Соңғы жылдары ақталып, қылмыстық ісі тоқтаған бақытты жандардың «бүлдірген тірлігі» алуан түрлі. Бір азаматтың есірткі сатқысы келгені дәлелденбеген, басқа жағдайда мемлекеттік ЖШС басшысы өңірдегі бағаны тұрақтандыру үшін қантты белгіленген бағадан арзан сатқанын судья қылмыс деп танымаған. Немесе Оралда зейнетақы төлеу мекемесінде 10 мың теңгені қателесіп алып қойған қызметкер де ақталды. Ал жолаушысының кім екенін білмей тасыған М.Төлеушов есімді такси жүргізушісін полицейлер есірткі таратты деп айыптаған. Тіпті, сот 3 жылға бас бостандығынан айырған. Былтыр Жоғарғы сот оның қылмысқа қатысы жоқ екенін айтып, ақтап шықты.
Сандарды «ойнату». Ал енді айтқанымызды нақтыласақ. Былтыр 11 айда 230 азаматты ақтайтын үкім шыққан. Бұл аз ба, көп пе? Бас прокуратураның мәліметінше, 2017 жылы 26 492 іс қаралып, үкімі шыққан. Онда 39 істе 51 адамды ақтаған. Пайызға шақсақ, ақтау үкімі 0,1 пайызды құрайды. Ал 2020 жылы ауыр қылмыстарда ақтау үкімі 12 есе, аса ауыр қылмыстарда 6 есе көбейген. Өкінішке қарай, барлық қылмысқа қатысты шығарылған үкімдердің арасында ақтау үкімі неше пайыз екені туралы мәлімет жоқ. Өйткені былтыр 230 адам ақталды дегеннің өзінде дәл сол уақытта судьялар 3,3 млн іс қарағанын ұмытпаған жөн. Яғни, нақты үлестік статистика болмай, қазіргі шынайы жағдайды бағамдау қиын. Оған қоса, адвокаттар жалпы ақтау статистикасында ауыр қылмыстардан гөрі жала жабу секілді жеңіл айыптардың үлесі көп, Жоғарғы сот бәрін қосып есептейді, сонда Қазақстанда ақтау үкімінің саны артып шыға келеді дейді.
Неге ақтамаймыз? Ал енді судьялардың күдіктіні ақтауға асықпауының себебі неде деген сауалға келсек.Әрине, басты фактордың бірі – сот жүйесінің ерекшелігі. Кеңестік үлгі сақталды. Тергеуші мен прокурор істі зерттеп, аяқталған күйде сот процесіне әкеледі. Яғни, судьяның істі тың көзбен қайта қарауға мүмкіндігі мен уақыты бола бермейді. Ал Батыс елдердің көпшілігінде (англосаксондық жүйеде) тергеудің негізгі бөлігі судьяның қатысуымен өтеді. Сәйкесінше, ол жақта ақтау үкімдерінің пайызы жоғары.
Әрине, ешкімнің екі басы жоқ. Тергеуші де, прокурор да кінәсіз адамды сот залына сүйреп әкеле қоймас. Яғни, көпшілігі жазасын алады. Тек кейде азаматтардың істеген әрекетіне берілетін баға әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, жоғарыдағы мысал. Мемлекеттік ЖШС басшысы Жамбыл облысындағы нарықтағы қант бағасын тұрақтандыру үшін оны төмен бағамен сатқан, ал құқық қорғау органдары оның шешімі бюджетке 14,5 млн шығын әкелді деп бағалаған. Мұндайда судья батылдық танытпаса, аш бәледен қаш бәле деп прокурордың сұраған жазасын беріп жіберуі әбден мүмкін. Өйткені ақтау үкімін шығарған жағдайда «судья күдіктіден пара алмады ма» деп оның өзінен күдіктене бастайтын кездер жиі болады екен. Судьяға да тыныштық керек. Ақтау үкімі шықты дегені – істі тіркеген, тергеген прокурор мен тергеуші қатты қателесті деген сөз. Прокурор да өзін ақтау үшін апелляцияға беріп, істі созып алуы ғажап емес. Сондықтан көптеген судья осы у-шудан басын алып қашып, айыптау үкімін жиі шығара салады. Мәселен, ақтау үкімі шыққаны үшін Бас прокуратура 2017 жылы 13 қызметкерін жазалады. Прокурор осындай тізімге ілікпеу үшін істі тізеге басып жіберуі бек мүмкін.
Кешегі тергеуші бүгін судья. Сондай-ақ мамандар отандық сот жүйесінде ақталушылар санының аз болуының тағы бір себебін судьяның кәсіби деңгейімен байланыстырады. Соңғы кезде судья атануға талап күшейді. Ал бұған дейін тергеуші, прокурор, тіпті судья хатшысы да сот мантиясын кие беруші еді деген пікір бар. «О баста қызмет жолын тергеу мен айыптаудан бастаған адамның ертең қызметін ауыстырса да (судья атанған соң), оның айыптау логикасының өзгере қоюы шамалы», – дейді адвокаттар. Ал тәжірибесіз судьялар көбіне прокурордың дәлеліне илана қояды екен. Түптеп келгенде, бұл да сот жүйесінің ерекшелігіне келіп тіреледі. Тағайындалған судья үнемі жоғары инстанцияға алаңдап отыратыны хақ. Өйткені облыстық сот басшысы аудандық судьялардың карьерасына тікелей ықпал ете алады. Ал Батыс елдердің көпшілігінде судьяны азаматтар сайлайды. Бұл жүйе судьяға ешкімнің тәуелді болмауына, тек азаматтардың сенімінен шығатын әділ төреші атануына жағдай жасайды.
Ауылы аралас, қойы қоралас болмауы міндет. Сондай-ақ сот этикасы да аса маңызды. Құқық қорғау органдарының қысымын көргісі келмеген судья кейде олармен жақсы қатынаста болғысы келеді. Сәйкесінше, олардың жиған дәлелдерінің аздығын көрсе де, күдіктіге жаза тағайындайды. Аймақтардағы судья, полицей, прокурорлардың кейде өзара той тойлайтын кездері кездеседі. Ал АҚШ-та судья этикасы қатаң бақыланады. Сот төрелігін шығаратын азамат адвокатпен кафеде шай ішсе, жарты бағасын өзі төлеуі міндетті. Ас үстінде жабылған істерді талқылауы мүмкін, алайда әлі жалғасып жатқан істер жайлы сөз қозғауына тыйым салынады. Судья мерекеде өзгелерден тіпті шоколадты тарту ретінде қабылдай алмайды.
Жалақың қанша, судья? Әрине, қалтасы тесік адамның кәсіби тұрғыда толық тәуелсіз болуы екіталай. Сондықтан, айталық АҚШ-та өңірлік судьяның (біздіңше аудандық) жалақысы жоғары, 12 мың доллар, федералды судья (біздіңше облыстық) айына 17 300 доллар алады. Ал Қазақстанда аудандық судья 450-550 мың теңге алса (1000-1300 доллар), облыстық судьялардың айлық нәпақасы 700-800 мың теңге (1680-2000 доллар). Сөз жоқ, мұндай салыстыруларда теңгенің девальвациясы теріс ықпал етеді. Бастысы, судьялар да депутат Гүлжан Қарағұсова айтқан «Кімге қалай төленсе, ол солай жұмыс істейді» деген қауіпті принципке өтпесе болғаны.
Негізгі тақырыпқа оралсақ. Істі болған адамды ақтау – түпкі мақсат емес. Алайда талай жанның қолдан құрастырылған қылмыстық істің құрбаны болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ұрды, қинап мойындатты дегендер қаншама? Олар да өзін ақтау үшін полицейлерге жала жабуы мүмкін. Қауіп төнгенде күдіктілер түрлі айлаға басады. Сондықтан күрделі істердің ақ-қарасын ашу оңай емес. Дегенмен Жоғарғы сот ақтаған азаматтардың ісіне қарасақ, погондылар талай адамды нақақтан нақақ айыпты еткенін (әсіресе, есірткі саудасына қатысты) көреміз. Міне, осындай заңсыздықтардың алдын алу үшін де азаматтарда ақталу мүмкіндігі болу керек-ақ.
Өзгелерде жағдай қандай? Ақтау үкімінің санына сот жүйесінің ерекшелігі қаншалықты ықпал ететініне көз жеткізу үшін шетелдік көрсеткішке көз жүгіртейік. Мәселен, Ресейде барлық үкімнің ішінде ақталу үкімінің үлесі 0,2 пайыз. Тәуелсіз құқық қорғаушылар мұны сынға алса, Ресейдің тергеу комитетінің басшысы мұны біздің сапалы жұмысымыздың нәтижесі деп бағалайды. Сайып келгенде аталған мәселеде судьяның тәуелсіздігі мен оны сайлау шешуші фактор ретінде қарастырылатын секілді. Айталық, Канадада ақтау үкімдерінің үлесі – 42 пайыз, Англияда – 19 пайыз, Швецияда – 7,5 пайыз. Ал Үндістанда – 35 пайыз. Саяси жүйесі Ресейге ұқсас Беларусь пен Қытайда ақтау үкімдері 0,2 және 0,1 пайызды ғана құрайды.
Күдіктіні ақтау – басты мақсат емес. Алайда әр адамда ақталуға мүмкіндік болуы керек және судья ол құқықты пайдалануға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл – бағзы заманнан келе жатқан дәстүр. Ежелгі Мысырда да айыпталушыға ақталудың түрлі әдісі ұсынылған. Ал бұл күндері егер тергеуші мен прокурордың жиған дәлелі, таққан айыбы шешуші фактор болып қала берсе, онда «әділ қазы», «сот төрелігі» сөздерінің мәні қалмайды.