Демеушілік көмекті кімнен қызғанды?
Демеушілік көмекті кімнен қызғанды?
263
оқылды
Елде індеттің таралуына байланысты аймақ­тарға бөлінген қайырымдылық демеушілік қолдау­дан Атырау облысы да қалыс қалмаған. Бүгінде Үндістан, Қытай, Өзбекстан, Түркия елдерінен өзге, өңірден шыққан азаматтардың қомақты демеушілігі көңілді қуантып тұр. Алайда облыстық прокуратура демеушілікпен келген медициналық бұйымдардың  уақытында бөлінбеуінен аудандық ауруханалар меди­циналық қорғаныс құралдарын сатып алуға бюджеттен бөлінген қаражатты жұмса­ғанын анықтады. Атап айтқанда, 25 маусымда  «АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау» АҚ Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасына демеушілік көмек ретінде медициналық жеке қорғаныс құралдарын  берген. Ұйым басқармаға 1 500 дана қорғаныс көзілдірігін, 6 000 дана қолғап, бірреттік медициналық 7 000 дана бірреттік медициналық бетперде, 1 750 дана  бірреттік комбинезон, 1 750 дана қорғаныс экранын тапсырған. Алайда осындай көмек бола тұра, жергілікті медициналық мекемелер қорғаныс құрал­дарын мемлекет қаражатына сатып алыпты. Облыс прокурорының аға көмекшісі Қ.Қабдоловтың хабарлауынша, басқарма барлық медициналық ұйымдарда қажетті қорғаныс құралдарының үш апталық қоры бар деген сылтаумен аталған құралдарды ұйымдарға таратпай, қоймада сақтап келген. Дәл осы кезде Исатай аудандық орталық ауруханасында мұндай заттар болмаған. Аурухана шілде айында 2,5 млн теңгеге 500 дана қорғаныс комбинезоны мен 5 000 дана медициналық бетперде сатып алған. Прокуратураның тексеруі  Жылыой аудандық орталық ауруханасында қорғаныс құралдары мүлдем жетіспейтінін көрсетті. Дәлірек айтқанда, ауруханаға қажетті 50 мың дана бетперде, 5 000 дана қорғаныс комбинезоны, 30 мың дана қолғап және 100 дана қорғаныс көзілдірігі жетіс­пейтіні анықталған. Басқарманың әрекетсіздігі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және ауруханалардың өмірлік қажетті құралдармен қамтамасыз етілмеуіне алып келді. Аталған факті бойынша жинақталған құжаттар тергеу жүргізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жолданған. Облыстық прокуратураның тексеру нәтижесіне орай облыс әкімінің баспасөз қызметі Атырау облысына жеткізілген демеушілік көмектер қоймада жасырылған жоқ деген ақпарат берді. «Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 25 маусымда «АТМА  – Аэропорт Атырау» АҚ тарапынан берілген демеушілік көмек 17 шілде күні облыстағы емдеу мекемелеріне толық таратылған. Бұл мәселе Атырау облысы әкімінің тікелей бақылауында. Ішкі қызметтік тексеріс жүргізілуде, жұмысына салғырт қарау дерегі анықталған жағдайда жауапты тұлға жазаланады» деп көрсетілген баспасөз мәлімдемесінде. Сонымен қатар  Исатай мен Жылыой ауданындағы ауруханаларда қорғаныс құралдары мен қажетті заттар қоры жеткілікті екені айтылған. – Пандемияға байланысты, «АТМА – Аэропорт Атырау» АҚ тарапынан 25 маусымда демеушілік көмек келген болатын. Ол Атырау қаласындағы геолог емханасы жанындағы орталықтандырылған қоймаға жинақталады. Нақты есебі жүргізілген соң медициналық орындар үшін көрсетілген демеушілік көмек заттары емдеу мекемелерінің сұранысына сай, қала және аудандарға таратылады. Бұл жерде геолог емханасынан басқа емдеу мекемелерінде көмек заттар қорын сақтауға арналған орынның жоқ екенін де атап өткеніміз жөн. Оның үстіне, кез келген жағдайға дайын болу үшін қоймада кемінде екі апталық қор (медициналық қорғаныс құралдары жиынтығы) сақталуы тиіс. Бұл –  қауіпсіздік үшін ең қажетті алгоритм, – дейді әкімдік  өкілдері. Олардың сөзіне қарағанда, 26 маусым күні  Исатай аудандық ауруханасы 500 комбинезон,  Жылыой аудандық ауруханасы қорғаныс бетпердесін, пульсоксиметр және бір рет қолданатын комбинезон сатып алу туралы  хабарландыру жариялаған. Әрі бұл мекемелердің дербес шаруашылық жүргізу құқы бар екенін де атап өтті әкімдіктегілер. Әрі қажетті медициналық заттар сатып алуға бюджеттен қаржы қарастырылғанын, мекеменің қажетті заттарын сатып алу тәртібі де заңнама талаптарына сәйкес дербес жүзеге асырылатынын алға  тартты. Ал демеушілік көмектерге байланысты жоспарлы сатып алулар тоқтатылмайтынын да тілге тиек  етті облыстық әкімдіктегілер. «Демеушілік есебінен бөлінген қажетті заттар бойынша, Денсаулық сақтау басқармасы қабылдау және бөлу есептерін ұдайы жүргізіп келеді, бүгінде демеушілік есебінен келген қажетті  медициналық заттарды емдеу орындарына  тарату жұмыстары жалғасуда», – дейді Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі. Құзырлы органның тексеру нәтижесі мен әкімдіктің ресми жауабын саралап отырып, қайырымдылық көмек арқылы келген заттарды тарату мен мемлекет қаржысына тиісті жабдықтарды сатып алу мәселесінің айырмашылығы бар екенін байқадық. Шамасы, қоймада сақталған дүниелер  тиісті процедуралардан кейін таратылуы мүмкін. Тек елге қажет заттардың қоймада жатып қалуы таңғалдырады.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы