Қошанайдың қалжыңдары
Қошанайдың қалжыңдары
444
оқылды

Маңғыстау өңірінде «Қошанай айтқан екен» деген әңгімелер өте көп. Иманды болғыр, ол кісі өмірден өтіп кеткен. Бірақ, көзін көрген, айтқан әңгімелеріне куә болған мыңдаған адам қазір де бар. Оқтаулы мылтық сияқты, реті келгенде айта салатын, бірақ тыңдаушылар күлкіден құлап қалатын адам болған дейді.

* * *

Қошанай көрші ауылға барып, почтаның қасында жиналып тұрған көпшілікке сәлем береді. Қошанайдың айтқыш дегенін естіген қисық мұрын кісі Қошекеңді сөзге тартпақ болып тиісіп қоймайды. Бірақ Қошекең әлгінің сөзіне мән бермейді. Қисықмұрын темекісінің түтінін Қошанайдың бетіне үрлейді. Сонда Қошанай: – Аға түтініңіздің кемі жоқ, бірақ мұржасы келіспеген екен, – депті. Жұрт ду күледі. Сол жерде бір тақырбас көсе жігіт қатты күліп: – Аға маған не айтасың? – депті. Сонда Қошекең: – Сенің жағыңды айырып, тісіңді қағып қазанға сала қоятын екен, – депті. * * * Қошанай өндірісте жүрген кезі екен. Он бес күндік жұмыстан келіп, серуендейін деп көшеге шықса, өзімен вахталас трубовоз айдайтын азербайжан досымен кездесіп қалады. Досының қасында жасы төрт-бестердің шамасында ұлы бар екен. Баласы сойып қаптап қойғандай әкесінің көшірмесі дейді. Әлгі балаға қарап тұрып Қошекең: – Тұрбавоз айдайын деп өліп тұр екен! – депті.

* * *

Бірде Қошанай мал ауылда бір үйге барыпты. Үй иесі салақтау адам болса керек. Дастарxан басында шекер салған ыдыста шыбын қаптап тұрыпты. Қошанай кесеге шекер салмақ болып біреуін алса шыбындар быж етіп ұшып, барлығы қайтадан қонған екен. Сонда Қошекең: – Басқасын білмеймін, мына шекер салғыштың қақпағын қатырған екенсіңдер, – депті.

* * *

Бір әженің паспорты жоғалып кеткен екен. Қайтадан шығаруды біреуге тапсырғанмен, ол адам анау-мынау деп жүргенде бес-он жыл өтіп кетсе керек. Әйтеуір бұйырған күні құжатты алыпты. Ертеңіне жасы келген әже о дүниеге аттанып кете барыпты. Кемпірдің садақасына барып тұрған Қошекең: – Апайды құдекең танымай жүр екен, құжаты келген соң жанын алған екен, – депті.

* * *

Бірде ауылда милиция келіп, тұрғындардың бәрін жинап үлкен жиналыс болыпты. Сонда біреу «ұрылар менің түйемнің оң құлағын қиып кетті» десе, екіншісі «менің түйемнің сол құлағын қиып кетіпті» деп жатса Қошекең «Бұлар түйе ұрлап жүргендер емес, түйе құрастырып жүргендер шығар» депті.

* * *

Бірде Жармышқа қайынжұртына көрісе келіпті. 90-шы жылдардың бас жағы. Ауылға айлыққа жаздырып күріш берген екен. Қай үйге барса да ет қосып күріш береді дейді. Кезекті бір үйге барса, ол үй де шәйға ет қуырып күріш пісіріпті. Сонда Қошекең қасындағы адамға «Мыналар бірінікін бірі жылытып беріп жүргеннен сау ма?» деген екен.

* * *

Бір күні Қошанай тойға барыпты. Асаба Қошекеңнен бір жас кіші інісі екен. Қошанайды сөзге тартып, қонақтарды күлдіріп, көңілін көтергісі келіп, оған қайта-қайта тиісе береді. Сонда Қошекең: «Ау, сен бала бір жасы кіші інімсің ғой» депті. Сонда асаба: «Бір жас деген құрдас емес пе? Айтқыш болсаң айтшы, бір жастың қандай айырмасы бар» деп микрофонды Қошанайға береді. Қошекең микрофонды қолына алып, «Айтпайын деп едім, қоймадың ғой. Бір жастың айырмашылығы, мен анамның құрсағынан адам болып шығып келе жатқанымда, сен шешеңнің сол жеріне кіріп бара жатыр едің ғой» депті. Тойға келген қонақтар күлгеннен тамағын іше алмапты. * * * Тұщықұдықтан қалаға көшіп кеткеннен кейін, Қошекеңнің анасы «Ауыл жаққа көптен бері бармадық. Шалдардың басына барып құран оқымадық» деп ызыңдай беріпті. Сонда Қошекең анасын жетектеп мәңгілік алауға апарып, «Мама, Бәйімбеттердің бәрі осы жерде жатыр, осында оқи берсең болады» деп сол жерде құран оқыпты.

* * *

Қошанай бірде Рахат деген құрдасының көлігімен мал қарап шығып, машиналары далада бұзылып қалып ауылға жаяу қайтыпты. Қошанай сонда құрдасына: – Рахат дегенге еріп жүрсем, қу бейнет екенсің ғой! – депті.

* * *

Қошекеңнің немере ағасы Ержігіт ауырып қалаға кетіп, орнына Қошекең қойға шығыпты. Бірнеше күн қой баққан Қошекеңе ағасы Ержігіт келіп «Анау қой қалай, мына қой қалай» деп сұрап жатса, өзінің xалін сұрамаған ағасына қырсыққан Қошекең: – Ереке, соларды қойшы, сен ауырып кеткенде «Ерекең қалай?» деп біреуі сұраған жоқ, – депті.

* * *

Қошанайдың қой қорасы өртеніп жатса керек. Завферма көршісі үй ішімен дымы қалмай шелекпен су тасып сөндіріп жүр екен. Қолын артына қайырып алыстан қарап тұрған Қошанайға шыдамай кеткен көршісі: – Ай, Қошанай, қора сенікі, неғып тұрсың? – десе, – Жақында Мерген емшіге барып едім. «Қораңа мал бітпейді. Ішін отпен аластамасаң болмайды» деп еді. Жақсы болғанын қараш, – депті Қошекең.

* * *

Қошекең қой кезекке шығып ұйықтап қалыпты. Сөйтсе қойлардың алды сағат үш-төртте кетіп қалыпты. Содан кешкі алтыдан кете ауылға келсе, ауылдың адамдары «малды неге ерте жібердің» деп ұрысып жатыр дейді. Сонда Қошанай «Шөпке тойған қойларды ауылға жібере бердім» деген екен.

* * *

Форт-Шевченкоға тойға барыпты Қошекең. Барған үйі даладағы дәретханаға құлып салып қоятын көрінеді. Дәрет сындырайын десе жабық тұр. Далаға дәрет сындырып, үйге келіп қол жуып жатып айтатын көрінеді. «Апырмай, қатып қалдым. Далада туалет жабық тұр» деп. Қолға су құйған келіншек «Ойбай, аға, кілті мында тұр ғой, ала қойыңыз» десе, Қошекең «Қой құрсын, ішінен бірдеңе жоғалып кетіп бәлеге қалармын» депті.

* * *

Қошекең жұмыс сұрап «Маңғыстаумұнайгазға» барыпты. Бір бастық еңбек кітапшасын қарап отырып «Ойбой, інім ау, шықпаған төбең қалмапты ғой» десе, Қошанай «Аға, сізді де бір төбе деп келіп отырмын» деген екен.

* * *

Бірде Қошекең құрдасымен мал қарап шығыпты. Содан жер балшық, сайға түсіп кетіп машиналары аударылып қалыпты. Көліктің төрт дөңгелегі аспанға қарап жатыр дейді. Екеуі зорға дегенде шығып шетке қарай барып отырыпты Сол кезде Қошекең құрдасына қарап «Жақсы болды ғой, астын қарап алсайшы» деген екен.

* * *

Қошанай «Москвич» көлігін жөндеп жатқан екен. Бұрын үш рет үйленген жиені бар екен, сол тағы келіншек алып келіпті. Тойға шақырып келген балаға Қошекең «Сәлем айтарсың, қолым тимей жатыр. Келесіде қалмай барамын» депті.

* * *

Бірде Қошекең төрт-бес жігіт болып жұмыстағы бөлмесінде әңгіме айтып отырса, үстеріне бір жігіт келіп «Естідіңдер ме Виктор Цой қайтыс болыпты ғой» депті. Қошекең жұлып алғандай «Әй, сен бөлмеңе баршы. Саған бір нашарлау хабар айтқалы отыр едік» депті. Анау жігіттің өңі бұзылып кетіпті. Бөлмесіне Қошанайлар барса күтіп отыр дейді. Сонда Қошекең «Ал, шырағым, бекем бол. Жан бар жерде қаза бар, қайнағаңның қазасының арты қайырлы болғай» депті. Сөйтсе жаңағы жігіттің әйелі кәріс екен.  

Жинаған Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ