еді, «тырррық» етіп, тағы жыртылды. Ол мейірбикеге қарады.
– Жыртылды ма?
– Ия, ағай, тағы жыртылды.
– Тағы жыртайын ба?
– Қойыңызшы ағай, қаншауы жыртылып кетті!
– Сен киіп көрші? Қолың маған қарағанада кішкентай ғой?
Мейірбике қолғапты киіп жатты. Көздерінде қорқыныш. «Тыррррық» деп жыртыла кетсе, қашып кетердей болып тұр, бір кезде қолғаптың алақан тұсы «ыржиып күлді». Демек, жыртылды.
– Өлә ағай, айырылып кетті.
– Айттым ғой саған, жыртылады деп...
– Сапасыз дүниелер екен де?
– Осыны айтсақ, басшылыққа жақпаймыз.
– Енді қолымызға не киеміз? Короновирус өршіп тұрғанда...
– Қолымызға салафан орап алайық?
– Қойыңызшы, ұят қой?
– Ойнап айтам.
– Үйге қайтам.
– Е?
– Ағамының құрылысқа киетін қалың резеңке қолғабы бар еді.
– Болмайды!
Қайраттың мына сапасыз қолғаптарға қарны ашқаны соншалық, әлеуметтік желідегі фейсбукке сапасыз қолғаптар туралы түсірілген бейнені салып жіберді. Жастар тілімен айтсақ, «фейсбукты жыртты». Сол екен, бас дәрігер Айда Бексұлтанқызы хирургтың өзін «жыртты». Ашығын айтсақ, Қайрат Сейдуәлиевті жұмыстан шығару жөніндегі бұйрыққа иректете қолын қойды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Жеті жыл бойы ауруханада қабылдау бөлімінде меңгерушілік еткен дәрігер "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқанда, резеңке қолғаптарды жыртып отырамын деп ойламаған еді. Ал, Абай ауруханасының бас дәрігері Айда Бексұлтанқызы медициналық қолғаптардың сапасыз екенін әшкерелеген хирургті жала жапты, яғни «қара күйені» жақсы көреді деп отыр. Ол аз десеңіз, хирургті жеңілтек, әріптестерімен қарым-қатынасы нашар деп айыптайды. "Абай ауруханасының хирургі қызметін атқарған Сейдулиев Қайрат Әкімқожаұлы тез ашуланғыш дәрігер. Осы жылдың ақпан айында тәртіптік ескерту сыйласақ, 30 наурыз күні науқастың шағымы бойынша қабылдау бөлімі меңгерушісі қызметінен хирург дәрігер қызметіне сырғыта салдық. Енді келіп, медициналық резеңке қолғап туралы жалған мәлімет таратқан. Өйткені, қолғап туралы емхананың басшылығына, аға мейірбикеге өтінім бермеген. Жеңілтек мінезімен видео түсіріп әлеуметтік желіге салып жіберген. Денсаулық сақтау министрлігі бас санитариялық дәрігерінің медициналық мекемелерде аудио, видео жазбаларына тыйым салынсын деген қатаң ескертуіне елең етпеген. Осы жіберілген кемшіліктерді негізге ала отырып, жеке еңбек дауларын қарау комиссиясының бір ауыздан қабылдаған шешімімен жұмыстан шығарылды", – дейді бас дәрігер Айда Бексұлтанқызы. «Жұмысынан жыртылған» хирург дәрігер өз іс-әрекеті үшін жұмыстан босатылуының қаншалықты заңды екенін білмей, шақшадай басы шарадай, миы мипалау болып кеткен... "Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Тыңдайтын үкімет", "халықты тыңдаңдар, медициналық мекемелердегі былықтарды жойыңдар, айтыңдар" дегеніне мен Келес аудандық Абай ауруханасындағы мамандандырылған емхананың хирург бөлмесінде аурухана басшылығы тарапынан берілген сапасы жағынан өте төмен бір реттік стерильді емес қолғаптарды видеоға түсіріп, фейсбук желісіне салғаным сол еді, бас дәрігер А.Бексұлтанованың 30 маусым күнгі бұйрығымен жұмыстан шығарылдым. Мұның қаншалықты заңды екенін өзім түсінбей отырмын", – дейді Сейдуәлиев. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бәлкім, бас дәрігердің уәждері ақиқат болар? Бәлкім, хирург дәрігер шындықты шырылдатып айтқан болар? Мынадай короновирус күшейіп тұрғанда, мамандарды «жыртып тастау да», қаншалықты заңды?