«Барлық азық-түліктер жеткілікті мөлшерде берілді. Май, сүтімізден бастап күнделікті қажетті дүниенің бәрі бар. Қазір карантин уақыты, осындай көмек бізге дер кезінде жетті. Ұйымдастырушыларға шынайы рақметімді айтамын», - дейді көпбалалы ана Алтынай Беймырзанова.Қазіргі таңда Алатау ауданының 20 жанұясы азық-түлікпен қамтылып отыр. 25 келіні құрайтын азық-түлік себетінде ұн, шай, күріш, сұйық май және тағы басқа өнімдер бар. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен аталған сала қызметкерлерінің атсалысуымен «Мөлдір» қайырымдылық қоры құрылған болатын. Әлемді жайлаған пандемия кезеңіндегі сындарлы шақта көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созу мақсатында құрылған «Мөлдір» қайырымдылық қоры осымен игі шараның екінші легін жалғап отыр. Бұл шараға Мәдениет және спорт министірлігінің қызметкерлері мүмкіндігінше өз есептерінен қаржы қосты. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, мұқтаж жандарға көмек көрсету жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Олар медициналық қорғаныс құралдарын тігіп, оны қаладағы ауруханаларға тегін таратуды көздеп отыр. «Мөлдір» қорына мәдениет, спорт, туризм саласына қатысы бар азаматтар әлі де қаражат жинауда.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ