Өрттей лаулаған өсек
Өрттей лаулаған өсек
252
оқылды
Бұрын өсектің тақырыбы сан алуан болатын. Бүгінде өрттей қаулаған өсек­тің жалаңдаған жалыны тек коронавирус, пневманияға бағытталып отыр. Еркектер де әйелдерден қалыспай өсек айта бастады. О баста: – Коронавирус деген өтірік! – десті. – Не, сенбейсің бе? – Жоқ сенбеймін! – Дүние жүзінде адамдар қырылып жатыр ғой? – Сене алмаймын! Біздің қазақтарға жұқпайды. – Неге олай ойлайсың? – Ауыруға тойдан қолымыз тимейді! – Қазір әзілдесетін уақыт емес, досым! Короновирус жайыла бастағанда: – Сенбеймін! – десті. – Неге? – Бұл саясат. – Саясатпен халықты қыру дегенің.. – Ия, ия бұл саясат! Кейінірек Шоқан Шұхрат деген әншісымақ: – Сенбеймін! – деп салды. – Неге? – Ұшақтармен вирус сеуіп жүр, көрдім. – Ол су ғой? – Судың ішінде у бар... Адамдар ауырып, өлім-жітім кө­бей­ген тұста, Шымкентте, Астанада тойшыл әншісымақтар наразылық танытып, көшеге шықты: – Тойханалар ашылсын! – Ішіміз пысып кетті! – Билегіміз келіп кетті! – Асабалар аштан қатайын деп жатыр! – Әншілер шегіртке емес! – Той, той, той! Адамдар індеттен көз жұмып жат­қанда, біреулер шетелге демалуға шығып жатты. Бұл жөнінде белгілі кәсіпкер әлеу­меттік желіде былай жазды: «Құр­метті қазақ елі! Қазір індеттің салдарын көріп отырсыздар! Адамдар жаппай ауырып, қайтыс болып жатыр. Емха­наларда орын жоқ. Дәріханаларда дәрі жоқ! Осының бәрін көре тұра, жасырын той жасап, беташарлар өткізіп, адам­дарды асқа ша­қырып жүрген халайыққа "Доғарыңдар!" дегім келеді. Бұл қан­шалықты опасыз екендігін тек жақын­дарыңыз ауырғанда (Аллах сақтасын!) ғана сезінесіз, бірақ онда кеш болар! Кейбіреулер басқа елге демалуға аттанып жатыр. Дәл қазір, соның керегі не? Бүгін барлық канал­дардан Түркия мемлекетіне демалуға кеткен 4 қазақстандық коро­навируспен ауырғынын анықтады. Олар­ды емханаға әкетті, қалғандарды карантинге тықты. Бұндай демалыстың не қажеті бар еді?» Енді өсек мәселесіне келейік. Өсек-өрт. Жанып тұр. Әлеуметтік желі штаб­тары болды. Сонда ойларына келген­дерін жазып болар емес. Бірінен бірі іліп әкетеді. Рас, еліміз есеңгіреп тұр. Індет іркіліссіз, адамдарды жайпап барады. Ол – ақиқат. Үкімет те, президент те жар­қақ құлақтары жастыққа тиместен, қол­дан келген мүмкіндіктердің бәрін жасауда. Алайда, ауыздары автомат ағайындар өсекті оқша боратуларын қоймай келеді. Бірақ, індетке бұрын сенбей жүргендер, енді сене бастағандай. Сөйтіп, тәубелеріне келе бастағандай. Керісінше, ақыл айтқыш данышпандар көбейді. «Өйту керек, бүйту керек» деп халықты адастыра бастады. Не деген немқұрайдылық дей­міз? Жұрт жасырын беташарлар өткізе бастады. Ал, карантин ашылғаннан кейін, бәрі бетімен кетті. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жо­март Тоқаев ашына айтты: «Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқта­тыл­ғаннан кейін барлық карантин шаралары бо­саңсып, вирустың таралуы 7 есе өсті» деді. Президент бұл көп жағ­дайда бір­қа­тар мемлекеттік органдардың жұмы­сындағы кемшіліктерге байланысты екенін ескертті. Тіпті, мемлекеттік бас­қару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұ­мыс істеуге дайын болмағанын да атап өтті. "Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті ат­қаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мо­йындау керек. Денсаулық сақтау ми­нистрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұ­мысын үйлестіре ал­мады", – деді мемлекет басшысы. Ол рас қой, еңбек ұжымда­рында, ірі өндіріс орындарында жаппай вирус жұқтыру ошақтары пайда болды. Мәселен, "Атырау облысындағы Теңіз кен орны індет жұқтырудың орта­лығына айналды. Онда дертке шалдық­қан 1222 адам тіркелді. Бүгінде елімізді үрей елесі кезіп жүр. Әсіресе, Шымкентте өлім деректері жиі­леді. Ауруханаларда орын жоқ, дәріха­наларда дәрі тапшы. «Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан!» дейміз бе? Қайда қашады, ауырғандардың ал­ды­нан Ажал «Ассалаумағалейкум!» деп ар­сыз ақсиып тұрса... Аман болайық, аға­йын, өсекті өршітпей, өз денсаулы­ғы­мызды ойлайық, бұл кесапатты бірігіп жеңейік!  

Ратқұм МІРЕШ