Бағдарламада басы артық жоба көп
Integrity astana ұйымының жетекшісі Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, Үкімет халықты мектеп, аурухана, жол салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу мен салу, елді мекендерді абаттандыру сияқты жұмыстарға тарту арқылы жұмыс орындарын құру тәсілін таңдады. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасын әзірледі. Ал бізде қолданыста кадрлар даярлау, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамтуды көздейтін «Еңбек» бағдарламасы бар. Жұмыспен қамтуға қатысты екі бағдарламаны қатар іске асыру – нонсенс, – дейді ол. – Әрине, Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы» 2 жылға жоспарланған уақытша бағдарлама деп түсіндіреді. Бірақ екі бағдарламаға да биыл өте қомақты қаржы бөлініп отырғанын ескерсек, қоғам сергек болуы керек, қаржының игерілуін қоғамдық бақылаудан тыс қалдырмауы керек». Осы тұста ол «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту бағдарламасының шығыны 30 млрд-тан 80 млрд теңгеге дейін ұлғайтылғанын, ал Жұмыспен қамтудың жол картасына (ЖҚЖ) биыл республикалық бюджеттен 300 млрд теңге бөлінгенін айтады. Осы қаражатқа мемлекеттік облигациялар шығаруға байланысты қосымша 700 млрд теңге жіберу де жоспарланған. Сонда биыл ЖҚБ бағдарламасына 1 трлн теңге, ал «Еңбек» бағдарламасы үшін 80 млрд теңге бөлінеді. Демек, биыл жұмыспен қамтуға 1 трлн 80 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаржы мақсатты жұмсалса қордаланған көп мәселені шешіп, жұмыссыздықты едәуір төмендетуге болады. Бірақ Ж.Нұрғалиев бағдарламадағы іс-шаралар жоспарына қатысты ақпараттың марзымсыз екенін, осының көңілге күдік ұялататынын айтады. «Біз қоғамдық мониторинг аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасында жоспарланған жобалар мен іс-шаралар туралы ақпаратты іздедік. Жалпыға қолжетімді ашық деректер базасында мұндай жиынтық ақпарат жоқ болып шықты. Облыстық әкімдіктер жұмыспен қамту бағдарламасы аясындағы жобалар туралы там-тұмдап жариялапты. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алынған ақпаратқа сүйенеміз, сол деректерде ЖҚЖ бағдарламасы бойынша бөлінетін қаражаттың 31%-ы әлеуметтік және мәдени нысандарды салу, жөндеу және қайта жаңарту үшін қарастырылған. Бұл негізінен білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру нысандары. 26% – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарына, яғни тұрғын үйлерді, жатақханаларды, су, энергия, газ, жылумен жабдықтау және кәріз нысандарын салу мен жөндеуге жұмсалмақ. Инженерлік-көліктік инфрақұрылым үшін – 3,25%. Бұл бағытқа қалалық, ауылішілік жолдар, тротуарлар, кірме жолдар, бөгеттер мен көпірлер, сондай-ақ су шаруашылығы нысандары кіреді делінген. Елді мекендерді абаттандыруға 18% бөлінген. Оған аулаларды, саябақтар мен көшелерді абаттандыру, ойын алаңдарын көгалдандыру, жарықтандыру кіреді. Біз бұл тізімдегі кей жобаларды артық деп санаймыз», – дейді ұйым жетекшісі. Оның пікірінше, тізімдегі бірнеше жерде 18 млрд және 6 млрд теңгеге «инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар» деген жалпылама жобалар жазылған. Сондай-ақ 8 млрд теңгеден астам қаржының «Қорғаныс министрлігінің жобаларына» қарастырылғаны айтылғанымен, оның қандай жоба екені ашық жазылмаған. Ең қызығы, дәл қазіргі уақытта сұранысқа ие денсаулық сақтау саласында небәрі 24 нысанды салу мен 177 нысанды күрделі жөндеу жоспарланыпты. «Бұл бағдарлама шеңберінде жөнделетін, салынатын нысандар тізімін әкімдіктердің атүсті жасағанын көрсетеді. Оның үстіне әкімдіктер өзіне қажетті нысандарды ғана тізімге енгізуге тырысқан. Соның салдарынан бағдарламада басы артық жоба көбейген», – дейді сарапшы. Ал бізге қазір бюджет қаражатын барынша үнемдеп, маңызды жобаларды ғана жүзеге асыру керек екенін ескерсек, бағдарламадағы кей жобаларды қысқарту керек шығар...Жұмыспен қамтуды емес, инфрақұрылымды жаңартуды ойлаған
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 6 762 нысан салу немесе жөндеу, сол арқылы 242 мың жұмыс орнын құру көзделген. Соның 81 мыңы құрылыс нысандарында, 46 мыңы күрделі жөндеу жүретін нысандарда, 87 мыңы ағымдық жөндеу жасалатын орындарда және 27 мың жұмыс орны қайта қалпына келтірілетін нысандарда құрылады. Яғни, жұмыс орындарының көп бөлігі жөндеу саласында құрылмақ. Ең қызығы, бағдарлама нәтижесінде 15 мың тұрақты жұмыс орны ғана құрылады екен. Сонда 1 триллион теңгеге бірнеше ай ішінде 242 мың емес, 15 мың жұмыс орны ғана құрылады. Осыны негізге алған Жанат Нұрғалиев ЖҚЖ бағдарламасы халықты жұмыспен қамтуды емес, инфрақұрылымды жаңартуды ғана көздейді деп отыр. «Себебі қолданыстағы Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы 2015-2016 жылдарға арналған ЖҚЖ бағдарламасы негізінде жасалған. Ал ол бағдарлама 2016 жылы Есеп комитетінің сынына ұшыраған. Сол жылғы аудит қорытындысында комитет бағдарлама қаражатының 88%-ы инфрақұрылым жобаларына бөлінгенін, ал бағдарламаға қатысушылардың 5%-ы ғана жұмысқа орналасқанын айтып, сынаған болатын. Есеп комитеті бағдарламаның тұрақты жұмыс орнын құруда тиімсіз болғанын және мақсатты индикаторларға қол жеткізбегенін атап өткен еді. Ал 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламаны жасағанда алдыңғы бағдарлама кемшіліктері ескерілген жоқ. Үкімет сол қателікті қайталауы мүмкін», – дейді ол. Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыратын мердігер компаниялар жұмысқа жергілікті жұмысшыларды жалдауға мүдделі емес жағдай да кездеседі екен. Олар мұны жергілікті халықтың жұмыс дағдысының жоқтығымен түсіндіреді. Әкімдіктер бұл мәселені бақылаудан тыс қалдырған. Бұл да өзекті мәселе. Ал сарапшылар айтқан тағы бір мәселе – бағдарлама үшін бөлінген қаржының игерілмей қалу қаупі бар. Себебі бұрын-соңды жұмыспен қамту бағдарламасына мұндай ірі көлемде қаржы бөлінбеген.Қоғамдық бақылауды күшейтпесе, бәрі бекер
Сонымен, сарапшылар бағдарлама жұмыспен қамту мәселелерін жүйелі шеше алмайды, бұл құжат уақытша жұмыс орындарын құруға бағытталған деп санайды. Бағдарламаға бөлінген қаражат тым көп және негізсіз көрсетілген, сондықтан да бюжет қаражатының игерілмей қалу қаупі бар. Себебі бөлінген қаражаттың дұрыс пайдаланылуын бақылайтын нақты жүйе жоқ. Ал қоғамдық бақылау мүлде жүргізілмейді. Ендеше қайтпек керек? Integrity astana ұйымы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде туындауы мүмкін қауіптің алдын алу үшін бағдарлама қаражатының 20%-ы ЖҚЖ бағдарламасы аясында басталған инфрақұрылым жобаларын аяқтауға, 50%-ы кәсіпкерлік саласында жаңа жұмыс орындарын құру үшін, 30%-ы жұмыс істеп тұрған шағын бизнеске жұмыс орнын сақтап қалуға бөлуді ұсынады. Сонымен бірге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мен «Еңбек» бағдарламаларының шараларын өзара байланыстыру, яғни бағыттар арасында қаражатты қайта бөлу қажет екенін айтады. «Қоғамдық бақылаудың қатысуымен инфрақұрылым жобаларына инвентаризация жүргізіп, биыл аяқталуы тиіс жобаларды анықтау. Қоғамдық бақылау іріктеген жобаларды ғана қаржыландыру, ал басқа жобаларды қаржыландыруды тоқтата тұруды ұсынамыз. Мердігер компаниялар мен әкімдік арасында жасалған келісімдерге жергілікті жұмысшыларды жұмыссыздар қатарынан жұмысқа тартуды міндеттеу туралы бап енгізу қажет. «Еңбек» бағдарламасының 1-бағыты аясында мердігерлер үшін аса қажет мамандықтар бойынша мамандар даярлауды қамтамасыз ету керек», – дейді. Ал шағын және орта бизнесті сақтап қалу үшін «Еңбек» бағдарламасының 2-бағыты аясында нақты қажеттіліктер мен «Бастау Бизнес» бойынша оқитындар санын ескере отырып, микроқаржыландыру көлемін арттыру қажет. Қазіргі кезде мал шаруашылығын қолдау үшін мал сатып алуға қаражат бөлудің пайдасы сол. Себебі жұмыс үшін қалаға ағылатындар карантин кезінде ауылына оралды. Енді олардың мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасау арқылы жұмыспен қамту және азық-түлік қорын жасақтау мәселесінің де шешілуіне ықпал етуге болады. «Адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кеңселерінің қатысуымен жобаларды іске асыру мен қаражаттың дұрыс жұмсалуын бақылау маңызды. Сонда жұмыспен қамту үшін бөлінген триллиондарды түгендеу жеңіл болады.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ