Олар бұқпантайлап келіп, көгеріп жатқан көк ала қарбызды үзіп алды да, көтере жөнелді. Бір кезде «Тоқтаңдар, ойбағандар!» деген дауыс шығып еді, екі бала қарбыздырын тастай салып, қашты. Бірінен бірі озып келеді, жалаң аяқ еді, табандарынан «тозып» келеді. Бала ғой, бала, баланың ісі шала деген осы, тал түсте егістіктен қарбыз ұрлап несі бар еді... Егістік иесі, жігіт ағасы да желаяқ екен, бұларды қуып жетіп, тіпті озып кетті. Ол жігіт қуғанда, көздерін тарс жұмып алдады екен. Балалар өздерінен әудем жер озып кеткен жігітке тоқтай, таңырқай қарап, сосын қолдарын созып, кетік тістерін ақсита, тырқылдай күлісті. Сол екен, анау кері бұрылып, тұра қуды. Бұлар тұра қашты. Безіп келеді, екеуі де анау қазір жетіп алса, сазайларын берерін сезіп келеді. Бір кезде жігіт ағасы көздерін тарс жұмып алып, бұларды басып озды. Озғаны құрысын. Бір ағашқа барып, маңдайын тарс ұрып алды да, теңселеееп, біраз тұрып алды да, шалқасынан түсті. Балалар тырқылдап күлісті. Кетік тістерін ақсита көрсетіп. Әлден уақытта маңдайын оң қолымен ұстаған анау тағы тұрды. Тұрды да, аузынан былапыт сөздерді бұрқырата жүріп, тұра қуды. Бұлар қашып үлгермеді, желмен жарысып, жетіп келді. Желкелерінен түйіп-түйіп, небір қарғысты үйіп-үйіп, өзі бала болып көрмегендей, олар жұлған қарбызды алдырды. Сол жерде жарғызды. Піспеген, аппақ қарбыз екен.
– Аштан өлдіңдер ме? – деп сұрады ол.
– Жоқ.
– Бәлоқ! Мына қарбызды көрдіңдер ме?
– Ия.
– Бетіңе сия.
– Аға, кешіріңізші, – деді балалардың бірі міңгірлеп.
– Кешірмеймін! Давай, қарбызды қабығына дейін жеңдер.
– Қабығы ащы ғой?
– О, әкеңнің! О, шешеңнің! Же дегшен соң, жеңдер! Енді ұрламайтындай боласыңдар!
Балалар қорыққандарынан көк дарбызды жерге ұрып жарып, іші қызармақ түгілі, қызғылттанбаған да аппақ күйінде жей бастады. Қолдарымен бырт-бырт үзіп, женді. Дәмсіз. Қабығы ащы... Жемейін десе, жігіт ағасы аузына келгенін құсып тұр. Оны қойшы, ұялы телефонымен түсіріп әлектенді.
– Аға. Ішіміз ауырып кетті.
– Ішің ауырса, топырақ жала!
– Аға, құсқым келіп кетті...
– Құсқың келсе, аспанға қара!
– Аға, енде ұрламаймыз...
– Аға, кешіріңізші?
– Кешірмеймін! О, шешең, о, әкең!
Балаларда зәре қалмады. Олар қорыққандарынан қарбызды асығыс жей бастады. Бұл өткен жылы жазда болған оқиға еді. Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тұрғыны түсірген бейнені биыл көрген әлеуметтік желі оқырмандары оны жерден алып, жерге салды! «Балаларды бір қарбыз үшін осылай азаптауға бола ма?», «Жас жігіт жазасын алсын!» деген пікірлерін жазды.
Кешікпей ол ұсталды. Ер адам өз кінәсін толығымен мойындады. Полицейлер балаларды да тапты. Олардың ата-аналары ішкі істер органдарына арыз жазып, жәбірлеушіні жауапқа тарта алады, – дейді полицейлер. Қоғамда осындай қаніпезерлер өздері түсірген бейнелерді әлеуметтік желіге қысылмай, қымтырылмай салатын болды. Мәселен, итті буындырып өлтірмек болған жасөспірім, түнде күшіктін үстіне бензин құйып, оның жалын алаулата қашқан сәтін қызықтаған жастар, осының бәрі қайдан шығады өзі? Бір сәт ойланайықшы, ағайын? Ойлануға он секунд беремін.