Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, коронавирустан ажал құшқандардың жерлеу ережесі өкпе қабынуынан қайтыс болғандарға да қолданылады.
«Екеуі де – бірдей жағдай. Сондықтан емдеу шараларымен қатар басқа да прициптер сақталатын болады», – деп жауап берді Цой.
Ал Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың коронавирус індетінен қаза тапқандарды жерлеу алгоритмі нақтыланған қаулысы бар.
Аталған қаулыда COVID-19-ға күдікті адам қайтыс болғанда эпидемиологиялық тексеру және осы жағдайға байланысты басқа да іс-шаралар эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтай отырып тез арада жүргізілетіні нақты жазылған.
СОVID-19 диагнозынан қайтыс болған адамның денесі ашылмайды және туыстарына берілмейді.
Қаулы бойынша COVID-19-ға күдікті қайтыс болғанда мәйіт зертханалық зерттеу нәтижесі шыққанша туыстарына берілмейді.