Қоронавирус пандемиясы басталғалы қоғамда сан түрлі фейк ақпараттар тарады. Таратушылар да аз емес. Ұшақпен дәрі шашады, чип орнатады, Билл Гейтс ұйымдастырған іс, «қастандық теориясы» тәрізді дақпыртқа соңғы кездері қалалардағы дезинфекция шараларына қатысты ақпарат қосылды. Біреулер дезинфекция өкпені қабындырады десе, тағы біреулер дәрі орнына су шашып жатыр десті. Мұндай қауесет қазір үш мегаполисіміздің екеуіне қатысты айтылып жүр. Біздің тілшілер астарына үңілді.
Сейсенбі күні Шымкент қаласының әкімдігі тағы бір даулы мәселеге тап болды. Әлеуметтік желінің құдіреті әкімдік қызметкерлерін аяғынан тік тұрғызды. Осы жолы мәселе дезинфекцияға барып тірелді.
Өткен аптаның соңынан бері шаһардың түкпір-түкпірінде түгелдей дерлік дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Кезекті залалсыздандыру шаралары кезінде Еңбекші ауданына қарасты 18 шағынауданда көшені дәрілеп жүрген әскерилерге сол аймақтың тұрғыны Кенже Жанбуршина есімді қоғам белсендісі өзін таныстырып, дезинфекцияланған сумен бетін, көзін жуып көреді. Сөйтеді де мұның қарапайым су екенін, бет жуғанда әсері болмағанын айтып, айқайға басады. «Мына суларыңда хлордың иісі жоқ қой. Неге халықты алдап жүрсіңдер? Міне, мен бетімді де, көзімді де жуып тұрмын, дым хлордың иісі жоқ. Іш десеңдер ішіп берейін. Осы үшін мемлекеттен қаншама қаржы бөлінді, ұялмайсыңдар ма?» деп байбалам салады. Ал сол төңіректе болған, қарамағындағыларын бақылап жүрген әскери бөлім қызметкері бұл сұрақтың ешқайсысына да жауап бере алмады. Бар болғаны: «Біз әкімдік құйып берген затты сеуіп жүрміз. Мұндай мәселеге тиісті сала мамандары, басшылары жауап береді, сол жаққа хабарласыңыз», – деді.
Дәл осы көріністегі бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Әрине, мәселенің мән-жайын білмейтін, мынандай көріністі көрген кез келген адамның ашу-ызасы келері анық. Онсызда көптен бері #Әйтеновкет деген хэштекпен қала әкімінің әрбір ісінен сын іздеп жүрген әлеуметтік желі белсенділері мұны іліп алып кетті. Тіпті, қызды-қыздымен мына жағдайдан кейін өзі-ақ кетуге өтініш беретін шығар деген тұжырым шығарып қойды.
Сонымен, сол күні кешке залалсыздандыру жұмысына қатысты таралған бейнежазбаға зерделеу жұмысын жасау үшін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жазба авторы дезинфекция үшін дәрі дайындайтын өндіріс орнына барды. Мұнда Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Болат Мәлімов әлемдік тәжірибеде дәлелденген бұл қоспаны сумен араластырғанда ешқандай иіс пен дәм болмайтынын айтып өтті. Сонымен бірге адамға және өзге де тірі ағзаларға ешқандай кері әсері жоқ дәл осындай дәрілік заттың еліміздің барлық қалаларында залалсыздандыруға пайдаланатынын айтып, сертификатымен таныстырды. Мұндай қоспалар тек зиянды бактериялар мен микробтарды ғана жоюға арналған екен. Демек, адамға ешқандай зияны жоқ. Осында бұқаралық ақпарат құралдары мен билік өкілдерінің көзінше бейнежазбаны желіге жариялаған Кенже Жанбуршина дезинфекцияға арналған қоспамен тағы бір рет беті-қолын жуып, иісінің жоғына көз жеткізді. Ол мұның дәл күндізгідей су екенін растады.
Ертесіне Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Әбішев пен Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Болат Мәлімов ақпараттық-коммуникациялық орталығында Қазнетте қызу талқыға түскен бейнежазбаға қатысты сауалға жауап берді. Болат Мәлімов сірке қышқылы қоспасын көпқабатты тұрғын үй ауласына және халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға арнайы су шашатын құрылғылармен қолданылып жатқанын атап өтті. «Жұмыс концентрацияларында қолданылатын (0,001-0,03%) НУК ерітінділерінің өткір иісі жоқ, жергілікті тітіркендіргіш, сенсибилизациялайтын және кумулятивті әсері жоқ, тыныс алу органдарына травматикалық әсер етпейді. Яғни, сұйылтылған түрінде уыттылығы аз заттар болып табылады. Қазіргі таңда қаланы залалсыздандыру жұмыстарына екі түрлі қоспа қолданылуда. Атап айтқанда, гипохлоридкальций 35% (хлор) және сірке қышқылы қоспасы. Жоғарыда аталған екі қоспаның да тиісті сараптамалық қорытындысы бар», – деді ол.
Демек, бейнежазбада көрсетілген Еңбекші ауданында әскерилер жасаған залалсыздандыру жұмыстарына сірке қышқылы қоспасы қолданылған.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласында індеттің өсу динамикасы төмендеуде. Бұл – атқарылып жатқан санитарлық жұмыстың нәтижесі. Ал әлеуметтік желіде таралған бейнежазба жайында айтсам, залалсыздандыру заттарын қарапайым халық пайдалануға болмайды. Дезинфекциялық заттардың үш түрі болады. Дезинфекция микроорганизмдерге қарсы жүргізілсе, жәндіктерді жоюға дезинфекция жасалады. Үшінші түрі – дератизация. Ол кеміргіштерге қарсы қолданылады, – деді Ғ.Мотайұлы.
Сондай-ақ брифингте әлеуметтік желіде бейнежазба авторына арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілгені және дезинфекциялық заттардың сараптамалық қорытындысы бар екені айтылды.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы