Залалсыздандыруға сенбей отыр
Залалсыздандыруға сенбей отыр
231
оқылды
Бірінші қауесетке орай, рес­ми орындар «Құстардың дезин­фекция жасау салдарынан өлгені туралы ақпарат ақиқатқа сай емес» деп жауап берді. Таяуда алматы­лық адвокат Жангелді Сүле­й­менов вирусқа қарсы шашыл­ған дәрі-дәрмектен онда­ған мың қа­зақстандық зардап шегіп жат­қа­нын айтып, қаладағы дезин­фекция жұмысына жауаптыларды сотқа беретінін жариялады. Оның айтуынша, тұрғын үй­лерді залалсыздандыратын глюза­мин сұйықтығы мен тез еритін акма-хлор дәрісі адамдарға аса қауіпті. «Күніне 8 мың подъезд және 1 300 аулаға себілетін пре­паратты қолдану барып тұрған қастандық. Сұйықтықты жасау ережесінде мұқият болу керек екені белгілі. Қолғап, бетперде киюді де міндеттейді. Демек, бұл адам үшін қауіпті. Ал бізде бұл заттармен подъезд, аула мен балалар ойнайтын жерлерде дезинфекция жасап жүр. Әсіресе, аллергиясы бар, тыныс алуы қиын адамдарға қастандық жасалды деп ойлаймын, – деді құқық қорғаушы. Жалпы, кейінгі кездері осын­дай пікірді кейбір қала тұрғындары да білдіріп, коронавирус инфек­ция­сының таралуын болдыр­мау мақсатында қала аумағын залал­сыз­дан­дыратын дезинфекция­лаушы қоспалардың денсаулық үшін зиянды, ол жаппай пневмо­нияның таралуына себеп болу­да деп қауіптенуде. Алайда алма­тылық дәрігерлер дезинфекция пневмонияның себебі болуы мүм­кін деген ақ­паратты жоққа шығарды. «Біз ауруханаларда инфек­ция болмауы үшін міндетті түрде дезин­фекциялық құрал­ды пай­да­ланамыз. Еденді жуатын – сани­тарлар. Жұмыс режимі аяқ­тал­ған­нан кейін кабинеттерді дезинфек­ция­лайтын – медбикелер. Пер­со­налдың барлығы бірдей пнев­мо­ниямен ауырмайды ғой. Осы дезин­фекциялық құралды 20 жылдан бері пайдаланып ке­леміз. Хлорды да. Егер персонал пневмониямен ауырса, оның кейін осы жұмысты істеуге ке­лісуі екіталай», – деді Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізмағам­бетов. Ол подъездер, лифттер, жабық ғимараттарға дезинфекция жасау керегін айтты. Себебі сөй­лесу, түшкіру кезінде бөліне­тін вирус баспалдақ тұтқаларын­да, қабырғаларда, лифт батырмала­рында қалуы мүмкін. Дәрігер-инфекционист, ви­русолог, биоқауіпсіздік бойынша маман Қарлығаш Әбдиева барлық препараттың тиісті тексеруден өткенін айтады. «Дезинфекцияның пневмония тудыруы мүмкін емес, себебі дезинфекцияға арналған барлық препараттар қаншалықты улы болатыны тексеріліп, тест жа­са­лады. COVID-19 вирусы беткі қа­батта ұзақ сақталады. Ка­надалық Pathogen Safety Data Sheets (PSDSs) зерттеулеріне сәйкес, коронавирус белгілі бір ылғалдылық пен температурада 7-9 тәулік сақталуы мүмкін. Сол себепті үстіңгі қабатты тиісті пре­паратпен дезинфекциялау вирус­тың таралуының алдын алуда қажет», – деді ол. Қарлығаш Әбдиеваның айтуынша, COVID-19 вирусы күр­делі, сөйлесу кезінде науқас адамның сілекейінен вирусы бар микротамшылар бөлінеді және олар беткі қабатта шамамен 30 минут бойы сақталады. Сон­дық­тан елде коронавирус инфек­ция­сын жұқтыру жағдайы көбейген кезде дезинфекция қажет. Бүгінде Алматыда көпшілік пайдаланатын орындарға дезин­фекция жүргізудің 28-кезеңі жүргізілуде. Кіреберістер мен аулаларға дезинфекциялық өң­деу жүргізу үшін глюзамин және акма-хлор сынды екі түрлі дезин­фекциялық құрал қолданылады. Бұлар отандық өндірістегі тек­серуден өткен, еліміздің және Кедендік одақтың санитарлық-гигиеналық талаптарына сәйкес келетін препараттар. Олар өн­дірілуіне, жүзеге асырылуы мен пайдаланылуына рұқсат етілген препараттар реестріне тіркелген. Аталған құралдар бактериялар, вирустар, қышымаларға қарсы тиімді, қауіптілігі төмен 3-топқа және қауіптілігі аз заттардың 4-тобына жатады. Тітіркендіру әрекеті жоқ және адамдар, жануар­лар мен құстар үшін зияны жоқ. Осы жұмыстарға қолданылатын қоспаларды аталған ұйымдардың арнайы дайындықтан өткен және куәлігі бар жауапты дезин­фекторлары дайындайды. Тұр­ғын үйлердің кіреберістерін, ойын алаң­дарын, көпшілік пай­да­ланатын басқа орындарды дезин­фекциялау адамдар жоқ кезде, дезинфекциялау уақытын ескертумен және қауіпсіздік шара­ларын сақтау туралы түсіндіру арқылы жүргізіледі. Қала тұрғын­дарына өңдеу жасалғаннан кейінгі 5 сағат көлемінде атал­ған орын­дарға бармау керегі ескертіледі. Акма-хлордың өзіне тән иісі бар екенін, ал глюзаминнің иісі жоқ екенін атап өткен жөн. Сол себепті акма-хлор ерітіндісін пайдаланып нысандарға өңдеу жүргізілген кезде адамдар препа­рат­тың иісін сезуі мүмкін, ал глю­замин дезинфекциялық ерітіндісін пайдалану кезінде иісін сезбейді. Иісі жоқ ерітіндіге қатысты Шым­кентте де шу шыққан еді. Қалай дегенде де адамдардың қоғамда, өз айналасында бо­лып жатқан жайтқа бейжай қара­мағаны қуантады. Осы ретте билік өкілдерінің ашық болғаны, неғұрлым жағдайды халыққа дұрыс түсіндіріп, жеткізу жайына мән бергені жөн-ау деген ой келеді.   Гүлнар     Гүлнар ТӘЖИЕВА, Алматы қаласы