Жұмыспен қамтудағы жүйесіздік немесе ертең триллиондардың ізін таппай қалмаймыз ба?
Жұмыспен қамтудағы жүйесіздік немесе ертең триллиондардың ізін таппай қалмаймыз ба?
Иә, күшейтілген каран­тин кезінде жұмысынан айырыл­ғандар көбейді. Үкімет те қарап жатпай, халықты жұмыспен қамту арқылы кедейліктің алдын алуды ойластырып, бағдарлама қабылдап, бюджеттен қомақты қаржы бөлді. Бірақ Іntegrity astana ұйымы Үкіметтің бұл әрекеті нәтиже бермеуі мүмкін, себебі бағдарламада тұрақты жұмыс орнын құрудың нақты механизмі қарастырылмаған деп мәлімдеді.  

Бағдарламада басы артық жоба көп

Integrity astana ұйымының жетекшісі Жанат Нұрғалиевтің айтуынша, Үкімет халықты мектеп, аурухана, жол салу, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық нысандарын жөндеу мен салу, елді мекендерді абат­тандыру сияқты жұмыстарға тарту арқылы жұмыс орындарын құру тәсілін таңдады. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасын әзірледі. Ал бізде қолданыста кадрлар даярлау, кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамтуды көздейтін «Еңбек» бағдарламасы бар. Жұмыспен қамтуға қатысты екі бағдарламаны қатар іске асыру – нонсенс, – дейді ол. – Әрине, Үкімет «Жұмыспен қам­тудың жол картасы» 2 жылға жоспарланған уақытша бағдарлама деп түсіндіреді. Бірақ екі бағдарламаға да биыл өте қомақты қаржы бөлініп отырғанын ескерсек, қоғам сергек болуы керек, қаржының игерілуін қоғамдық бақылаудан тыс қалдырмауы керек». Осы тұста ол «Еңбек» өнім­ді жұмыспен қамту бағдар­ла­масының шығыны 30 млрд-тан 80 млрд теңгеге дейін ұл­ғай­тылғанын, ал Жұмыспен қам­тудың жол картасына (ЖҚЖ) биыл республикалық бюджеттен 300 млрд теңге бөлінгенін ай­тады. Осы қаражатқа мем­лекеттік облигациялар шы­ғаруға байланысты қосымша 700 млрд теңге жіберу де жос­парланған. Сонда биыл ЖҚБ бағдарламасына 1 трлн теңге, ал «Еңбек» бағдарламасы үшін 80 млрд теңге бөлінеді. Демек, биыл жұмыспен қамтуға 1 трлн 80 млрд теңге жұмсалады. Бұл қаржы мақсатты жұмсалса қор­даланған көп мәселені шешіп, жұмыссыздықты едәуір төмендетуге болады. Бірақ Ж.Нұрғалиев бағдарламадағы іс-шаралар жоспарына қатысты ақпараттың марзымсыз еке­нін, осының көңілге күдік ұяла­татынын айтады. «Біз қоғамдық мониторинг аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасында жоспарланған жобалар мен іс-шаралар туралы ақпаратты іздедік. Жалпыға қолжетімді ашық деректер базасында мұндай жиынтық ақпарат жоқ болып шықты. Облыстық әкімдіктер жұмыспен қамту бағдарламасы аясындағы жобалар туралы там-тұмдап жариялапты. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен алынған ақпаратқа сүйенеміз, сол дерек­терде ЖҚЖ бағдарламасы бо­йынша бөлінетін қаражаттың 31%-ы әлеуметтік және мәдени ны­сан­дарды салу, жөндеу және қайта жаңар­ту үшін қарас­тырылған. Бұл негізі­нен білім, мә­дениет, спорт, әлеуметтік қам­­сыздандыру нысандары. 26% – тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы нысандарына, яғни тұрғын үйлерді, жатақха­наларды, су, энергия, газ, жылу­мен жабдықтау және кәріз нысандарын салу мен жөндеуге жұмсалмақ. Инже­нерлік-көліктік инфрақұрылым үшін – 3,25%. Бұл бағытқа қа­ла­лық, ауылішілік жолдар, тротуар­лар, кірме жолдар, бө­геттер мен көпірлер, сондай-ақ су шаруашылығы нысандары кіреді делінген. Елді мекендерді абаттандыруға 18% бөлінген. Оған аулаларды, саябақтар мен көшелерді абаттандыру, ойын алаңдарын көгалдандыру, жарықтандыру кіреді. Біз бұл тізімдегі кей жобаларды артық деп санаймыз», – дейді ұйым жетекшісі. Оның пікірінше, тізімдегі бірнеше жерде 18 млрд және 6 млрд теңгеге «инженерлік-коммуникациялық инфра­құ­рылымдар» деген жалпылама жобалар жазылған. Сондай-ақ 8 млрд теңгеден астам қаржының «Қорғаныс министрлігінің жобаларына» қарастырылғаны айтылғанымен, оның қандай жоба екені ашық жазылмаған. Ең қызығы, дәл қазіргі уақытта сұранысқа ие денсаулық сақтау саласында небәрі 24 нысанды салу мен 177 нысанды күрделі жөндеу жоспарланыпты. «Бұл бағдарлама шеңберінде жөнделетін, салынатын ны­сандар тізімін әкімдіктердің атүсті жасағанын көрсетеді. Оның үстіне әкімдіктер өзіне қажетті нысандарды ғана тізімге енгізуге тырысқан. Соның салдарынан бағдарламада басы артық жоба көбейген», – дейді сарапшы. Ал бізге қазір бюджет қаражатын барынша үнемдеп, маңызды жобаларды ғана жүзеге асыру керек екенін ескерсек, бағдарламадағы кей жобаларды қысқарту керек шығар...  

Жұмыспен қамтуды емес, инфрақұрылымды жаңартуды ойлаған

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 6 762 нысан салу немесе жөндеу, сол арқылы 242 мың жұмыс орнын құру көзделген. Соның 81 мыңы құрылыс нысандарында, 46 мыңы күрделі жөндеу жүретін нысандарда, 87 мыңы ағымдық жөндеу жасалатын орындарда және 27 мың жұмыс орны қайта қалпына келтірілетін нысандарда құрылады. Яғни, жұмыс орындарының көп бөлігі жөндеу саласында құрылмақ. Ең қызығы, бағдарлама нәтижесінде 15 мың тұрақты жұмыс орны ғана құрылады екен. Сонда 1 триллион теңгеге бірнеше ай ішінде 242 мың емес, 15 мың жұмыс орны ғана құрылады. Осыны негізге алған Жанат Нұрғалиев ЖҚЖ бағдарламасы халықты жұмыспен қамтуды емес, инфрақұрылымды жаңар­туды ғана көздейді деп отыр. «Себебі қолданыстағы Жұ­­мыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы 2015-2016 жылдарға арналған ЖҚЖ бағдарламасы негізінде жасалған. Ал ол бағдарлама 2016 жылы Есеп комитетінің сынына ұшы­раған. Сол жылғы аудит қоры­тындысында комитет бағ­дарлама қаражатының 88%-ы инфрақұрылым жобаларына бөлінгенін, ал бағдарламаға қа­тысушылардың 5%-ы ғана жұ­мысқа орналасқанын айтып, сынаған болатын. Есеп комитеті бағдарламаның тұрақты жұмыс орнын құруда тиімсіз болғанын және мақсатты индикаторларға қол жеткізбегенін атап өткен еді. Ал 2020-2021 жылдарға арналған бағдарламаны жаса­ғанда алдыңғы бағдарлама кемшіліктері ескерілген жоқ. Үкімет сол қателікті қайталауы мүмкін», – дейді ол. Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыратын мердігер компаниялар жұмысқа жергілікті жұмысшыларды жалдауға мүдделі емес жағдай да кездеседі екен. Олар мұны жергілікті халықтың жұмыс дағдысының жоқтығымен түсіндіреді. Әкімдіктер бұл мә­селені бақылаудан тыс қал­дырған. Бұл да өзекті мәселе. Ал сарапшылар айтқан тағы бір мәселе – бағдарлама үшін бөлінген қаржының игерілмей қалу қаупі бар. Себебі бұрын-соңды жұмыспен қамту бағдар­ламасына мұндай ірі көлемде қаржы бөлінбеген.  

Қоғамдық бақылауды күшейтпесе, бәрі бекер

Сонымен, сарапшылар бағ­дарлама жұмыспен қамту мәселелерін жүйелі шеше ал­майды, бұл құжат уақытша жұмыс орындарын құруға бағытталған деп санайды. Бағдарламаға бө­лінген қаражат тым көп және негізсіз көрсетілген, сондықтан да бюжет қаражатының игеріл­мей қалу қаупі бар. Себебі бөлін­ген қаражаттың дұрыс пайдала­нылуын бақылайтын нақты жүйе жоқ. Ал қоғамдық бақылау мүлде жүргізілмейді. Ендеше қайтпек керек? Integrity astana ұйымы бағдар­ламаны жүзеге асыру кезін­де туындауы мүмкін қауіп­тің алдын алу үшін бағдар­лама қаражатының 20%-ы ЖҚЖ бағ­дар­ламасы аясында басталған инфрақұрылым жобаларын аяқтауға, 50%-ы кәсіпкерлік сала­сында жаңа жұмыс орын­дарын құру үшін, 30%-ы жұмыс істеп тұрған шағын биз­неске жұ­мыс орнын сақтап қалуға бөлуді ұсынады. Сонымен бірге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мен «Еңбек» бағ­дарламаларының шараларын өзара байланыстыру, яғни бағыттар арасында қаражатты қайта бөлу қажет екенін айтады. «Қоғамдық бақылаудың қатысуымен инфрақұрылым жобаларына инвентаризация жүргізіп, биыл аяқталуы тиіс жобаларды анықтау. Қоғамдық бақылау іріктеген жобаларды ғана қаржыландыру, ал басқа жобаларды қаржыландыруды тоқтата тұруды ұсынамыз. Мер­дігер компаниялар мен әкімдік арасында жасалған келісімдерге жергілікті жұмысшыларды жұ­мыссыздар қатарынан жұмысқа тартуды міндеттеу туралы бап енгізу қажет. «Еңбек» бағдар­ламасының 1-бағыты аясында мердігерлер үшін аса қажет мамандықтар бойынша маман­дар даярлауды қамтамасыз ету керек», – дейді. Ал шағын және орта бизнесті сақтап қалу үшін «Еңбек» бағ­дар­ламасының 2-бағыты аясында нақты қажеттіліктер мен «Бастау Бизнес» бойынша оқитындар санын ескере отырып, микроқаржыландыру көлемін арттыру қажет. Қазіргі кезде мал шаруашылығын қолдау үшін мал сатып алуға қаражат бөлудің пайдасы сол. Себебі жұмыс үшін қалаға ағылатындар карантин кезінде ауылына оралды. Енді олардың мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасау арқылы жұмыспен қамту және азық-түлік қорын жасақтау мәселесінің де шешілуіне ықпал етуге болады. «Адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кеңселерінің қатысуымен жобаларды іске асыру мен қаражаттың дұрыс жұмсалуын бақылау маңызды. Сонда жұмыспен қамту үшін бөлінген триллиондарды түгендеу жеңіл болады.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ