Жастар жайлы жазылып та жатыр, айтылып та жатыр, бірақ бұзақы, тәрбие көрмеген жасөспірімдер топталып алып, жалғызға жабылуды қояр емес! Шымкент маңында колледжде оқитын студентті алты бала жабылып ұрып, өлімші етіп сабап, жиырма жерінен пышақтап тастаған. Ақырында жасөспірім тілге келмей, жантәсілім етті.
Мұндай «шоу» Павлодар қаласында да «керемет» өтті. Керемет деп керісінше жазып жатқанымыз, топталған жастар тап бір концертке келгендей, қол шапалақтап тұрды. Сосын, қара торы келген бұзақы жігіт жалғыз жапырақтай, жалбырап тұрған қарсыласына жақындады.
– Не? – деп сұрады ол.
– Ештеңе, – деді анау.
– Не?
– Ештеңе.
– Кеше менің сыртымнан әңгіме айтып, біраз қуыпсың?
– Қуған жоқпын.
– «Сындырып» тастайын ба?
– Сынбаймын.
– Шайнап тастайын ба?
– Тісің өтпейді.
– Немене, немене?
– Не естісең, сол.
– Кончай, а?
– Кончай етпеймін.
– Деловой, что ли?
– Жоқ.
– Өйй, мұрынбоқ! – деген бұзақы оның тұмсығынан бір ұрып құлатты. Сол екен, үстіне шығып алып, басына ұрып жатыр, ұрып жатыр. Анау байғұс екі қолымен басын жауып алып, бүк түскен. Ал, төңірегіндегі мейірімнен жұрдай, адамгершіліктен тырдай, желөкпелер желдей есіп, естері шыға айқай салды.
– Өлтір!
– Бетінен ұр, бетінен!
– Құйрығынан тепсеңші!
– Жақсы ұрады екенсің!
– Тура, мен сияқты.
– Бір ұрғаннан құлатты, еркек!
– Супер!
Осындай ойсыз сөздерге масаттанған бұзақы сотқар орнынан ұшып тұрып, ендеі құлап жатқанның басына қос аяқтап секірді дейсің! Бар күшімен. Дәл осы жерде өзінен күшті біреу өзін ұстап алып, басына секірсе қалай сезінер еді? Басқа секіру деген не өзі? Осы да ерлік пе? «Шоуды» шаршамай бейнеге түсіріп тұрған жасөспірімнің қатыгездігінде шек жоқ. Аяушылық лимиті таусылып қалғандай. Оқиға өткен күннен кейін бұзақыларды құқық қорғау органының қызметкерлері түгел ұстады. Сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-3, 99-2 бөлігінің «Бұзақылық ниеті бар адамдар тобымен кісі өлтіруге оқталу» бабы бойынша жүргізілуде. Көресіз әлі, сол төбелеске қатысқандардың біразы «Мен әшейін қарап тұрдым, ернімді былай жалап тұрдым...», «Мен де теріс қарап тұрдым, қашан бітеді екен төбелес деп, минуттарды санап тұрдым» деген сияқты сылтауларды сырғанатады дейсің! Ата- аналары да бұзақы балаларын қорғаштап, таныс-тамыр іздей бастады. Бұл – бұрынннан жазылып қойылған сценарий ғой...