Екі жыл бұрын тартылған судың қызығын екі күн де көрмеді
Тарбағатай бойынша Ақсуат пен Ақжардан кейінгі үшінші ірі елді мекен саналатын Тұғыл ауылындағы тұрғындардың айтуынша, су ауылдың жартысына сыздықтап, тамшылап қана ағады, жартысында мүлдем жоқ. Елдің бақшалары қурап жатыр. Қазір бес мыңға тарта тұрғыны бар ауылда әкім де жоқ. Шамасы жағдай тым ушығып бара жатқан соң, өз еркімен арыз жазып, жұмыстан кетіп қалғанға ұқсайды. Ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарып жүрген маман ауылға тартылған судың неліктен сыздықтап, тамшылап тұрғанын түсіндіріп бере алмайды. Ал Тұғылдың жасы мен кәрісі өмір сүру үшін шіліңгір шілденің ыстығында сағаттап су кезегіне тұруға мәжбүр. Екі жыл бұрын ауылға жаңа су құбыры тартылғанда балаша қуанған тұғылдықтар жапа-тармағай үйлеріне су тартқызған. Бірақ тіршілік көзі болған сол су ақыры үйлеріне кірмеді. Биыл сәуір айынан бастап жағдай тіпті қиындай түскен. Мәселен, бір шелек су жинау үшін құбырдан тамшылап қана аққан суды сағаттап, ал флякті толтыру үшін тәуліктеп тосады екен тұрғындар. – Су тартып жатқанда мердігер бізге тезірек суды үйлеріңе кіргізіп алыңдар, кейін көшеде колонкалар болмайды деді. Содан үйге тарттық, 70 мың теңгедей қаржы кетті. Келісімге отырып, есептеуіш құралдарын түгелін орнаттық. Алайда сол суға қолымыз жетпеді. Жоқ. Аудандағылар бізді ауызсуды шаруашылыққа қолданады, бақшасын, малын суарады, сондықтан жетпей жатыр деп кінәлайтын көрінеді. Біз қанша пайдалансақ та, судың ақысын төлеп отырамыз ғой, қаладағыдай. Бірақ сол судың өзі жоқ қой, төрт айдан бері осындай қиыншылық, аулаға еккен гүлдеріміздің бәрі солып қалды, – деп ашынады ауыл тұрғыны, көпбалалы зейнеткер ана Нәзипа Кешубаева. Көшедегі колонкалар қазір жұмыс істемейді. Жаны қысылған халық су құбыры колонкаларының жанындағы құдықтардың қақпағын ашып, сондағы суды құбыршекпен сорып алып күнелтуде. Халық қазір коронавирус індеті өршіп тұрған уақытта ауыл сыртындағы ұңғымадан су тасуға мәжбүр. Бір барғанда ол жерге 20 адамға дейін жиналып қалады екен.Әу баста кемшілік кетіпті
– Құрылыс әу баста кемшілікке толы болды. Тартылған тұрбалардың диаметрі, орнатылған қондырғылардың бәрі тиісті нормативтерге сай емес. Құдықтардың бәрі ашық жатыр. Ереже бойынша олардың үсті мен асты бетондалып, ішіне түсетін темір басқыш орнатылуы керек. Тіпті, су жиналатын резервуардың төбесі ашық тұр, оған неше түрлі қоқыстар, құстар да түсіп кетуі мүмкін ғой. Су ұңғыманың ішіне қайта құйылып, лайланып жатыр. Қазір екі ұңғыма да жұмыс істемейді, біреуінде жарық пайда болған. Бұл кемшіліктер маман емес адамға да белгілі жағдай. Өткенде санамалап көрсем елуден астам кемшілік бар екен. Қорыта айтсақ, ауылға аудан, облыстан басшылар келсе суды қосады, бәрі жақсы дейді. Артынша су қайта жоғалады. Биыл 28 мамырда аудан әкімі мердігермен бірге келіп халықпен кездескен. Сонда маусымның 15-де су мәселесі шешіледі деген. Бірақ әлі күнге дейін су жоқ, – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Ержан Ықыласов. Оқырманның есіне сала кетсек, ауылдағы су құбыры желісін қайта құру жобасы «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2017 жылы қолға алынған. Нысан қолданысқа 2018 жылы берілген. Өкінішке қарай, су құбырының құрылысы кезінде мердігер мекеме тарапынан жіберілген кемшіліктер ауылды толық сумен қамтуға мүмкіндік берер емес. Мұны ауылдың атқамінерлері де жасырмайды. – Мердігер мекеме тарапынан қалайда құрылыс сапасыз жүргізілді. Алдымен сорғыны ауыстырды, артынан ұңғымада проблема пайда болды. Аудан әкімі 6 млн теңге бөліп, қосымша тағы бір ұңғыма жасады. Жаңа жобада 5 киловаттан үш сорғы қаралған, барлығы – 15 киловатт. Жаз кезінде суару көп, сондықтан бұл сорғылар да жетіспеді. Сондықтан жаңа су құбырында тұрған екі өрт сөндіру сорғысының бірін қостық. Мұнда тағы жиілік қою қажет, ол бірақ конкурстық негізде болмақ. Енді бәрі қалпына келді ме деген кезде жаңа көлемді резервуар шыдас бермей, жарықшақ пайда болды. Қазір мердігер екі жылға арналған кепілді міндеттемесінің аясында қайтадан жөндеп жатыр. Бұл сапасыз жүргізілген құрылыстың нәтижесі екені анық, – дейді Тұғыл ауылы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Свенов.Айналып келгенде, ауыл тұрғындары кінәлі бола ма?
Ауылдың қазіргі уақытша басшысының айтуынша, адамдар ауызсуды мақсатына сай жұмсамай отырған көрінеді. – Қыста жаңа су құбырындағы су артығымен жетеді. Ал жазда бәрі бақша суарады. Сол себепті резервуардағы су тез таусылып қалады. Жаңа су құбыры 900 үйді сумен қамти алады, ал ескі құбыр суы 400 үйге жетеді, – дейді Қанат Свенов. Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылына су құбырын тарту жобасына мемлекет қазынасынан барлығы 804 708 224 теңге бөлінген. Бұл goszakup.gov.kz сайтында көрсетілген ресми мәлімет. 2017 жылы 481 миллион теңгеден астамы төленген. Негізгі келісім тапсырыс беруші – Тарбағатай аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мен жеткізуші – «ПМК ҚҰРЫЛЫС» ЖШС арасында 2017 жылдың маусым айында жасалған. Кейін келісімге бірнеше рет өзгерістер енгізілген, соңғы қосымша келісім 2018 жылдың 9 ақпанында жасалған. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, 2017 жылы «ПМК ҚҰРЫЛЫС» ЖШС-ін Ақжар сайлау округі бойынша сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Нәбиев басқарған.Бүгінгі таңда кәсіпорынның бірінші басшысы Қанат Қалелов деген азамат болса, құрылтайшысы – Салтанат Қасымова деген ханым. Сол 2017 жылы аталмыш кәсіпорын осы Тарбағатай ауданындағы Жаңалық ауылына да су құбыры желісін тарту құрылысын тендерде жеңіп алған. Келісім 2017 жылдың 10 шілдесінде жасалған. Нысанды тапсыру мерзімі 2017 жылдың соңы болған. Келісім бойынша жобаның жалпы құны – 412 755 688 теңге. Ауылдағы ағайынның арыз-арманын мұқият тыңдап болған соң, Тұғыл ауылындағы су құбыры желілерінің жағдайы бойынша аудан әкімдігіне хабарластық. Ондағылар да құдды бір-бірімен келісіп алғандай, ауыл басшысының айтқандарын қайталап берді. Әкімдіктегілердің айтқандарынан ұққанымыз, бұл нысан 2018 жылы қолданысқа берілсе де, әлі күнге дейін аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің теңгеріміне алынбаған екен. Оған біткен нысаннан қайта-қайта кемшіліктер шыға бергені басты себеп болуда, кемшіліктер түзелмей, теңгерімге алынбақ емес. Әзірге нысан аудандық құрылыс бөлімінің қарауында тұр. – Тұғыл ауылындағы су құбыры желілерін қайта құру нысаны бойынша мердігер – «ПМК ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, нысан 2018 жылдың 21 желтоқсанында қабылданды. Қазір ауылда 1 090 аула болса, соның 841 тұрғын үйіне су кіргізіліп тұр. Су ауылға толыққанды жету үшін ұңғыма, барлығы жеткілікті. Тұғыл ауылының су құбыры желісі жоба бойынша тек таза ауызсу үшін пайдалануға арналған. Бірақ халықтың басым көпшілігі шаруашылық тұрмыста пайдаланған соң судың қысымы жеткіліксіз болып қалды. Тұғыл ауылында ескі трассалар да жұмыс істеп тұр, жаңа трассалар толық қосылған жағдайда ескісін өшіріп, суды толық көлемде беретін боламыз, – дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабырбаев. P.S.Міне, Тұғылдың ауызсуына қатысты аудандағы атқамінерлер осылай жауап берді. Олардың айтқандарына сенсең бәрі дұрыс, бәрі керемет. Суды бақшаға бей-берекет ағызған халықтың өзі кінәлі. Ал сусыраған халықтың жан айқайы анау. Айтпақшы, Тұғылда ауызсу ғана проблема емес. Ауылды Зайсан көлінен қорғап тұрған үлкен бөгетті де толқын шайып, әбден тозығы жеткен. Ол жарылса, бүкіл ауылды су шаю қаупі тұр. Бұған ауылдың қоқыс полигонының да шешілмеген мәселесін қосыңыз. Бұларға алдағы уақытта жеке-жеке тоқталатын боламыз.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы