Білім және ғылым министрлігі магистратураға түсетін үміткерлерге арналған ақпаратты жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, магистратураға оқуға түсу үшін құжат қабылдау 19 шілдеде аяқталған. Биыл 38 мыңнан астам адам кешенді тестілеу тапсыруға ниет білдірді. 2019 жылы магистратураға түсуге тілек білдірушілер саны 30 579 болған еді. 13 300 азамат магистратурада еңбек нарығында сұранысқа ие бағыттар бойынша мемлекет қаражаты есебінен оқи алады.
Ал кешенді тестілеу 17 тамызда басталады. Кешенді тестілеу компьютерлік форматта болады. Әр қатысушы үшін тестілеу дербес өтеді. Тестіленушілер сұрақтарды өткізіп жіберіп, алдыңғы сұрақтарға қайта орала алады және жауап нұсқаларын өзгерте алады. Тестілеу аяқталған соң 30 минут ішінде аппеляцияға тапсыруға болады. Тестілеу уақыты - 3 сағат 55 минут, тапсырмалар саны - 130 болады. Тестілеуден өту уақыты мен орны туралы ақпарат Сіздің жеке кабинетіңізге жіберіледі (ҚР БҒМ ұлттық тестілеу орталығының сайтында).